Желдей ескен жануар
Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түп-тамырымызды білудің, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, жаңғыру жолында жаңа қадамдар жасаудың маңызы жайлы баса айтылған. Әсіресе көшпенді тегіміздің, соның ішінде өзімізге етене жақын бірегей қырымыз – «Атқа міну мәдениетімен» басталған мақала бізді қуантты. Себебі қазақ халқының басынан өткізген барлық тарихи тұрмыс-тіршілігі және шаруашылығы тікелей жылқы жануарының тарихымен әрі тамырласып, әрі тағдырласып жатқандығы белгілі. Басқа түліктермен салыстырғанда жылқының алатын орны ерекше. Сондықтан да ата-бабаларымыз жылқыны «мал» деп атамай, көбіне «жануар» деп атауының өзі де ерекше жанашырлық.
«Жылқы» деген сөзді естіген кезде сезімі елең етпейтін, қаны да, жаны да қызулана түспейтін қазақ кемде-кем. Ертеде осыншама ұлан-байтақ даланы ата-бабаларымыз аттың жалында отырып, ақ білектің күшімен және ақ найзаның ұшымен иеленгендігін біздер үнемі мақтаныш сезіммен әлемге паш етеміз. Осы жерде тарихта ерекше аты қалған «Қасқа жолды» Қасым ханның: «...Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз, қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз» деген даналық сөзінен көп нәрсені аңғарғандай боламыз.
«Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтпақшы, қазақ үшін жылқы – қасиетті жануар. «Дала», «Жылқы» және «Қазақ» деген сөздер бір-бірімен мағыналас, әрі бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғымдар екендігі дәлелденген. Қазақ үшін жылқы қасиетті жануар, сондықтан жеті қазынаның бірі санайды. Зерттеушілер жылқының бес мүшесі өте жақсы дамығанын айтады. Олар құлағы, көзі, аузы мен мұрыны, сезім түйсігі. Сол себепті болар сапалық ерекшеліктері де сан алуан. жүйрігі, жорғасы, аяңшылығы, желгіші, жүк тартқышы бар. Құлағы өте сақ, көзі көреген, мұрыны иіс сезгіш және аузы кез келген дәмді ажырата алады. Ойды ой қозғайды. Қазақты және арғы ата-бабаларымыздың тарихын бұл жануарсыз айта алмаспыз. Жылқы шын мәнінде бізді олармен байланыстыратын бір дәнекер, тірі тарих.
Ендеше әңгіме өзегіне арқау болар жылқының қасиеттері мен тарихы туралы зерделеп көрсек.
Ағылшындар жылқыны бұдан бес мың жыл бұрын алғаш рет қазақтың арғы бабалары қолға үйреткенін дәлелдеп шықты. Оған дәлел – әлемге әйгілі – Ботай мәдениеті. Бұл ғажайып қоныс Солтүстіқ Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан.
Дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Әр дәуірдегі жылқы санын анықтау өте күрделі. Дегенмен де ел аузындағы әңгімелер мен жазба деректерге сүйенер болсақ, біраз нәрсені аңғаруға болар еді. Мысалы: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында Қарабайдың 90 мың жылқысы болғандығы айтылады. Байлардың жылқысының санын дәлме-дәл көрсеткен зерттеуші Ш.Уәлиханов. Шоқан ХІХ ғасырда Ақтайлақ деген байдың 17 мың жылқысы, Орталық Қазақстандағы Алда мен Жұман деген байдың 24 мың жылқысы, Сапақ, Азынабай деген байдың 18 мың жылқысы болғанын жазған. Қазақта «Бай болсаң, Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» деген сөз бар.
Халқымыз «Айғырды неден шалсаң, атты содан мінерсің» деп даналық қалдырған. Асыл текті тұлпар тұқымын сақтау, оны жетілдіруге аса зор мән берген. Текті айғыр өз үйірінің тазалығын сақтайды, қорғайды, өзінен тараған ұрпаққа шаппайды. Текті жылқы да текті жігіт тәрізді.
«Ғасырлар бойы аттың жалында өскен қазақ халқының атқа мінуі – аспанда құс боп самғау» депті батыр Баукең. Даңқты қолбасшы, шабандоз Б.Момышұлы соғыс майданында өзіне жансерік тұлпар таңдайды. «Батареяға берілген көп жылқының ішінен мен өзіме сүттей аппақ, сүліктей жеңішке, екі құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты таңдап алдым» дейді. Сол Ақбоз ат майданда батырдың жан серігіне айналған. Кезекті бір шабуылда полк минаға толы алаңға кезігеді. Ашық алаңда жаяу әскер не алға басуға, не кері кетуге жол таппай дағдарады. Соғыс кезінде мұндай бір жерде көп тұру өлімді күтумен тең. Сонда қаһарман батыр Ақбоз атпен құйындай шауып әскерінің алдына түсіп жол бастайды. Батыр шапқан Ақбоз аттың ізімен полк жауынгерлері аман-есен өтеді. Қалған басқа полктің әскерлері сол алаңның басқа жерінен өткенде минаға түседі. Бұл кездейсоқтық па, әлде Ақбоз аттың киесі ме, жоқ батырдың оқ қағар аруағы ма? Қалай дегенде де бұл оқиға шешілмеген жұмбақ күйінде қала бермек.
Жарықтық жылқы да адам секілді жершіл болатын көрінеді. Әлдекімге сатып жіберген бір жақсы аттың бірнеше жылдан кейін туған жеріне қашып келгенін немесе жерсінбей судан, шөптен жеріп, қатпа болып өліп қалғаны туралы әңгімелер бар. Мән бере қарайтын болсақ, өзіміз мініп жүрген автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл жаһандағы салт аттылар – біз, қазақтардың атқа мініп желдей ескен күндерге деген белгісі, соның тарихи жадында қалған өшпес айғағы екенін айтқанда еріксіз мақтаныш сезіміне бөленеміз.
«Адам жылқы мінездес» Халқымыз бұл тіркесті ертеден-ақ білген. Бағамдап қарай білді. Өмірде адамдар секілді есімін тарих беттерінде мәңгі қалдырған жылқылар да баршылық. Олар тарихта қаларлық іс жасаған ер-азаматқа серік болған аттар. Бұған мысалды арыдан бастасақ, Кендебайдың Кер Құласы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, беріден алсақ кешегі Ақанның Құлагері, жер-жаһанды таңғалдырып, Рим, Токно мен Мехико олимпиадаларына жеңімпаз атанып, бүгінде өзіне ескерткіш орнаттырған – Абсент. Тағы бір мән бере қарайтын нәрсе, ана тілімізде жылқыға тікелей қатысы бар сөздік қорымыздаң мол екендігі. Мысалы, ғалымдардың зерттеуі бойынша ер-тұрманға қатысты 46 атау сөз, қамшының 23 атауы, қамшылау әдісінің 15 түрлі тәсілі және қымызға қатысты 41 атау, қазыға қатысы бар 27 атау бар екен.
Халқымыздың тікелей жылқыға қатысты айтылған мынадай рухани ұлттық, құнды ойлары ерекше атап айтқымыз келеді. «Қанша жүйрік болғанмен оған-дағы бап керек, қасиетті қамшыға тобылғыдан сап керек», «Азаматтарың аттан түспесін, қазандарың оттан түспесін», «Жайсаң жігіттің түсіне жылқы кіреді, жылпос жігіттің түсіне түлкі кіреді», «Ұрпақ көбеймей, ұлтың өспес, құлын көбеймей, жылқың өспес», «Тағасының күмісіне мақтанба, атыңның жүрісіне мақтан», «Ат – ер қанаты», «Атсыз қазақ – қауқарсыз қазақ», «Жігіттің көркі – пырақ» т.б.
Көптеген жыр-дастандарымызда батырлар өздерінің серігі атымен адамша сырласады, олардың ғашық жарлары батыр мінген атын көргенде оның өзін көргендей күй кешеді. Демек жылқы адамдар арасындағы рухани дәнекер. Ең бастысы – достықтың, сенімнің, махаббаттың жаршысы. Ендеше желдей ескен киелі жануарды ел мен жердің көркі деп бағалай білейік.
Нағыман Әйтенов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі