ІЗХАН ҮЙІНДЕГІ ПОЭЗИЯ КЕШІ
1963 жылдың күзі болуы керек. 10 сыныпта оқимыз. Кластасым, қазіргі белгілі ақын, журналист Қайырбек Асановтың үйіне бардым. Қайырбектің ол кезде аудандық газетке өлеңдері жиі жарияланып, аудан көлемінде танымал ақын болып, танауынан есекқұрт түсіп жүрген кезі.
Қолжазбаларын ақтарып, 6, 7, 8 кластарда жазған өлеңдерін көрсетіп жатыр. Өлеңдерін қарап отырып «өзі қалай пысық, жазғандарыңды осылай жинай беруге болады екен-ау» деп ойлап қоямын іштей. Бір қолжазбасында «Көктем» деген өлең жүр екен.
...Ақты өзен сайменен,
Жын қаққандай долданып...
Мен күліп жібердім.
– О, не? – деді Қайырбек. Мен өз өлеңін өзіне оқып бердім. Оқып бердім де:
– Мынадай өлеңді мен де жаза аламын. Жазғанда да «жын қаққандай долдандырмай-ақ» жаза аламын.
– Е, сол ма, – деді Қайырбек. – Ол жетінші кластағы ғой. Күлген де, қысылған да жоқ. Кәдімгі қожанасырлау қалпымен қолжазбаларын ақтарып, беймарал отыра берді.
«Шынында да жазғандарымды мен неге жинап қоймаймын». Интернатқа келгенше осыны ойладым. «Жаңағыдай өлеңдерді мен де жаза аламын ғой». Бұлай дейтінім, жолдастарыма бірер шумақ әзіл-оспақты аяқ-асты сүйкей салып, әр жерге тастап жүре беретінмін.
Интернатқа келісімен жаңа дәптер аштым. Ертеңіне ерте тұрып «бісміллә» деп алғашқы өлеңімді бастадым.
Тұрмын мен ауыл қасында,
Келеді жарқын таң атып.
Күн күлді төбе басында,
Өзіне бәрін қаратып...
Алғашқы «Ауыл таңы» атты өлеңім осылай басталып еді. Табиғат, алғашқы махаббат. Отан туралы өлеңдер. Оқушы дәптері жарыдан ауғанда редакцияға бардым. Ол кездегі аудандық газет ескі баспахананың жанындағы ескі жер үйде еді.
– Ізханға бар, – деді машинистка әйел бір есікті нұсқап. – Өлеңді сол қарайды.
«І-ім-м, сол аға осында істейді екен ғой». Өлеңдерін оқып жүретінмін. «Қарлығаш қанат қасты қыз»... Иә, сол ақын ғой, соның өлеңі.
Төрде отыр екен. Ақсары, әдемі жігіт. Сол жақ қапталда Мұхтар Сақтапов ағай отыр. Ана жолы көшеде бір жігіттермен әңгімелесіп тұрғанында сөзін қызықтап «тірі ақын осындай болады екен-ау» деп қастарында біраз тұрғанмын. Сондықтан сыртынан жақсы танимын.
– Кел, бала, – деп әдемі жігіт мені қасына шақырды. Өлең бе, мақала ма? Отыр. Дым үндеместен дәптерімді қолына ұсындым. Ол дәптерімді дереу ашып қарай бастады. Қаралай қысылып, қара терге түсейін. Ол оқып отыр. Мен ұялып отырмын. Әр бетті аударған сайын менің ішкі сырымды аударып қарағандай жерге кіріп барамын. Уақыт өтсейші. «Қарап-қарап алдыма тастайтын шығар, сосын дәптерімді ала салып, интернатқа қарай зытар едім» деп отырмын.
Уһ, аяғына да жетті-ау!
– Өлеңдерің тым тәуір екен, – деді бір заман дәптерімді қайта парақтай отырып. – Қашаннан бері жазасың? Өлеңің көп пе? – деп сұрады.
– Бары осы. Бір аптадан бері жазамын.
Ол бетіме бажырайып қарап отырды да «іһі» деп күлді. Сосын Мұхтар ағаға қарады.
– Алып қалсай, – деді Мұхаң айғыржал шашының алдын бір орап жіберіп.
– Дәптерің қалсын. Соғып тұр, – деді Ізхан аға.
Редакция туралы ұмыта бастадым-ау деймін. Бірер апта өткен. Бір күні Қайырбек ентігіп келіп тұр.
– Ей, сволыш, неғып отырсың?! Өлеңдерің газетке шығыпты ғой.
– Кет-ей!
– Олда-білда. Ит болайын.
– Ал газет қайда?
– Менде. Қалтамда.
– Өй, жындымысың. Әкелсейші.
Бірінші бет, екінші бет, үшінші бет...
– Өй, өлең дегенді төртінші бетке басады. Міне!
Расында, менің өлеңдерім. Үшеуі бірдей шығыпты. Соңында өз аты-жөнім. «Асқар Кіребаев. Оқушы». Тасқа басылған.
Қайырбектің көзінше де, ол кеткесін де оқи беремін. Өз сөзім, өз өлеңдерім. Ал «Асқар Кіребаев» деген аты-жөнімді қарамайсың ба?! Кәдімгідей тасқа басылған.
Сол күні түннің бір уағына дейін ұйықтай алмадым. «Ауылдағы балалар көрді ме екен. Көкем елжіреп оқыды ма екен?!...»
Кейін «Лениншіл жасқа» суретіммен топтамам басылғанда, барша республикалық, облыстық басылымдарда көлдей-көлдей өлеңдерім басылып, кітаптарым шыққанда да дәл мұндай қуанбаған шығармын.
Ізхан ағаға дән риза болдым. Дән риза болып келіп рахмет айтуды да ұмытып кетіппін. Анығында айту керегі ойыма да келмепті.
Мектеп бітірісімен белгілі журналист Келдібай Уәйісұлы екеуміз сол газетке корректор болып орналастық. Пысық Келдібай мені жетектеп апарып өзі орналастырған. Ол «старший корректормын» деп кәдімгідей қоқиып отыратын. Дүкенге де жұмсағысы келе ме-ау!
Ізхан, Мұхтар ағаларға үйреністік. Тіпті, әзілдесетінбіз. Мұхаң (Мұқтар Сақтапов) әзілкеш, жаңғалақтап «Әй, екі шайтан, киноға бармаңдар, виноға барыңдар. Ағаларың шөлдеп отыр» дейтін қағазын сүйкей отырып. Ізекең «Іһі» деп күледі. Сосын Алматыдағы Сағи, Тұманбай ақындар туралы әңгімені гөйітеді келіп. Жырдан қызық. Ертегіден әсерлі.
– Ей, бір үйге барып жыр оқып, өзімізше бір ет асайық, – деді бір күні Ізхан аға.
– Біздің үйге болмайды. Ұн жоқ, – деді Мұхаң.
– Біздің үйде ұннан басқа дым жоқ, – деді Ізхан. Ет те жоқ, ет жоқ болғасын шақыруға бет те жоқ.
– Ей Қалман, сендер жақында соғым сойған жоқсыңдар ма? – деді Мұхтар газет басушы жігітке.
– Сойдық қой. Бірақ кемпір-шалдың үстіне қалай барасыңдар. Үй тар, – деді Қалман.
– Онда Сіздің үйдің етін алып, Ізханның үйіне астырайық.
Қалман ойланып тұрып:
– Өйтуге болады. Бірақ кілтті Жақсыгүлден қалай аламыз?
– Өй, шыңғасын суырып аламыз.
Сонымен Қалман бастап Қалманның сарайынан ет ұрладық. «Семіздеуінен, молдау-молдау ал» деп сыбырлайды Мұхтар. «Өй, осы да жетеді» деп Қалман күйбеңдейді.
Ізхан біздің қасымызда ішек-сілесі қатып күліп тұрып, қамырын Сара тауып, ет жеп, шай ішіп таң атқанша өлең оқыдық, талқыладық. Қасым, Ғали, Тайыр, Әбділда, Асқар Тоқмағанбетов.
Сол кеш әлі есімде. Өлеңдері енді шығып жүрген 18-дегі бозбала – мен сол үйден ертеңгісін зор әсермен шығып едім.
Ізхан үйіндегі сол кеш, менің поэзияға жан-тәніммен беріле ғашық болған сәт ерекше еді.
«Жақсының шарапаты» деген осы шығар...
Асқар КІРЕБАЙҰЛЫ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі