Байлықты байқай білетін көз
Житян Жыңфу жапон жерінде кішігірім саудамен айналысатын еді. Бір жылы жазда ол Филиппинге демалуға барды. Кешқұрым ол ханымымен бірге теңіз қайраңында серуендеп келе жатып, бір топ баланың теңіз қайраңындағы тас қуысынан әлденені іздеп, ұйлығысып тұрғанын көреді де, қастарына барады. Балалардың тас қуысынан кішкентай шаяндарды алып шыққанын көреді. Бұл кішкентай шаяндар жұп-жұбымен қосақталыпты. Тастың қуысынан алып шыққаннан кейін де бір-бірінен оңай ажырамады, бұл шынында да ғажайып еді. Мұқият қарап көрсе, олардың денелері бір-біріне мықтап жалғасыпты. «Бұл шаяндар қалайша мұндай күйге түсті екен?» деген сұрақ Житян Жыңфуды мазалай береді. Теңіз жағасында жүрген қайықшылардың бірінен бұл істің мән-жайын сұрайды. Балықшы бұл рактардың ыстық белдеу өңірінде тіршілік ететінін, кішкентай кезінде теңіз толқынының қайраңдағы тас қуыстарына ағызып әкелгенін, теңіз тасқыны қайтқаннан кейін олардың осында қалып қойып, тас қуысында ақырындап өсіп, еркек-ұрғашыдан қосарланып, кейіннен бір-бірінен ажырамай қалатынын, мұндай жәндіктердің дене тұрқы өте кішкентай болғандығы себепті, балықшылардың оларды ауламайтынын, тек балалардың ғана ұстап әкеліп, тас салынған балық күбісінде бағып ермек қылатынын айтады. "Сырт жерлерден келген саяхатшылар естелік үшін аздап ала кетеді", - деп күлді қайықшы. Бұларға кетерінде әлгі балалар өздері ұстаған шаяндардан бірнешеуін тарту етті.
Житян қонақүйге келген соң жатын бөлмесіне кіріп алып, түнде шырақ сәулесінде шаяндарды бақылайды. Бұл шаяндардың тұтас денесі мөп-мөлдір, өте әдемі екен. Бейне қос-қостан жұптасқан ғашықтардан аумай қалған.
Ол санасына келе қалған осы бір болымсыз қиял ұшқынынан ересен ірі сауда орайын байқайды. Жапонияға қайтқаннан кейін неке сыйлықтары дүкенін ашып, арнайы осы шаяндарды саудалайды. Оларды жіңішкелікпен мәнерлеп, әрлеп, «Жұбын жазбайтын қосақтар» деген әдемі ат қойып, сауда қорабына мұндай рактардың дүниеге келгеннен тірлігінің ақырына дейін бірге жасайтынын, өлген соң да бір-бірінен ажырамайтынын түсіндірме параққа жазып қояды. Мұндай шаяндар Токио базарында бір мезгіл ерекше танымал болыпты және дәстүрлі неке сыйлығына айналыпты. Житян Жыңфудың да атағы шығып, елдің бәрі қызыға қарайтын сауда серкесі болып шыға келіпті.