Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕМЕЛ ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ – БІЛІМДІ ЖАСТАР

КЕМЕЛ ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ – БІЛІМДІ ЖАСТАР


Жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан әрбір жастың көкейінде белгілі дәрежеде жетістікке жетсем деген алға қойған мақсаты болады. Өркениет көшіне ілескен елдің жарқын саясатының негізгі тетігі келешек кәсіби тұрғыдан жетілген кадрдың сапалы білім алуына жағдай жасау. Ғасырлар бойы көксеген бабалар аманатын жарыққа шығару ақыл-ойы толысқан кез келген азаматтың еншісінде. Оның ішінде адам санасын ағартушы педагог қоғам өмірінің қозғаушы күші екені мәлім. Әрбір ұстаздың ізденіс үстінде жүріп, мамандығының қыр-сырын игеру жолында еңбек етуі кәсіби біліктілікті қажет етеді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында биылғы жылды жастарға арнауды ұсынған болатын. Осы ретте аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде «Білімді жастар – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында аудандық жас педагогтар форумы өткізілді.
Дәліз бойында бір-бірімен пікір алмасқан жастардың қарасы көп. Арнайы көрме барысында аудан мектептерінде жұмыс жасайтын жас ұстаздардың жыл бойына жеткен жетістігі мен толағай табысы арнайы стенділерде көрініс тапқан. Түрлі аудандық, облыстық деңгейдегі байқаудың жеңімпаздары өздерінің қолынан шыққан туындыларын көпшілікке таныстырды. Жас педагогтардың қолөнер туындылары көркемдік жағынан жиналғандардан оң бағасын алды. Ал, жаңа технологияның озық үлгісін меңгерген жастардың еңбектері жұртшылық таңданысын тудырды. Өздігінен басқарылатын технология мүмкіншілігі жұмыстың оңтайлы болуына бірден-бір себепкер. Қазіргі таңда жүзеге асатын жаңа форматтағы техника тілін игеру жолында талапты жастың ынтасы зор.

Форумның алғашқы бөлімінде қонақтар мен қатысушылар арнайы екі топқа бөлініп, семинар-тренингке қатысты. «Кәсіпкер жастар – тәуелсіз елдің болашағы» тақырыбындағы тренингте №42 мектеп-лицейінің жас мұғалімі Гүлзат Абдрасилова қатысушыларды кәсіп ашуға бейімдігі мен қабілетін ашудағы ойларымен бөлісті . Еркін форматтағы өзара тәжірибе алмасу алаңы көпшілік көңілінен шықты. Белгіленген уақыттың аясында кәсіп ашудағы негізгі міндет пен қағиданы ұғынған көпшілік бірбіріне нұсқаулық ұсынды. №132 орта мектебінің мұғалімі Гүлзат Аманкелдиеваның «Жастар жарқырайды» семинар тренингінде белсенді жастар кәсіби тұрғыдан өзіне қажетті мағлұматты ала білді. Жастар жылына байланысты өз ойларын ортаға салған жас маман белсенді болудың басты қағидатын ұғынғандай болды.
Негізгі бөлімнің басталар сәтінде тренингтен алған әсерін жарыса айтқан ұстаздар қуанышында шек болған жоқ. Үлкен серпіліс сыйлаған шараның маңыздылығы жоғары екенін осыдан байқадық. Жиналған көпшілік көрермендер залына жайғасқан уақытта кенеттен залдың жарығы өшіріліп, айналада тыныштық орнады. Сахна төріне ақ мата ілініп, сәулелі жарықтың түсуімен Қазақстанның қазіргі жетістіктері мен басым-бағыттары бейнеленді. Сонымен бірге жастарға мол мүмкіндік туғы­затын мемлекеттік бағдарламалардың артықшылығы жайлы айтылды. Шара шымыл­­­­­дығын аудан педагогтары жастарға арналған қанатты сөздермен ашып, болашақтың іргесін жұдырықтай жұмылған жастар қалайтындығын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сөз алып, айтулы жылда аудан педагогтары жарқын белесті бағындыруда белсенді жұмыс атқаратындығын атап өтті. Сонымен қатар білім саласының бүгінгі жайкүйі тұрғысында айтты. Өз кезегінде өткен жылды табысты қорытындылаған бірқатар жас педагогтарды марапаттап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті төрайымының орынбасары Гүлнар Есқалиева облыс көлемінде ұстаздардың әлеуетін көтеру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауданда білім беру саласының шығармашылық істерімен қатар, өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар жас ұстаздар отбастарына облыстық кәсіподақ комитеті атынан Астана қаласына туристік саяхатқа жолдама берді. Шара барысында ұстаздар арасында өткізілген үгіт бригадалардың облыстық байқауының жеңімпазы №131Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің жас ұстаздарынан құралған «Кемел болашақ» тобы өнер көрсетті. Білім қызметкерлері арасында өзіндік белсенділігімен көзге түскен жас ұстаздар сөз сөйледі. Мерекелік шарада жас өнерпаз жастар ән айтып, би биледі. Аталған шараға Қызылорда қаласынан және Жалағаш ауданынан арнайы қонақтар қатысты.

Б.ОРДАБЕКОВ
03 наурыз 2019 ж. 1 414 0