Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОТАНСҮЙГІШТІК – ТАРИХТЫ БІЛУДЕН БАСТАЛАДЫ

ОТАНСҮЙГІШТІК – ТАРИХТЫ БІЛУДЕН БАСТАЛАДЫ


«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы Елбасы қазақ халқының ұлттық тарихын жете түсінудің, білудің жаңа тұжырымдамасын жасап берді. Бұл тұжырымдама қазақ халқының мәдени және тарихи мұрасының барлық рельефтерін кешенді түрде қамтуымен ерекшеленеді.
Президент атап өткендей, халқымыз өзінің сан ғасырлық тарихында әлемдік өркениетке серпінделген жаһанды жаңғыртқан көптеген сан салалық жетістіктерге қол жеткізген. Бұл жасампаз жетістіктер арасындағы барлық құндылықтар адамзаттың ортақ игілігіне айналды. Осы орайда, бірінші кезекте қазақтың арғы бабаларының әлем бойынша алғаш жылқыны қолға үйреткенін, темір өндіруді, өңдеуді меңгергенін, өнерге аң стилін енгізуін, Ұлы Жібек жолын қалыптастырғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ, «Алтын адам» сынды аса бағалы тарихи жәдігерлер де, алма мен қызғалдақтың да Ұлы Далаға тиесілі екені көп жәйттан хабардар етіп тұр. Сондықтан осындай бабалардан ұлы мұраларды қабылдап алған бүгінгі ұрпақ оның қадір-қасиетін біліп жүруі керек.
Елбасы мақаласында атап өтілгендей, Қазақстан жерінің Алтайы оның тәжі іспетті. «Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының орта шешінде түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды». Міне, осы өркениеттегі әдеби, рухани жәдігерлер туралы келер ұрпақ ешқашан жадынан шығармауы керек. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи секілді ғұламалар мен даналарды дүниеге әкелген ұлы далада олардың кіндік қаны тамғанын да ұмытпағанымыз жөн.
«Аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген», – делінген Елбасы мақаласында.
Ерекше өркениет жетістіктерін ұрпақтан-ұрпаққа қалдырудың негізгі жолы архивтік жүйе, – деп оның толықтай электронды нұсқасын әзірлеу, тарихты түгендеу қажеттігін еске салады. Одан кейін бұл дүниелердің қалың оқырманның қолына тиюіне жағдай жасау қажет. Тарихты, тарихи тұлғаларды халыққа танытатын әртүрлі форматтағы фильмдер түсіретін уақыт келді.
Сондықтан бұл мақала әрбір қазақстандықтың жүрек түкпірінде отансүйгіштік сезімін қалыптастыратыны сөзсіз. Себебі, отансүйгіштік сезім – Отанымыздың тарихын білуден, оны құрметтеуден басталады.
Сара ТӨРЕБАЕВА, ардагер-ұстаз,
Жетікөл ауылы
15 желтоқсан 2018 ж. 1 792 0