Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ЫРЫСЫ – «ӘЙТЕК»

ЕЛ ЫРЫСЫ – «ӘЙТЕК»

«Әйтек» – өзіңнен нәр алған күрішім,
Халқыма «Әйтек» – ырысым.
Бойында күріш алқабы,
Тынбай ақсын, тынысың.
Елдің қамын ойлаған аталарымыз дарияның жоғары жағынан канал қазып, су қоймасы есебінде көл жасаған. Міне, осы кездегі үлкен арна аталарымыздың қазған ізімен қазіргі «Әйтек» каналы қаншама елді тіршілік нәрі – сумен қамтамасыз етуде. Бұл канал арқылы «Соркөл» көліне су құйылып, Тереңөзек қыстағына дейін тіреліп жатыр. Осы көлден арна қазып, Қалғандарияға құйдырған. Қалғандариядан бірнеше каналдар саға алып, ауыл-ауылдарға аяқсу жеткізілген. «Әйтектің» өз бойынан «Айжанкеткен» каналы қазіргі ХҮІІІ партсъезд ауылы арқылы бұрынғы «Майлықұм» деп аталатын жерлерге су жеткізілген. Қазірде бұл канал үлкен арна болып, қайта қазылып, жөндеуден өтті. Тиесілі жерге көпір-шлюз салынып, «Елтай» бойындағы жер қайта тегістеліп, 1000 гектардан астам жерді сумен қамтыды. «Әйтектің» жоғарғы жағынан «Елтай» каналы қазылып, «Онділдәға» су жеткізілген, бірақ аяғына дейін жетпей, су орта жолда жоқ болып кете берген. «Онділдә» бұрынғы атақты ақынымыз Асқардың аталары отырған қыстауы болған көрінеді. Көні судан кепкен, аяқ бассаң оқпан, машинамен жүрсең жолсыз, оқпанға түсіп кетуің әбден мүмкін. Міне, осы оқпаны бар жерге келіп, су әрі қарай жүрмеген. «Әйтек» каналын бекітіп су деңгейін көтеру жайлы тапсырма алдық. Және оны жан-жақты зерттеп, бірнеше күн басында болдық. ПМК-15 мекемесінің эксковаторшылары «су жүрмеді» деген соң шеберлермен бірге (ол кезде мен прораб борлып істеймін), Сырғабаев Тыныштықбай бөлім бастығы екеуміз екі адамдық жүк көлігін пайдаланып, жан-жағын зерделей бастадық. Су шұңқырға бұрқылдап құйылып жатыр. Аузы үлкен апандай болған, бұл не керемет, түйе түссе де жоқ болады, жан-жаққа жайылып жатқан су көрінбейді. Не де болса машинамен 5-6 км жерді бағдарладық. Бағытымыз «Қараөзек» дариясы. Шамасы 7-8 км жерден айдын көлді байқадық. Су бетінде бір-екі қой қалқып жүр. Шамасы су ағып жатқан жерден қойшылардың қойлары су ішкен болу керек. Сол апанға түсіп жоқ болған сияқты. Көзіміз көріп, ол оқпанның суын тоқтату оңайға соқпайтынын да білдік. Сол жерге жиналып, ақылдасып, бөгет салып, суды тоқтату керек деп шештік. Бірнеше күнгі төгілген тер, еткен еңбек ақталып, ағын судың бетін қайтардық. Міне, арнасы кеңейтілген каналдардың әрқайсысының сырлары болады. Оны басы-қасында басқарсаң, сол іске аралассаң білесің. Енді «Әйтектен» сағасы бар Тереңөзек кентінен бұрынғы мұнай базасы жанында «Қаракөл» каналы «Күшікбай» қорымының жанымен бұрынғы Нұрабай ағашы маңынан су жинайтын орын жасақталды. Содан жолда «Көтенкөл» үстімен «Шағырлы» төбесінің жанымен «Байкелдіге» қарай бет алады. Бұл каналдың да өзіндік сыры бар. Жоба бойынша «Көтенкөлден» тоқтаған. Енді су шаруашылығының ұсынысымен аяғын созу керек болды. Себебі «Байкелді» мен «Шағырлы» аралығында тың жер болатын. Соны аудан басшысы игеру керек деп өзі аралап шыққаннан кейін өз ұсынысын білдірді. Жолда бір төбеден ейін сай болатын. Енді бұл ардан өту өте қауіпті. Өйткені көтерме бөгет жасау керек. Уақыт бар. Күріш сеуіп аяқталатын уақыт. Осыны жүзеге асыру үшін Қонекең өзі күнде бір келіп бақылайды. Жасаған жоба ол жермен сәйкес емес. Енді ілгері су жүрмейді. Содан Қонекеңмен Тәкең кештетіп жетіп келді. Жұмыс бағытын сұрады. Сұраған сайын ол кісінің су маманы болмаса да істі жақсы білетіні көрініп тұр. Мен көріп жатқан қиындықты айттым. Су жоғары көтерілмейді, өйткені, бөгет осал. Дамбының биіктігі біржарым, ені бір жарым метр. Су жоғары шығудың орнына бөгетті бұзып, әбігерге түсіп жатырмыз. Сондықтан дамбының ой жерінің үстінен ДТ тракторы жүру керек. Оның сыртқы қапталынан топырақ итеріп, бөгеттің үстіне жүргізу керек. Қонекең де, Тәкең де істің дұрыстығын түсініп, жобаларың дұрыс екен, әрі қарай жалғастыра бер деп рұқсатын берді. Кейінірек күріш көлемін көбейттіреміз деді. Сонымен екі булдозермен екі жақты дамбы көтеріп, оның үстімен жүргізіп, суды жоғары көтердік. Жоғарыда айтқанымыздай каналдың аяғы тың жер болатын. Сол жылы сушылар Орынтай Ыбанов пен Кеңес Ілиясовтар Тасарық бойына жақын жерде күріштік алқаптары бар еді. Сол жылы екі звено егіннен мол өнім алып, Қызылдихан колхозы бірінші орынға шығып, бәйге алып, келер жылы да мол өнім берген. Жері еш уақытта егілмеген, су болса болды күріш мол өнім берген. Соны звеневод Орынтай, Кеңестер кездескенде мақтан етіп айтушы еді.
Айта берсе «Әйтек» каналы кұрылысында қиындықтар шаш етектен болды. Қазіргідей ол кезде техникалар көп болмаған, жұмыстың көбі қолмен атқарылатын. Тіпті, адам таситын көлік тапшы еді. Бірақ, сол жұмысты жан-тәнімізбен, адал жүрекпен істеген соң оның қайтарымы да жақсы болды. Сондықтан «Әйтек» каналын ер ырысы деп атасақ жарасады. Қазірдің өзінде төменгі сағада жатқан Сырдария, Жалағаш аудандары егін шаруашылығын сумен қамтып отырған бірден-бір маңызды арна, Ал сол арнаның құрылысында біздердің қолтаңбамыз жатыр.

Ө.БЕДЕБЕКОВ,
еңбек ардагері
23 шілде 2019 ж. 789 0