Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

ӨГЕЙ ӨМІР


Терезе жақтауына сүйеніп, түнгі аспанға көз салған қыз терең ойға беріліп кеткен, көзінде мұң, бар. Кеудесін сағыныш кернеді ме, терең демалып, күрсінді. Төңіректі қараңғылық басқан уақытта қолына күнделігін алып, қойын дәптерге бар сырын ақтаруға кіріскен. Бір мезет осыған дейінгі, нақ бүгінгі тіршілігін ой таразысынан өткізіп, өткен күндерін еске алып, алдағы кезеңдерін болжауға кірісті. Жансыз, дегенмен адамға бірден-бір жол нұсқаушы күнделік беттері шимайланған жазуларға толы. Жазғандары боямасыз шындықтан тұратын бейнелі сәттер қыз жүрегін ауырт­­пасына кім кепіл?! Ескірген парақтарды ақтарған ол өткен шақтарына қайта оралды.
Қиындық адам басына кез-келген уақытта тап келетін Тәңірдің тосын сынағы іспетті. Сағат тілімен қатар зырғыған тоқтаусыз өмір алдамшы мезеттерге ерік беріп, тағдыр сынағына адам баласын жығып береді. Осындай ауыртпалық Айнаны да тағдыр талайының сүрлеу жолына салды да жіберді...
Көктем айының соңғы күндері. Егістік басында дихан мен механизаторлар күріш дәнін сеуіп, су келетін жаптарының құлағын ашып, қарбалас тірлік басталып кеткен. Кетпендерін иыққа салған ерлі-зайыптылар шаршағанды мүлде ұмытқан. Бірі кенерінен асқан атыз суын тоқтату үшін сағаға қарай аяңдаса, енді бірі кетпенді құлаштай сермеп, кешегі бөгетті бүгін қайта көтеріп жатыр. Таң атқаннан осы. Отағасы сағатқа қарады. Түскі ас-аухат ішетін уақыт болғанын айтып, өзі отыратын жерді ыңғайлай бастады. Отағасының қас-қабағына қараған жас келіншек ерінің ішіне ел қонды-ау деді ме, аяғының ауырлығын айтты. Бұл жаңалық бұлар отау құрғаннан бергі асыға күтіп жүрген жәйт. Қайраттың қуанышында шек жоқ. Ол жақын отырған келіншегін тік көтеріп алды да, айнала жөнелді. Іштегі нәресте күн санап өскен сайын, келіншектің отырып-тұруы қиындаған. Келіншегіне жұмысқа барма десе де күріштікке еріп барып жүреді. Қол-аяғы ісіп, өңі қашқан.
Әйел босануға таянғанда сырқаты күшейіп, ерте босандыруға тура келді. Қуаныш артын өкініш жалғап, бала үстінде ана жүрегі шыдас бермеді. Жарық дүние есігін қыз бала айқара ашқанымен жас ана жан тәсілім етті. Қайрат әйелінен айырылғанына сенер-сенбесін білмей ұзақ тұрды. Өкініш өзегін өртеді. Жастайынан қалап алған жары сұм ажалды жеңе алмастан қыршыннан қиылды. Оның ендігі жұбанышы қызы. Ол қызын Айна деп атады. Себебі, жары «қыз тусам атын Айна қоямын», – деп жиі айтушы еді.
Нәрестені Қайраттың жақын апасы қарап, күтімін өз қолына алған. Ана орнына ана болып, кішкене сәбиге бар мейірімін төкті. Келіншегі кеткеннен кейін күйік шырмауынан шыға алмаған жігіт уайымға әбден берілді. Кенеттен жүрек талмасына ұшырап, бұл да мәңгілікке аттанды. Бірінің соңынан бірі бақилыққа аттанған қос мұңлықтың соңында бейкүнә сәби қалды. Арада жылдар жылжып өтті. Апасына еркелей қараған періште қылық шығарып, өзі еңбектей бастады. Тілі былдырлап шыға бастаған алғашқы кезде «апа» деп айтқаны жүректі елжіретеді. Тәй-тәй басқанына қызғана қарайтындар кейде «басыңа бейнет тілеп қайтесің, балалар үйіне өткіз» – дейтіндер көбейді. «Оған қарағанша өзіңді күт» дегендер сөзін елемей Айнаға бар өмірін арнауға бекінді қарт ана. Әр адамның жер басып, өмір сүруге құқығы бар. Дегенмен, есейген шағында Айна бар шындықты апасынан естіп білді. Бар жағдайға қаныққан бойжеткен тағдыр сыйының мұндай боларын бәлкім ойламаған да болар. Бірақ, талай рет аулада ойнап жүріп, ата-анасымен жүрген балаларға қызыға қарайтын. «Менің әкем қайда?» – деп сұрауға батылы бармайтын, әйтеуір реті келер деген үміт жетегінде жүрді. Бірақ, шындық ашылды. Оны айдаладағы біреу емес, өзінің анам деп жүрген апасы айтып берді. Өзін жылдар бойы мазалаған сұрақтың жауабын тапқанына бойы сәл де болса жеңілдегендей. Мектеп бітірісімен апасының рұқсатымен, қалаға оқуға аттанды. Қызына деп жинаған қаражатына уақытша пәтер жалдап, Күләш кемпір көзінің қарашығын сонда орналастырады. Мұндағы тіршілікке бойы үйрене қоймаған апасы ауылына қайтты. Емтиханнан сәтті өткен Айна қалаған мамандығы бойынша студент атанды. Екі бөлмелі пәтерде өзі секілді Сезім деген бойжеткенмен бірге тұрады. Сезім де ауылдан келген, жайдарлы мінезді, ашық жарқын бойжеткен. Қалаға өз мамандығы бойынша жұмыс жасауға жақында келген. Бір үйде тұруға уағдаласқан қыздар сол күннен бастап тіл табысып кетті. Айна азанымен сабағына барса, Сезім кешке дейін жұмыста болады. Осылайша бірінші семестр аяқталып қалды. Апасы қалдырған ақшасы да түгесілуге таяу. Ортақ дүниелеріне ақша шығарып, ай сайын керектерін алады. Сезімге масыл болмау мақсатында кейде түнгі уақытта мейрамханаларда ыдыс жуып, табыс табады. Бұрын апасының арқасында жоқшылықты сезбеген Айна таршылық қыспағынан шығу үшін оқуын сырттайға ауыстырғысы келген. Кейде бәрін тастап ауылға барсам ба деп те ойлайды.Бірақ «дизайнер болам» – деген арманын орта жолда үзгісі де келмейді. Сондықтан өз-өзін қайрап-ақ жүр. Жұмыстан қалт еткенде шүберек атаулыға қолы тисе болды, ою-өрнектерге жан бітіреді. Алғашқы туындыларын дүкендерге сатып, санаулы тиындарды қанағат тұтады.
Бірде ойында ештеңе жоқ, Айна қараңғы көшелердің бірімен келе жатқан. Алдынан арсылдаған қабаған иттер шыға келмесі бар ма? Алды-артына қарамастан жүгірген қыз тайғанақтап, мұз үстіне шалқалай құлады. Қолындағы заттары шашылып қалған, өзінің тізесі қанаған, қолдары жырым-жырым. Иттер жақындаған сайын «біткен жерім осы» – деп ойлады. Ол қос қолымен басын бүркемелеп, бүк түскен күйі отырып қалған. Иттердің қыңсылаған үні естілгендей болды. Кенет дәл қасынан «тұрыңыз, қорықпаңыз» – деген дауысты естіді. Жүруге шамасы келмеген оны бейтаныс жігіт үйіне дейін жеткізіп салды. Осы оқиға болған күннің ертесіне бойжеткен жұмыстан тағы кеш шықты. Кешегіден кейін әр нәрсеге үркіп қарайтын болған. Дауыс шыға қалса, шошына қарайды. Әр қадамын санап, сақтықпен келе жатқанда таныс бейне көше басынан көрінді. Ашық-жарқын, адаммен тез тіл табысатын бойжеткен жігітке қараған күйі абдырап қалды. Дереу есін жиып алған Айна:
– Осы , сіз, түн сақшысына айналғансыз ба?,– деді бір жағы әзілдеп.
– Жо-жоқ. Жігіт сабырлы жауап қатты.
– Байқаймын, сыртымнан бақылап жүрген сияқтысыз ғой.
– Жәй өтіп бара жатып, жолыққан шығармын. Дегенмен, кешегі иттер бүгін қумасына кім кепіл?! – Жігіт те күлімсірей жақындап келіп, амандасып,
– Менің есімім Ғафур,– деді.
– Айна.
Екеуі бір сәт үнсіз қалды. Үнсіздікті Айнаның өзі бұзды.
– Сол күні сіз болмағанда мен не істер едім? Күнде алдымнан құрбым шығатын. Бір күні жақсылығыңыздың есесін қайтарармын,– деп жігіттің жүзіне ұрлана қарады.
– Онда құрбыңыздың орнына мен күтіп алайын, – деп жігіт те қуақылана жымиып.
Осылайша екі жастың әңгімелері жарасып, үйге қалай жеткендерін де сезбей қалды. Күндіз сабақ, түнде жұмыс деп қалжыраған қызға демеу болатындай адам табылды. Бұрын үйге асықпайтын Айна, өзін біреу күтіп тұрғандай асығатын болды. Ендігі жерде Ғафурдың тілегіне құлақ асатын болса, өгейсіген өміріне өзгеше жаңалық енбек. Әр кеш сайын жолығатын екі жас ұзақ серуен құрып, бірін-бірі қимай қоштасады. Бұған дейінгі өткен өмірін Ғафурға еш бүкпесіз айтқанда жігіт ендігі жерде жалғыз қалдырмайтынын жеткізген. Не көрсек те бірге көреміз деп шешкен. Айна елдегі апасын сағынғанда хат жазып, болған жайдың бәрін бүкпесіз баяндап берді. Өзін аялап өсірген апасының разылығын алған соң, жиырма екіге келген туған күнін тойламақ болған жастар сауық кешін ұйымдастырды. Осы кеште мәңгілік болуға уағдаласты. Жігіт те, қыз да ата-аналарының рұқсатымен үйленетін күндерін де белгілеп қойды.
Айна бүгін ерекше қуанышты. Күні ертең жалғыздықпен қош айтысып, Ғафур екеуі жаңа өмірге қадам баспақ. Ол жұлдыздарға қарап тұрып: «Мен бақыттымын» – деп айғайлағысы келді. Ол шынында да бақытты еді.
Б.ОРДАБЕКОВ
31 мамыр 2018 ж. 963 0