Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеден келер кесел көп

Кенеден келер кесел көп

Күннің ыстығында кенеден келер қауіп көп болып тұр. Өйткені, осы кененің кесі­рінен аймақта 4 адам қаза тапты. Со­ған байланысты бүгінде өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемио­ло­гиялық ах­уа­лы өршіген.

Жазғы мезгілде қыс бойы ашыққан кенелер қорек із­дейді. Негізгі қорегі қан болғандықтан адамдарға көп қауіп төндіреді. Осы мезгілде демалысқа шыққан адамдарды улы жәндіктің шағуы тым жиілейді. Ал кене шаққанда оларды дер кезінде табу және теріден дұрыс тұмсығымен қоса алып тастау адам денсаулығы мен өмірі үшін маңызды. Сон­дықтан қазіргі уақытта демалысқа шыққанда, далада жүр­генде кенеден сақтану керек.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары облыс бойынша 33 науқас тіркеліп, оның 14-і нақтыланғанын мәлім­деді. Тиісінше тұрғындарды ба­­рын­ша сақтануға және далалық жерде абай болуға шақыр­ды.

– Қазіргі таңда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы­мен ауырып, 1 науқас ем алуда. Тиісті медициналық ем шаралары қолданылған 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды. Өкінішке қарай, өңірімізде 4 адам кененің кесірінен қаза тапты. Қайтыс болған науқастар – Қы­зылорда қаласы, Жалағаш, Шиелі аудандарының тұр­ғын­дары. Жалпы, Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басын болдырмау, алдын алу шаралары да көптеп жүргізілуде. Осы ретте тұрғындарды табиғат аясында, далалық жерлерде сақтық шараларын сақтап, кене шаққан жағдайда дәрігердің тағайындауынсыз ем жүргізбей, жедел түрде медициналық ұйымдарға қаралуға кеңес беремін, – деді об­лыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орын­басары Жангелді Мырзагелдіұлы.

Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық ба­қы­­­­лау де­партаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқа­йы­мова өңірде қолайсыз аймақтар саны артқанын жеткізді. Яғни, өткен жылы кене шағудың 238 жағдайы анықталса, биыл 601 дерегі тіркелген. Оған қоса кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары. Атап айтқанда, былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына қосылған болса, биыл олардың саны 116-ға жеткен. Маман облыс бойынша медициналық мекемелерде кене шаққан науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және тағы басқа қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті мөлшерде жасақталғанын да айтып өтті.

Дәрігерлер кене шаққанда есте сақтайтын қағидаларды ескертеді. Мәселен, улы жәндік денеге қадалып тұрса, онда терідегі кенені сықпаған жөн. Себебі, кене ішінде вирустар мен патогенді организмдер бар денедегі ашық жаралар немесе сәл тыртықтар арқылы жұғады екен. Сон­дай-ақ шағып тұрған кенені бірден жұлуға болмайды. Өйткені, жұлу кезінде кене басы теріде қалып кетеді де, улы сөлі адам ағзасына таралып, өміріне қауіп төндіреді. Ал шағып тұрған кенені алу үшін тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын то­лық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің ба­сы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өзді­гінен шығуын бақылау немесе дәрігерге қаралу қажет. Тиісінше, кенені алғаннан кейін де әркім өз денсаулығына ұқыппен қарағаны абзал. Егер ауру белгілері біліне қалған, яғни дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және әлсіздік байқалған жағдайда дәрігерге қаралуы тиіс.

– Аудан әкімінің қаулысымен іс-шара жоспары бекітілді. Сол бойынша жұмыстар жүргізіліп, биыл Конго-Қырым ге­мор­рагиялық қызбасы ауруы вирусының қоздырғышын та­сымалдайтын кенелердің анықталуына байланысты ау­дан­дағы Айдарлы, Аманкелді, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Ің­кәр­дария, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Қалжан ахун ауыл­дары қолайсыз елді мекендер қатарына жатқызылды. Қолайсыз елді мекендерге екі кезең бойынша кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімшесі тарапынан кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының тиімділігі Қоғалыкөл ауылында төмен көрсеткіште болғандығы анықталып, кенеге қарсы өңдеу жұмыстары қайта атқарылды. Жалпы, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүр­гізіп отырады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын эпидемиологиялық қадағалау, диагностикалау, емдеу, алдын алу шараларын күшейту бағытында кездесулер, семинарлар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына ма­териалдар жарияланды. Есепті кезеңде аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қатысты 2 болжамды жағдай тіркелді, оның 1 жағдайы нақтыланды, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Умирбаев.

Жоғарыда атап өткендей, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы өңірде өршіп тұр. Сондықтан табиғат аясына шыққанда мұқият болып, сақ­тық шараларына аса мән беру керек.



Ердос БЕРКІНБАЕВ
23 шілде 2022 ж. 394 0