ЖАЙЫН ЖҰБЫМЕН ЖҮРЕДІ
Қарыса да сан ызғар.
Бабалардан бізге қалған,
Өшпейтұғын,
сырға толы сан із бар.
Өтсе-дағы керуен ғасыр,
Ел ішінде сақталған,
Сыр бойында өшпейтұғын
Мынадай бір аңыз бар, – деп басталатын жолбарыс туралы аңызды естіген боларсыз. Сан ғасырдан бізге жеткен аңызда Сыр бойын мекен еткен жолбарыс пен нән жайынның арасындағы жанкештілік баян етіледі. Осы бір аңызды естіген сайын бір болған жағдай еске түседі.
Жуық арада Қараөзек дариясынан бір тұрғын үлкен жайын ұстапты. Салмағы 122 келіні тарқан екен. Нән жайын екені сөзсіз. Сол алып балықты кәдімгі кішкентай аумен ұстаған көрінеді. Сенер-сенбесімізді білмедік. Сөйтсек, көктемгершілік жыртқыш деген жайынның өзі әлсіз болады екен. Ал сол балықты Қараөзектің арғы бетінен бергі бетке жалғыз адам қайықпен өткізді дегенде сөзсіз иландық. Содан кейін «Ұстағаны жалғыз жайын ба екен?» деп сұрадым. Көргендер жалғыз екенін айтты. Мұны әдейі сұрағаным бозбала шақта жайынның жұбымен жүретінін көріп-білгенмін.
Түс ауа бастаған кез. Күн шақырайып түсіп тұр. Ауа қапырық. Соған қарамастан балық аулауға ағаларға еріп алғанмын. Ауыл мен біз баратын көлдің арасы әжептәуір алыс. Балыққа деп сайлап алған үш аяқты мотоциклде үшеуміз. Мотоциклді Сәкең басқарып келеді. Мәкең артында жайғасқан, мен люлькадамын. Қаттырақ жүрген сайын ыстық леп ұрады. Ауылдан шыққаннан шаңдатып келеміз. Бағытымыз – «Турнияз» көлі.
Жалпы, Қараөзек дариясының маңында көл көп. Халық бұрыннан «Қалымбет», «Байсары», «Құндызды», «Жыланды», «Турнияз» секілді көлдердің игілігін көріп келеді. Күзге таман көлдер тартылғанда балықтың түр-түрін аулап, қарық болып қалатыны бар. Бізде сол балық аулайтын уақыт жеткенде аталған көлге қарай асығып келеміз. Күн ыстық болғанымен балық аулауға деген құштарлық күн райын ұмыттырып жіберген.
Жақындаған сайын көлде секіріп жататын балықтар көз алдыма келе бастады. Содан бір жыл бұрын ауылдағы балықшы жігіттерге еріп бұл жерге келгенмін. Ол кезде су тізеден төмен болып, қолмен екі-үш балық ұстағаным бар. Ал бұл жолы одан да көбін ұстаймын деген үміт.
Көлге жақындаған сайын самал леп ұра бастады. Дарылдаған мотоцикл дауысынан құлақ тұнып қалса да Мәкеңнің қолмен түртіп, бірнәрсе айтқанына бас изей бердім. Арасында езу тартып қоямын. Әне-міне дегенше «Турнияз» да көрінді. Көлді қамыс басқан. Көктем, жаз мезгілдерінде айдыны толып жатса, күзге таман табаны көрінеді. Осы мезгілде жан-жақтан адам ағылып, балықты қап-қаптап тасиды. Біз сәл кешігіңкіреп келгенге ұқсаймыз. Көл тартылуға жақын екен. Тура осы көлге әкелетін жолмен «Турнияздың» тұсына келіп тоқтадық. Мотоцикл тоқтай салысымен люлькадан секіре түсіп, жүгірдім. Дарылдаған дауысты сөндірген Сәкең «Әй, тоқта, бәрін үркітесің» деді. Сөйтсем қамыстың арасы тізеден төмен болғанымен, көлдің орта тұсындағы айдыны тереңдеу екен. Балық солай қарай қашса, ұстау қиынға түседі.
Сәкең мен Мәкең асығар емес. Шыжғырып тұрған күнге бір қарады да жеңіл киімдерін балық аулауға арналған арнайы киімге ауыстырды. Мендегі сол ойынға, балыққа киетін бір киім. Жалаң аяқ. Ал ағаларым арнайы резеңке аяқ киімді де киіп алды. Содан бір-бір қапты ауыздарын ашып, белдеріне байлады да қолдарына шанышқыны ұстап, ақырын көлге түсті. Мен екеуіне ілестім. Көлде бізге дейін келген балықшылар із қалдырып кетіпті. Сол ізбен аяқты алшақ басып, екі ағам әр жерге шанышқыны түйреп келеді. Арасында бастарын көтеріп сәл ұзаққа қарайды да қайтадан қамыстың арасына көз жүгіртеді. Мен әдеттегідей «қолмен ұстаймын» деп келемін. Екі қолым ағалар лайлатып кеткен суда. Арасында майда шабақтар ілінеді. Судан шығарып «Міне, ұстадым» дегендей ишарат білдіремін. Үлкен балықты аңсап келген ағалар оған мән бермейді. Содан ұстаған шабағымды ақырын суға жібере саламын. Жібергеннен кейін суға сіңіп кеткенше қызықтап қарап тұрамын.
Өзі адам көп жүрген соң көл табаны ойылып қалады екен. Оған қоса, асты қатқылдау емес. Басқан жерге аяғың тобыққа дейін кіріп кетеді. Кейде сондай балшық арасынан жылан балықтың үстінен басып, сусып кеткенде үрейленіп, аяқты бірден көтере қоясың. Ал оған үйренісе бастағанда алдындағы ағаларға айтып, олар қос қолды салып шынтақтай балықты алып шығады. Оны тезірек қапқа салмасаң, ұстап тұру қиынның-қиыны.
Әр жерді түйрегіштеп біраз жүрдік. Бір кезде Сәкең артқа қарап, сұқ саусағын ерніне тигізді. Мұндағысы «Тыныш, қозғалмаңдар» дегені. Мәкең орнында тұрып қалды. Мен алақ-жұлақ. Не екенін көргім келіп, қамыстарды сытырлатып қоямын. Мәкең қабағын қатайтып бір қарағанда мен де тапжылмай тұра қалдым. Сәкең аяқтарын судан ақырын алып, ілгері жылжыды. Қолындағы шанышқысын қамыс арасына еш дыбыссыз жүргізді де, бір сәтте жылдам түйреп қалды. Шанышқы қадалған жер бұрқ етті. Бір-екі секундтың ішінде айналасы лайланып шыға келді. Үлкен балық екені анық. Оны шанышқы қадалған жерде бас жағы болса, құйрығы бір қадамдай жерде екенінен байқадық. Сәкең:
– Жайын, – деп айқайлап жіберді. Шанышқыны нықтап тұр. Мәкең:
– Ақырын, – деді де шанышқыны бойлап барып, балықтың басынан ұстады. Судан шығармай Сәкеңе «Қапты әкел» деді. Шанышқыны суырған Сәкең беліндегі қабын апарып, жайынды ішіне сүңгітіп жүберді. Аузын буып ұстағанда үлкен балық қапты жыртып жіберердей бұлқынды. Мәкең қаптың аузын байлады да Сәкеңе беріп, екеумізге балықты жиекке шығаруды тапсырды. Өзі шанықшысын алып сол маңайды тінтуге кірісіп кетті. Сәкең қапты судың бетімен жүргізіп жиекке қарай жылжыды. Мен де ілесіп, судан шықтық. Мотоциклдің жанына келіп, қаптың аузын ашқанда шынымен үлкен балық екен. Осы балықшылар ұстаған балықтарының ұзындығын көрсету үшін құлаш сермеп жататын еді ғой. Мына балықтың ұзындығын көрсету үшін мендей бозбаланың қос қолы да аздық етеді-ау. Жайынды алғаш көруім. Басы үлкен екен. Қос мұрты бар. Денесін ұстасаң қолың сусылдап кете береді. Жайынды қызықтап біраз тұрдым.
Сәкең қаптың аузын қайта байлады да люлькаға лақтырды. Сосын көлге түсіп, Мәкеңе қарай жүрдік. Жаңағы ізбен жүріп келе жатқанымызда Мәкең ысқырды. Жан-жақты торуылдап келе жатқан Сәкең жылдам жүріп кетті. Мен де артынан ілесіп, бір жүріп, бір жүгіре жөнелдім. Жақындап келгенде Мәкең шанышқысын мықтап ұстап, бізге:
– Тез болсаңдаршы, қапты әкел, – деді. Сөйтсек, жайынның екіншісін ұстаған екен. Бұл жолы Сәкең балықтың басынан ұстап, Мәкең қаптың аузын ашты. Екіншісінің де ұзын екені көрінді. Қапқа салып алып, үшеулеп жиекке шықтық. Сол кезде Мәкең:
– Жайын дегенің жалғыз жүрмейді. Жұбымен жүреді. Жаңа біріншісін ұстағанда сол маңда екіншісі бар екені анық еді. Шамалы жер жүргенде қамыстың арасында жатыр екен. Көрмейсің бе тамақтың тұсынан қадаппын, – деді.
– Өздері ұзын екен, – дей бергенде Мәкең:
– Дариянікіне қарағанда көлдің жайындары ұзын болады, – деп жауап қатты. Екінші қапты да люлькаға лақтырып жатып Сәкең:
– Бүгін олжалы болдық. Айналасы екі сағаттың ішінде қос жайынды ұстадық, – деді. Бір-бір жайыннан ұстаған ағалар киімдерін қайта ауыстырып, мотоциклді оталдырды. Келгенде үшеу едік, енді люлькада үшеу болып, қос жайынды қолмен басып, «Турнияздан» алыстай бастадық.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ