Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КАНАЛҒА АЙНАЛҒАН АРЫҚ

КАНАЛҒА АЙНАЛҒАН АРЫҚ

Ертеректе Тереңөзек табанын су басып жатқаны бар­шаға белгілі. Соған байланысты да бұл өлке «Терең­өзек» аталды. Өткен ғасырдың басында Тереңөзек бірде Қараөзек, бірде Аламесек болыстығына кірді. Сол кезде үкімет осы маңда егіншілік кәсіпті жолға қойып, тиісті жұмыстар жасалған. Алдымен, егіншілікке су жеткізу үшін канал қазылады. Оған Қараөзек пен Тереңөзектен 400-ге жуық кетпенші қатысыпты. Әрине, ол кезде бүгінгідей алып техникалар жоқ. Барлық жұмыс қолмен жасалған. Канал қазу торғай шырылдамастан басталып, ымырт үйірілгенше жүргізіледі. Ақыры сол жарма мамыр айында қазылып бітіп, табанынан су жүре бастайды. Сол кезде Перовскіден өкілдер келіп, салтанатты жағдайда ашып, мамыр айында қазылғандықтан каналдың атын «Майжарма» деп атапты.
«Майжарманың» қазылуына осы өлкеден көптеген кі­сі қатысты десек, «Қызылдихан» колхозынан біраз адам­ жұ­мылдырылған. Оның ішінде, Сыр өңірінде суару жүйе­лерінің негізін қалаушылардың бірі, мұрап Айтбай­ Нұрымбетұлы болған. Ол кісі колхозда жүріп, егінге су жеткізу мәселесін шешуге атсалысқан.
«Майжарма» каналы дариядан бастау алатын «Әйтек» каналынан су алып, аудан орталығын қақ жарып өтеді. Шығыс беткейді өрлей оңтүстіктегі егістік алқапқа жетеді. Орталықта тұратындар осы каналдың игілігін көрсе, сол кездегі «Қызылдихан» колхозы халқына егінге, бақшалық егіске аяқ су жетпейтін болған. Осы бойынша Сыр мұрабы Айтбай Нұрымбетұлы ауыл адамдарын жұмылдырып, арық қаздырады. «Әйтек» каналынан өзі қазып бастап, барлық істі ұйымдастырады. Бұл жөнінде оның қызы Күләш Таюповадан сұрап білдік.
– Мен ол кезде кішкентаймын. 5-6 жаста болуым керек. Осы каналды қазарда әкем мені қасына ертіп жүрді. Алғашқысын өзі бастады да кейін колхоз адамдарына 5 сырықтан (метр) бөліп берді. Қазіргідей техника дегенің атымен жоқ. Бәрі қолмен қазды. Оның көбісі әйелдер болды, – деді Сыр мұрабының қызы.
Айтқандай-ақ, әркім өзіне бекітілген жұмысты жасап, «Әйтектен» бастап қазылған үлкен арық пойыз жолға дейін жетеді. Күләш әжей алғашында бұл арықтың таяз болғанын айтады. Табанына су барғаннан кейін үлкейген. Осы арық­тың қазылып, халыққа аяқ су жетуін ұйымдастырғаннан кейін мұны Сыр мұрабының есімімен атапты.
Жоғарыда айтқандай, канал пойыз жолға дейін «Айтбай арық» аталады да, әрі қарай «Оразбай арығы» болып кетеді. Осы тұста, халыққа еңбегі сіңген Айтбай Нұрымбетұлының көзін көрген кісілерге де арнайы жолықтық. 1950 жылы «Қызылдиханға» келін болып түскен Құрманкүл Емжарова Сыр мұрабының білікті ұйымдастырушы екенін айтады.
– Келін болып түскеннен кейін колхозда жұмыс жасадым. Ол кезде осы маңда бақша көп болатын. Айтбай ағай бастаған колхоз адамдары жеміс егіп, ауылды көркейтті. Сол шақта осы «Айтбай арықты» жыл сайын тазартатынбыз. Анау сағасынан бастап табанын қазып, су жібергеннен кейін шалаудан арылтатынбыз. Бұл жұмыстарға сол кезде Пернебай, Жұбатқан, Жұмабай, Оспан молда, Доспан деген ер азаматтар, Жәмила, Қырмызы, Жәміш, Күлбазар, Зүбайра, Ақсұлу, Ханшайым, Алмагүл секілді әйелдер атсалысты. Оның бәрін Айтбай ағай ұйымдастырып жүрді, – деді Құрманкүл әжей.
Бүгінде «Айтбай арық» каналы бұрынғы О.Мәлібаев ауы­лы мен кенттің ортасынан өтеді. Ауыл тұрғындары жаз бойына есік алды егістіктерін суарып отыр. Сол кездегі Сыр мұрабы ұйымдастырған үлкен жұмыс нәтижесінде қазір мұнда аяқ суға қатысты мәселе жоқ.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
13 сәуір 2019 ж. 1 243 0