Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЫЛҚАУДЫҢ ШАҒЫМЫ

МЫЛҚАУДЫҢ ШАҒЫМЫ

Аңғалдық пен адалдықты серік еткен ол көпшіліктің айтқанына дереу көндіге кетеді. Пейіліне берген жақсылығының арқасында ел арасында елгезек атанып, бар істің басы-қасынан табылады. Өзекті өртеген Тәңір сыйына төтеп беремін деп жүріп, бейнетпен есейгенін де білмей қалды. Күн ұзаққа дамыл таппайды. Мойнына алған істі бітірмейінше демалыс дегенді ұмытады. Ауыл баласының жанкештілігіне қайран қалатыны сон­шалық көрген адамның бойында бір түрлі аяушылық сезім пайда болады. Іштей тынып, төзіммен арпалысқанда жалғыз өзі айналасынан оқшауланып томаға-тұйық ойға батады. Үнсіздікпен үзіле қараған жанарында толассыз толғандырған тол­қыныс жатыр. Бұған жұрт секілді емен-жарқын дидарласу бақыты бұйырмаған. Тек іштегі сыры бір өзіне аян. Жаратылысынан сөйлеудің не екенін білмейтін жігіт кейде өмірдің кемшіл тұсына базынасын айтқысы келеді. Алғашында қаумалаған халыққа қызыға қарайтын оның болмысы ұяндыққа бой алдырды. Себепте жоқ емес. Айналасындағылар мүсіркей қарайтындай көрінеді. Туғанынан ол сөйлеу қабілетінен айырылған. Ақиқатында кәдімгі мылқау.
Пәс көңілдің қараңғылығына жарық сәуле құятын адам түйсігіндегі үзілмейтін үміт. Әкесіне тартқан оның кескін-келбеті әлсіз кейіпке енуге жол бермейді. Қайта тылсым күшті бойына құт санап, сынақтан сүрінбей өтуге талпынады. Оның жапандағы жалғыз сырласы жазық дала. Кейде таңғы таза ауамен қыр басына шығып, өздігінен айқайлағысы келіп кетеді. Бірақ болар-болмас сыртқа естілетін дауысын естір құлақ табылмайды. Жерді сабалап, мұңды үнмен алысқа көз тігеді. Шіркін, жабырқау жан­ның мұқтажына шын күйінетін пенде болмағаны ма?! Қалам мен қағаздан басқа түйсігімдегіні ұғатын адам баласы жоқ. Адамның жүрегі көтере алмайтын небір сөздің құдіреті бір жапырақ қағаз бетіне түскені қандай ғажап! Даланың кеңдігін не қылайын, маған келгенде таршылық еткен бір кем дүние. Жастықтың аты арындаған сәтте тас қияға өрлей алмасам өкінішті. Шүкір, еңбексіз мал дәметкен емеспін. Аяқ-қолым сау тұрғанда бағындырар белесім көп болмақ. Әшейінде қырандай қалықтап көк аспанда қанат қаққым келеді. Надандық нан таптырмайды білем. Үйдегі қара кемпірдің көз қуанышы мен. Әкем алғаш бала күнімде дәрігердің ақтық шешімін естігенде сары уайымға салынбады. Сыртқа сыр білдірмеді. Жүзінен байқағаным, айрықша күрсініс, зіл батпаң еңсесін басқан мұң. Бастысы, перзентінің ақыл-есі дұрыс.
Қатарластарым оқуға бара жатқанда ауыл іргесіндегі төмпешікте қызыға қарап отыратынмын. Алдымен оқушының барлығы дүкенге соғып, балмұздақ алады. Одан кейін сөмкесін арқалаған күйі мектепке қарай бет алады. Қоңырау ұрылған сәтте жамыраған топ бала жүгіріп ішке кіреді. Аздаған уақыт ішінде айнала жым-жырт, тып-тыныш болып қалады. Күннен қалқалап тұратын шәпкамды киіп алып, отырған орнымда мен қаламын. Сондағы бар арманым жүздеген баламен қатар партада отыру еді. Бір күні әкем қалаға кеткен болатын. Сырттай оқушыларға қызығанытынымды аңғарса керекті. Дүкеннен оқулық пен дәптер, қаламсап әкеліп берді. Ал менің қуанышымда шек жоқ. Осылайша анамның нұсқауымен ең бірінші хат таныдым. Жазуға құмар болдым. Күн сайын сөйлей алмасам да ой-өрісімді кеңейттім. Екі жақты демеудің нә­ти­жесінде менде жұрттың баласы секіл­ді есейдім.
Топырақ тау болмайтындай, қанша оқысам да сөйлеп кетпейтінімді білгенмін. Судың тазалығын жай ағып жатқанда сезіне алмайсың, дәм татып қана сезінесін. Ақиқаттың алдаспаны керек жерде оң­тай­­лы пайдалана қоятын тазалықтан құ­ралған әділдік. Мен сол бір дүниені іздеу­­мен шаршадым. Қанша байлықты жиған сайын керегіңе жетпей жатады. На­ғыз байлық адамның бойындағы сау мү­ше. Екі аяқты пенденің барары қара жер. Өшпенділік пен ызақорлықтан пайда келетін болса, қатегез адамның дәурені жүретін еді. Әкемнің ақылы: кем-кетігіңді білдірмейтіндей саналы адам бол. Анамның бар амалы құрсағынан жарып шыққан баласын үп еткен желден қорғау. Есейгенде адамға керегі алдымен мызғымас мықтылық екен. Мылқаудың арманы – серігіне ең алдымен сәлем деп айтқысы келетіні. Маңғазданған кез келгеннің ішінде біз туралы селқос ойдың туындауы бек мүмкін. Кереңнің айтқанын мен естірмін. Бірақ ол менің жауап қайтқанымды күтеді. Егіз ұғымның шейленіскен шегі бір-бірімізді қадірлеу екені рас. Біреудің маған ақымақ көзбен қарағаны түк те әсер етпейді. Ол түйсігінінің төмендігіне кінәлі емес. Тек оның шынайы болмысын суреттеп айтып бере алмаған мен жазықтымын. Қанжардың адамға қауіптілігі аз, оны іске пайдаланатын адамның ойы қатерлі. Кейде үйден безіп кетіп қалғанда бір жақты мәселені місе тұтатыныма қайран қаламын. Жалғыздық жан рахатқа бөлейтін секілді. Сонда деймін-ау үйдегі қарияның хәлін ұға алмауым әбестік емес пе? Мүмкін емес нәрсенің болмауы бізге қаратып айтылғандай. Мәңгілік қалағанынша үн қата алмау – Тәңірдің дегені.
Шеше үшін өмірінде баласынан «ана» деген сөзді ести алмау қасірет. Аянышты әрине. Шынайы достың қандай боларын білгіңіз келсе, мен секілді қиындыққа тап болыңыз. Өздігінен жақын жандар ғайыптан жоғалады. Жамандық қайдан туарын білмейсіз. Қатерлі сынақтан өтудің амалы өткеніне қарайламай алға ұмтылу. Әлгіндегі ойлардың жетегінде келе жатқан бетім. Көшенің арғы бетінен екі әйелге көзім түсті. Мен туралы айтып тұрған секілді. Бәлкім, ел аузында жүру де ғанибет шығар. Жалғыз арманым –тілімді түсене алмаса да, жан дүниемді ұғатын адал сыңарымды кезіктіру. Кім маған қызын бере қойсын. Дегенмен, әке-шешеме келін керек. Кешқұрым уақыт. Құстар әндетеді. Үйдің терезесі ашық. Кенет менің де әндеткім келіп кетті. Әттең, бәрі бекер... Қайта орныма бүк түсіп жата қалдым.
Өмір – адамның қожайыны. Қай кезде де біз оған бағынамыз. Бәлкім, алдағы күндері болжаған нәрсенің барлығы орын алар. Тек тіл қатуға мұршам келмес. Тауды қопар десе шамам жетер, ал көмейде қыстырылған сөзді шығыру әсте мүмкін емес...

Балтабай ОРДАБЕКОВ
30 шілде 2019 ж. 652 0