“АҚЖАРМА” – ЕЛДІҢ АСЫРАУШЫСЫ
Ақжарма бас иетін байрағым,
Туған жерім қасиетті аймағым,
Көңілдегі бұзылмайтын қаймағым,
Бозторғайың болып көкте шарладым.
Бұлбұлың болып бір сен үшін сайрадым, - деп елін, жерін сүйген Ақжарманың тумасы Балашбек Шағырұлының баспадан бірнеше кітабы жарық көрді. Сол кітаптарында да Ақжармасын жырлауы, өзінің туған жеріне, өзен-көліне құрметпен қарауы – бұл азаматтық. Кейбіреулер «сол көл мен каналда тұрған не бар» деп ойлайтын шығар. Шындығында, ол – өмір, тіршілік көзі, жердің көркі, біздің асыраушымыз. Сол Ақжарма каналының бойына егін саламыз, балығын аулаймыз, балаларымыз шомылады. Сондықтан өзен- көлге біз құрметпен қараймыз.
Аталған Ақжарма каналын келер ұрпақ кімдер қазды, қашан қазылды, қаражаты қайдан бөлінді, ол елдің игілігіне қаншалықты қызмет еткені жөнінде білгені жөн деп ойлаймын. Ақжарманың бойына мыңдаған гектар күріш егіледі, мыңдаған гектар шабындық жайылымдық жер, ауыл халқының жартысы үй іргелік бау-бақшасын егіп отыр.
Бірде Нұрсейіт би Байбүріс қажыға: – Алдымызда не боларын Құдай біледі, бірақ та бір тықыр таянып қалған секілді, алдымыздағы малымыз басымызға бәле болмаса деп қорқамын,-деді. Сонымен Нұрсейіт би мен Байбүріс қажы ақылдаса келе: – Малды ел игілігіне жа- рату үшін Аламесекке су құйдырайық, канал қазу үшін сол елдің игі жақсыларымен кеңесейік, - деді.
Ел жақсылары қуана қоштап, Ақарықтағы Мақсұмсейіт әулиенің тұқымдары, тамалардың пірлері Алдаберген қажы, Сейітасқар ишан, Басапа ишандармен Ақарықтың Бекбай, Кеңесбай, Боранбай секілді аузы дуалы ақсақалдарымен ақылдасып, кеңес құрып, канал қазуға келіседі. Кімдер қай жерге дейін қазатынын екі жақ келіседі. Алдаберген қажының батасын алып іске кіріседі. Біздің Иса атамыз мұрап кісі екен. Құрығын сүйретіп атпен жүріп отырып, каналдың ізін жаңылмай белгілейді, адамдар артында омақа үйіп отырады. Енді елді іске жұмылдыру керек. Әр ру өз ішінен басшыларын сайлап алады. Керекті құрал-саймандарды, қажетті тамақ, киім, басына тігілетін үй, барлық қаражатты Нұрсейіт, Байбүріс, Ерімбет болыс үш кісі басқарған. Көмекшілері Дәлқожа, Қалиқожа, Махан ұста, Мерген әкем, Хансейіт молда, Әукен қожа мінекей осы кісілер бас көз болып 1925 жылы қолға алынған канал 1928 жылы аяқталды.
Канал қазылып біткен соң қожалар каналға Байбүріс қажы атын береміз десе, тамалар Өмірбай би есімін қоямыз деп келісе алмай тұрғанда, Нұрсейіт би: – Ау, ағайын, бұл каналға Байбүріс қажының еңбегі зор. Осы игі істің бастамасына ұсыныс жасаған да, көп қаражат салған да осы кісі, көнбесеңіздер, таласпай-ақ қояйық. Каналдың атын «Ақжарма» деп атасақ қалай қарайсыздар? Бұл канал ауылымыз- ды жарып өтеді, сөйтіп, Аламесекке су апарады, су жүрген жерде табиғат өзгеріп, жасыл желек – көкке айналады. Көк бар жерде мал, жануарлар тойынып, ақ көбейеді. Егін егіп, халық тойынады. Олай бол- са, құдайы көрші екі елге ортақ каналды адамның атымен емес, атқаратын ісіне қарай каналдың атын «Ақжарма» деп атасақ қалай болар екен», - депті. Осы сөзге екі елдің ақсақалдары келісіп, каналдың атын «Ақжарма» деп атаған екен. Содан бері қарай екі ел тел еміп келе жатқан, қасиетті егіздің анасы сияқты, екі елдің несібесі, бір ғасырлық тарихымыз ата-бабаларымыздың маңдай тері, табанының ізі, сол үшін тер төккен Отан соғысынан қайтпай қалған біздің әкелеріміздің бізге қалдырған ізі, ескерткіші, несібесі, бір ғасырлық тарих.
Аталардан қалған дуалы сөздер осы уақытқа дейін жалғасып, «Ақжарма» халыққа қызметін көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта ауылымыз сол каналдың «Ақжарма» атауымен аталып келеді.
Ширек ЫСҚАҚОВ,
ҚР еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»
ҚР еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»