Қызылордада блокпост маңында 2 гектар ағаш өртенді
Бүгін кешке Қызылорда қаласына кіреберістегі блокпост маңында далалы алқап өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өрт Тұңғыш Президент паркіне қарсы алқапта тұтанған. Маңайында тұрғын үйлер орналасқан.
Жергілікті «112» құтқару қызметіне хабарлама сағат 20.25 шамасында түскен. Оқиға орнына №1, 2 және 6 өрт сөндіру бөлімдерінің, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жетті.
«Жалынмен күреске барлығы 25 адам жұмылдырылды. Төтенше жағдай орнында арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелерінің мәліметі бойынша, 2 гектарға жуық алқаптағы жыңғыл, тораңғыл, жиде ағаштарына залал келген. Өрт салдарынан адам шығыны болған жоқ. Сондай-ақ, сол маңдағы тұрғын үйлерге зиян келген жоқ. Қазіргі таңда оның шығу себебі мен шығыны анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.
Мәлім етілгендей, тілсіз жаудың таралуы сағат 21.10-да тоқтатылып, 21.56-да толығымен ауыздықталды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында жыл басынан бері далалық жерде 23 өрт оқиғасы болды. Салдарынан 91 гектарға жуық алқап жарамсыз күйге түсті.