Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЙЕЛ – ШАҢЫРАҚтың ШЫРАҒДАНЫ, ҚОҒАМНЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ

ӘЙЕЛ – ШАҢЫРАҚтың ШЫРАҒДАНЫ, ҚОҒАМНЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ


Ауданда көшбасшы қыз-келіншектердің сіңірген еңбегі қашанда қоғам назарынан тыс қалған емес. Олардың аудан тарихындағы өзіндік қолтаңбалары қалыптасып, кейінгі ұрпаққа үлгі ету рухани жаңғыруымыздың негізі.
Жақында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту мен қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу шарасына ауданда өткен жылдары әртүрлі салада қызмет еткен әйел-аналар, бүгінде абыройлы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер мен жастар өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан қоғамдық бірлестік төрайымы Ұ.Жанәлиева барлық қонақтарды таныстырып, олардың өнегелі қызметіне тоқталды. Осы күнге дейін басшылық қызметте жүріп, әлі де аудан өміріне белсене араласып келе жатқан нәзік жандыларды ой бөлісуге шақырды.
Аудан әкімінің кеңесшісі Б.Өтегенова Сыр елінің абыройын асырған көшбасшы әйелдердің есімдерін атады. Өнер мен білімде, ауыл шаруашылығы, басшылық қызметте жүріп, ерлермен тең еңбек еткен апалар қаншама. Мемлекеттің саясатын жүзеге асыруда білікті де білімді, іскер аналар да баршылық.
– Ауданда білім, денсаулық саласында еңбек ететіндердің 70 пайыздан астамы қыз-келіншек. Оларды да басқаратын әйел адамдар. Сондықтан сая­­си көшбасшылық қасиеттері мен жауапкершілікті алдыңғы кезекке қоятын сырдариялық аруларды қай кезде де үлгі-өнеге етеміз. Өнер мен спортта жетістікке жетіп отырғандардың орны бір төбе,–деді Балшекер Сұлтанбекқызы.
Алма Бақтиярова, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы»: – Еткен еңбегімізді дәріптеп, барлық сый-құрметті көріп келеміз. Бұл аудандағы 51 жылғы еңбегімнің арқасы. Меніңше, қалай қызмет етсең, сондай құрмет көресің. Соңымыздан еріп осы отырған басшы қыздар келеді. Бәрінің де еңбегі елеулі, абыройлы жандар. Айтпағым, елге қызмет етуге, қоғамның ортасында жүруге жалықпаңдар. Мен Елбасымен бес рет кездестім. Мұның өзі үлкен бақыт. Адамды шыңға шығаратын – адал еңбек.
Анар Ізбасарова, ардагер-ұстаз: Қоғамның белсенді әйелдерін басын біріктіретін «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жұмысына ризамыз. Менің де зейнеткерлікке шыққаныма 23 жыл болды. Әлі де өмірге араласып келемін. Ұстаздық қызметім өз бағасын алды деп қол қусырып отырғам жоқ. Ауданның өмірі, оның жаңалықтары бей-жай қалдырмайды. Сондықтан әлі де болса пайдамызды тигізгіміз келеді.
Гүлбар Әбілова, ардагер-ұстаз: - Еңбек жолымызды тәлімгерліктен бастадық. Оқушы кезіміздегі белсенділік кейін ұстаз атанғанымызда қалған жоқ. Уақытпен санаспай үйде – әйел, балаларға –ана, қызметте – ағартушы ұстаз болып елдің баласын тәрбиеледік. Қазір оқушыларым төбемді көрсе, алдымнан кесіп өтпейді. Қандай жұмыс тапсырылса да жауапкершілікті сезініп, нәтижесінде абыройға бөлендік.
Самайларын ақ күміс шалса да өздерінің әдемі келбетінен таймаған әйел-аналардың өнегелі өмірі шын мәнінде үлгі боларлықтай. Қоғамдық бірлестіктің кезекті кездесу кешіне алғаш қатысып, құрметті қонақ болған ақын Асылзат Арыстанбектің есімі көпшілікке таныс. Оқырмандарымыз ақынмен болған сұқбатты газетіміздің осы жылғы 7 наурыздағы №19 санынан оқып танысқан болар.
Ақын қыз өз өмірінде қиындықтармен бетпе-бет келгенімен оның бәріне қайсар мінезімен қарсы тұра білді. 25 жылдай сыртта жүріп, туған елге оралған Асылзат бүгінде ата-ененің бабын тапқан келін, перзенттерінің анасы, сүйікті жар. Оның қалаған мамандығы қаламгерлік болса да, екі кітапты дүниеге әкеліп, мүлдем өзге салаға бет бұрды. Өз қолынан шыққан әшекей-бұйымдарын сататын дүкен ашып, кәсіпкер атанған.
«Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Президент шәкіртақысының иегері бүгінде «Он-лайн» клуб ашып, өмірден теперіш көрген қыз-келіншектерге кеңес береді. Ақын қыз шығармашылығынан өлең оқып, қошеметке кенелді. Оның арман-мақсаттарының орындалуына тілектестіктерін білдірді. Кездесуді қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова аудандағы үкіметтік емес ұйымдарының жұмысына, оның ішінде шараны ұйымдастырушы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұ.Жанәлиеваның белсенділігін ерекше атап өтті.
– 2011 жылы ауданда 7 ҮЕҰ бар болса, қазір олардың саны 25-ке жетті. Барлық ұйымдарға қолдау негізінде бір ғимаратқа топтастырылып, жағдайлары жасалды. Бұл Елбасының берген тапсырмасының жемісі. Жалпы билік пен халық арасындағы алтын көпір,–деді Әлимаш Залқызы.
Қашанда қоғам өміріне белсене араласатын көшбасшы әйел-аналарды қолдау үрдісі бар бізде. Сондықтан болар бала тәрбиесінен бастап, елімізді дамытудың барлық саласында көш ілгеріміз. Мұны жоққа шығаруға болмас. Қыз-келіншектердің басын қосқан кездесуде осыны анық аңғардық.

Б.ЖАНӘЛІ

31 мамыр 2018 ж. 1 090 0