Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАЛ ЕҢБЕК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕР

АДАЛ ЕҢБЕК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕР

Әу бастан құрылыс алаңында қыш қалаған құрылысшы, дәнекерлеуші, егістік басындағы тракторшы, көлік жүргізуші секілді мамандыққа кейбір жандар тосырқай қарайтыны рас. Механик, техник, агроном тағы да басқа ауыл шаруашылығы саласындағы мәртебелі жұмыстан бас тартқандарды көріп жүрміз. Төл басын көбейткен шопан, бақташы, одан қалды бағбан секілді жұмыстарға жастар бара қоймайды.
Мысал ретінде қазіргі таңда құрылыс саласында дәнекерлеу мамандар ауадай қажет. Шын мәнінде дәнеркерлеушіні оқуды қаламайтын жастың көйкейінде табысы төмен деген қағида тұрады. Оған дәлел күнделікті дәнекерлеуші болып жүрген замандасының мардымсыз пұлды қанағат тұтып немесе мүмкіндігін дұрыс пайдалана алмауында. Бұл жерде қолынан барлық іс келетін дәнекерлеуші үлкен қалаларда сұранысқа ие. Ауыл маңайынан ұзап шыға қоймаған ол мол табыс табудың жолын ізденбейді. Темірді иіп, ырқына көндірген маманның өнімі қай кезде де жоғары бағаланатыны сөзсіз. Сондықтан жұмыссыз жүрген қайсібірін алсақ та қолдан келген іспен машықтануға дағдылану маңызды.
Құрылысшының еңбегі үнемі елеулі болатыны ақиқат. Қанша дегенмен үйдің іргетасынан бастап шатырына дейін мүлтіксіз орындау арқылы жұмыс көзін оңтайландырып отыр. «Зәулім ғимараттың әсемдігіне сүйсінбе, оның беріктігіне мұқият көз жеткіз» деген қағиданы ұстану талғам тұрғысынан қажет. Оның жасаған жұмысына баға бермес бұрын асқан шеберлігіне сүйсіну дұрыс. Негізінен көбіне құрылысшы болудың сырын кейбір жандар жұмыс табылмағандықтан күнкөріс көзі деп біледі. Бірақ оған да шеберлік пен ептілікті, ұқыптылықты ұстану аса қажет. Бірде бір кісі үйдегі жаман көлігім отбасымды асырап отыр деген болатын. Оның күтімін жасамасам күнделікті ішіп-жейтінімізден айырыламыз. Сондықтан көлікке бар жағдайды жасау маңызды. Иә, баяғыдан шофер атанған көкеме еліктеп талай жас көліктің тізгінін ұстады. Баласы да тракторшы атанды. Бар шаруаны өзі тыңдырып жүр. Жұрттан алғаны алғыс. Бір жағынан механик болып бұзылған машинаны жөндейді. Барлық жағынан әмбебап. Қазіргі дамыған технология­­ны игерген тұста ауыл шаруашылығы саласын меңгеру қиындыққа түспейді. Осы ретте ауылда жай жұмысшы болып бастап, лауазымды қызметке дейін барған тұлғалардың есімі жиі айталады. Ебін таба білсе мал бағуда ерекше кәсіп көзі. Шопан мен бақташының бар мақсаты жылдан-жылға мал басын көбейту. Күтімін жасау. Тілін табу. Олардан мол табыс табу. Жастайынан малдың соңында жүріп, барынша еңбекте ысылған олардың таңы ерекше атып, түні бейнетпен батады.
Жақында үлкен бір кісімен жолыққанымда айтқаны көкейімде қалып қойды. Барлығы қалаға ағылып жатыр. Дұрыс жаңаны көрмек, білмек керек шығар. Қаланың іргесін нық ұстап тұратын ауылға да адам керек болар бәлкім деген болатын. Сөзінде жан бар секілді. Ойланып қарасам барлық жастың ойында жоғарғы имиджді мамандықты таңдау тұрады. Көңілі қаламаған мамандықты істей алмай құр босқа дипломы сандық түбінде жатады. Бұл ретте айтпағымыз сан мыңдаған мамандықтың өз қиындығы мен жан рахаты бар. Тек таңдай білген адамның құзыретінде, игілігінде жұмыс жасайды. Қашанда адамның ебі келетін мамандықтың барлығы нан табуға жарайды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

23 шілде 2019 ж. 3 104 0