Кенеден де қауіп көп
Әр жыл сайын көктеммен бірге аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруының эпидемиологиялық маусымы да келеді. Яғни осы кезде табиғатта кене саны тез көбейіп, олардың ішіндегі ауру тасымалдаушы кене адам денсаулығына қауіп туғызады. Осы тұста мамандар арнайы көктемгі кене улау маусымын өткізуде.
Аудан бойынша кенеден келетін қауіп көп аймақтардың қатарына Айдарлы, Аманкелді, Шіркейлі, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов, Шаған, Ақжарма, Іңкәрдария елді мекендері мен кенттің О.Мәлібаев аумағы кіреді. Биылғы залалсыздандыру науқанының бірінші кезеңі мамыр айының алғашқы он күндігінде жүргізілген. Ал екінші кезең 22 мамырда аяқталады. Арнайы кесте бойынша жұмыс жүргізіп жатқан мамандар тұрғындарға қораны уақытылы механикалық тазалаудан өткізуді сұрайды. Себебі қауіпті ауру осы ошақтардан анықталады екен.
Биылғы кенеге қарсы арнайы науқанды «Защита растений и животных» ЖШС мекемесі жүргізуде. Бригада құрамында 7 дезинфекторлық маман мен 5 автокөлік бар. Олар қорғаныс киімдерімен жасақталған. Залалсыздандыру жұмыстарын «Креолин» – Х5 проценттік ерітіндісімен жүргізуде.
Конго Қырым қанды қызбасының ушығуына және кененің көбеюіне алып келетін жағдай – елді мекендердегі антисанитарлық тазалықты сақтамаудан болып табылады. Яғни тұрмыстық қоқыстар мен қоқыс тастайтын жерлердегі жануарлардың қиларын бей-берекет тастаудан кенелер саны көбейеді. Дизенфекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты алдын ала міндетті түрде тазалау қажет.
Майя ҚОЖАБАЙ