Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚТАН ДА, ОТТАН ДА ОСЫЛАР ҮШІН АМАН ҚАЛҒАНБЫЗ

ОҚТАН ДА, ОТТАН ДА ОСЫЛАР ҮШІН АМАН ҚАЛҒАНБЫЗ

Басың жерге жеткенше сыйлап өтетін, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, тіпті сенің өмірбаяныңның бір парасына айналған жандар туралы толғанғаныңда, неге екені белгісіз, жадыңда жатталып қалған ұмытылмас сәттерден гөрі, есіңе ең алғаш танысқан күндердің түсетіні несі екен? Әлде ақиретте оқылатын амал дәптеріңе жазылған азат жолдан басталған ұ-ұ-з-а-а-қ сөйлемнің оқшау көрініп тұруы үшін бе? Біздің отбасымыздың тағдыр-талайында айрықша орны бар Асановтар әулетімен әдепкі араласуымыз күні кешегідей көз алдымда тұр.
1970 жылы жұмыс бабымен Тереңөзек ауданына көшіп келгенімізде, Қажыман ағай мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінің директоры, Зағипа апамыз сауда саласында қызмет істейді екен. Бала-шағасы әлі жас. 1972 жылы аудандағы жалғыз балалар мекемесі - №1 балабақшаның меңгерушілігіне тағайындалдым. Тәрбиеші-қызметшілерді былай қойғанда, мұнда 320 балдырған тәрбиеленеді. Қай нәрсенің де қат кезі. Балалардың күнделікті тамағынан бастап, шаруашылық қажеттері, коммуналдық қызмет шығындары, ағаш-тасы, ойын құралдарына дейін мұқият қадағалауың керек. Беліңнен кешкен бейнетіңнің зейнеті тізеңе жетпейді. Осы кезеңде Қажыман ағамның қамқорлығын көп көрдім. Жүзінен нұр төгіліп тұратын аса мейірімді, жүрегі жылы, пейілі кең аға қарамағындағы қызметкерлеріне балабақшаның қажетін құрайтын қаржыны, тәрбиешілердің жалақысын уақытында аударылуын қатаң тапсыратын және оны өзі ұдайы назарында ұстайтын. Бұл, әрине, біз үшін үлкен көмек. Себебі, қазіргідей емес, ол кезде бүкіл аймақта мемлекеттік банктің бөлімшелері ғана жұмыс істеп, айналыстағы алыс-беріс қаржы сонда шоғырланатын. Сондықтан есеп-қисапты реттеп, сұраныстарды өтеу оңай шаруа болмайтын. Кезек күту – қиямет-қайым. Бірақ Қажыман аға басқарған банк ұжымы басшының өзіндей, ұсынақты, ұқыпты, іскер жандар ғой, аудандағы қаржы іркілісін туғызбай, мекеме, шаруашылық, кәсіпорындардың қаржыларын үнемі дер уақытында аударып, қабылдап отыратын.
«Бала – біздің болашағымыз, олардың қабағына кірбің түспеуі, аға буынның басынан кешкен қиындықтарды көрмеуі керек. Оқтан да, оттан да осылар үшін аман қалғанбыз. Тамағы тоқ, көйлегі көк ұрпақ ертең бізді ұшпаққа шығарады» деген ағаның сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып тұрғандай.
Ағаның сөзін арқаланып, балабақша қаржысын елден бұрын алып, үн-түнсіз шаруамды бітіріп жүремін. Тумысынан балажан, біреудің бетіне жел боп тимейтін Қажекеңе қызметім ұнаған болуы керек, бір күні шақырып алып:
– Мәдина қарындасым, бір шаруаға байланысты өзіңмен ақылдасқалы отырмын,- деді. – Көптен байқап жүрмін, сен бүлдіршіндерді тәрбиелеп қана қоймай, айналаңа жарық төгіп жүретін жан екенсің. Менің үлкен қызым Фатиманы қарамағыңа алып, тәрбие ісінің қыры мен сырын үйретсең. Баламен айналысқан адамның жүрегі жылы, көңілі көркем болады. Алдағы өміріне үлкен септігі тиеді.
– Ағаның тұңғышына қызмет таба алмай емес, мені жақын тұтып, туысқанындай көріп, сенім артып отырғанын сезіп:
– Апалы-сіңілідей болып, бірге еңбек етіп жүрсек, қане,-деп қостай кеттім.
Алдына жұмыс барысымен барсам, «балаларыңның жағдайы қалай, қарындары ашып қалған жоқ па? Біздің Фатима жұмысын дұрыс атқарып жүр ме?- деп сұрап қоятын. – Балабақшаның шешілмей жатқан мәселесі болса айтып қой. Мен банкир ғана емес, аудандық партия комитетінің бюро мүшесімін ғой»...
Обалына не керек, Қажекеңнің қапысыз қолдауын сезіндім бе, алғаусыз сенімін арқа тұттым ба, жұмысқа бұрынғыдан да әбжіл кірісетінмін. Текті әулеттің тұяғы емес пе, Фатима да қызметін тез меңгеріп, әріптестерінің құрметіне бөленді. Кейін үйлі – баранды болып, басқа жұмысқа ауысса да, бір үйдің қыздарындай қаумаласып, қауышып тұрдық. Әттең... өмірі қысқа болды. Мезгілсіз көз жұмды, жатқан жері жайлы болғыр жарықтықтың.
Қажыман ағам жайлы ой тербеткенде, Зағипа апамды қалай айналып өтейін. Отағасының отанын бағып, түтінін түзу ұшырып, етегіне оралған бала-шағаның амандығын тілеп, азаматтың ат үстінен түспей еңбек етуіне жағдай жасаған адам болса, ол – Зағипа апам! Алғашқы таныстықтан соң-ақ тонның ішкі бауындай жандасып кеткен жайсаң жанның талай жақсылығын көрдік. Біздің үйдің отағасы оны «апа» дейтін, себебі рулас ағайындығы бар. Көңілі кемел, мейірімі мол, сыйластыққа берік, алды кең апаммен, жас айырмашылығына қарамастан, сырлас құрбы боп алдым. Аяқ-табақ араластырып, қуаныш – қызықтарды бірге бөлісеміз. Той-томалаққа толықсып бірге барамыз. Ер-азаматтар шаруасына жөн-жосықсыз араласпаймыз, олардың қабағы ашық болса, дүниенің түгел болғаны...
Қажыман ағадай алтын азаматқа жар болған Зәкең балалар тәрбиесіне қатты қарайтын. Аналық мейірімін өлшеусіз төге отырып, ұл-қыздарын артық еркелетуден бойын аулақ ұстайтын. Бар жердің балаларының сәл-пәл «еркіндеу» келетіні рас қой, бірақ Асановтар отбасында одағай-оқшау даңғазалықтың дымы да білінбейтін. Аудан орталығында өссе де, Жақыбы ауылдың баласындай жаратылысқа, табиғатқа өте жақын болды. Үй құстарын асырап, солардың тіршіліктерін ұзақты күн қызықтайтын. Табиғи құбылыстарды жан-дүниесімен ұғып өскен баланың зердесі ашық, ұғымтал, білімпаз, еңбеккеш келетін әдеті ғой, Жақып мектепте зерек оқыды, ҚазМу-дың заң факультетін үздік бітіріп, өмірдің сабағын ерек тоқыды. Қажекең мен Зәкеңнің кейінгі балалары – Серік, Еркін, Галя мен мектепте ұстаздық етіп жүргенде оқушыларым болды. Галя кейін ағылшын пәнінің мұғалімі болып келіп, бірге қызмет істедік.
1981 жылдың қаңтар айында Сыр бойының сындарлы азаматы, банк ісінің үздігі, ең бастысы менің аяулы ағатайым Қажыман Асанұлы жүрек талмасынан мезгілсіз қайтыс болды, небәрі 56 жаста еді... 18 жасында қолына қару алып, қан майданға аттанып, жаумен жағаласқан, қаршадайынан бейнеттің тертесіне жегіліп, халық шаруашылығының сан-саласына араласқан, саналы ғұмырын банк-қаржы жүйесін өркендетуге арнаған азаматтың қайғысы, жақын-жуық түгілі, оны танып-білген тереңөзектіктердің де қабырғасын қайыстырғаны рас. Себебі, жақсы адам – жалпыға ортақ қой!
«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп ақын айтпақшы, Қажекең өмірден ертерек өткенімен, ошағының шоғы селдіреген жоқ. Зағипа апамыз ағаның өзінен айнымайтын ұл-қыздарына тәлімді тәрбие беріп, оқытты, тоқытты, жетілдірді, жеткізді. Қазір қай қайсысы да абыройдың арғымағына мінген азаматтар. Зағипа апам ағам көрмеген қызықты көріп, келін түсірді, қыз ұзатты, немерелерінің бал қылықтарын қызықтады.
Біз, баяғы берік дәстүріміз бойынша, өмір бойы сыйласып тұрдық. Балаларымыз ер жеткен соң Тереңөзектен Алматыға табанымызды бірге көтердік. Жетісу жерінде де, Зағипа апам өмірден өткенше, жарық жалғанның жарқын сәттерін бірге көрдік. Біздің мызғымас достығымыз ұрпағымызға үлгі болды. Ұлғайған шағымызда Қажекеңнің балалары, жұптары жазылмасын деп, демалыс орындарына – Сарыағашқа, Меркеге жолдаманы бірдей алып беретін. Сол күндерді қалай ұмытарсың!
Міне, жүрегімізде жарқын да жалынды бейнесімен сақталған, көзіміздің қарашығынан ұзамаған Қажыман ағамыз биыл 95 жасқа толып отыр. Ғасырға қарыс қадам... Көңілден көшпейтін жайсаңдар-ай, жадымның саңылауынан сағынышпен қарап тұрсыңдар сендер... Тұра беріңдерші...

Мәдина Есетова,
ағарту саласының ардагері
13 тамыз 2019 ж. 344 0