Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЫРАУЛЫҚ – БАҒЫМЫЗҒА БІТКЕН ӨНЕР

ЖЫРАУЛЫҚ – БАҒЫМЫЗҒА БІТКЕН ӨНЕР

Біз Сыр бойындағы дәстүрлі орындаушылық, шығармашылық, жыршылық, жыраулық өнерді әңгіме еткенде Қорқыт атаға соқпай кете алмаймыз. Қорқыттың ІХ-Х ғасырларда дүниеге келіп, содан бері ХХІ ғасырға жеткен еңбегіне сүйеніп, жалпы түркі әлемінің жыршылық-жыраулық тарихын түземіз. Абыз бабамыз өзіне дейінгі оғыз тайпаларының бұрынғы тарихы мен өз заманындағы тарихи оқиғаларды жырмен жазып кеткен ғұлама.
В.Бертольд аудармасын біздің қазақ ғалымдарының ішінде қазақ тілінде аударған марқұм Әуелбек Қоңыратбаев еді. Ғалым аударған «Қорқыт ата» кітабындағы негізгі сюжеттер – оғыздардың батырлық эпостары. Бұл кітап шешендік сөзбен эпос тілінде аударылды. Жалпы, Қорқыт – Ислам дәуірі жеткен кезде өмір сүрген ғұлама. Сондықтан жырда Исламның әсері жоқ емес. «Алла», «Құран» араб сөзі болса, «Тәңірі» – шаман ұғымы, «Құдай» парсы сөзі. Сондықтан жыр сюжеттерінің шыққан дәуірін ескеріп, бұл сөзді «Тәңір», ал Құран, Мұхамед сөз болатын Ислам әсері бар тұсында «Алла», «Құдай» деп алып жырдың көп қабаттылығына сай шешім еткен.
«Қорқыт жылдарында сол заманның әсері бар» дейді ғалым Ә.Қоңыратбаев. Жырда Құдай, пайғамбар сөзі көп айтылады. Алайда: «Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас, қар қанша жауғанмен жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас, ат қиналмай жол болмас, анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман, жабы мінген жау алмас, тозған мақта бөз болмас» – деген жолдарын қазіргі қазақ мақалдарына ұқсата білген.
Қорқыт атадан бергі жыраулық өнер құбылысы бізге жеткен деректерге қарағанда ХV ғасырда өмір сүрген Асан Қайғыдан басталатын секілді. 1989 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан, «Бес ғасыр жырлайды» жинағы осы Асан Қайғыдан басталады. Қазақ халқының ішкі-сыртқы жауларынан қорғанумен ел ішіндегі бірлікті сақтауда Асан Қайғы қазақ тарихына зор еңбек еткен жан.
Ол 1450 жылдары Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібек сұлтандарды жақтаған, Шу алқабында тұңғыш Қазақ Ордасының, жаңа мемлекеттің ұраншысы болған. Сол секілді Қазақ тарихында жыры мен найзасын қатар алып, мемлекет басшыларына рухани сүйеу бола білген қазақтың жыраулары аз болған жоқ. Мысалы, Қазтуған жырау, жауынгер жырау Доспамбет, 1490 жылдардағы Ноғайлы әміршісі Темірдің қасында, әміршінің ұраншы жорық жырауы, әрі нөкері есебінде болған Шалкиіз жырау Қырым, Терістік Кавказ, Дон өзені бойындағы жорықтарға қатысқан. Жиембет, Марқасқа, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау, Бұқар жырау (1668-1781), Исатай-Махамбет ұлт-азаттық қозғалысының жорық жырауы Ақ Кете Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867), Шапырашты Сүйінбай жырау (1822-1895), Кенесары ханның жорық жырауы Керейт Нысанбай (1822-1870), Сыздық төренің жанында болып ұраншысы болсам деп армандаған Базар жырау Оңдасұлы (1842-1911), Бітімбай, Жаппарберді, Төремұрат, Мысабай, Сүйкімбай, Сүйіндік, Жаңаберген, Дәріғұлдар қазіргі Сыр бойы жыршы-жыраулардың көк байрақ етіп көкке көтеретін тулары іспетті өнер иелері.
«Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөзбен қатар алдымызда өткен шайырларымыз бен жырау-жыршыларымыз жайында айтылатын өнегелі әңгіме көп. «Олар Сыр сүлейлері еді» дейтін халықтың берген дәрежелі даңқына ие болған өнерпаздарымыз жетерлік.
Ғалымдардың кітаптарында «жыршы», «жырау», «сүлей» сөздеріне берген пікірін көрейік. Қызылорда қаласынан ашылған «Сыр сүлейлері» аллеясындағы көрсеткіш тақталарда «сүлей» деген сөз термин есебінде Сыр саңлақтарына ауызша қолданылып келген халық берген бағаның бір түрі. Сүлей нақты өнерпаздың категориясы немесе поэтикалық анықтамасы емес. «Сүлей» немесе «сүле» сөзі көне моңғол жұртында «Соғыс Құдайы» деген ұғымды білдірген. Себебі, моңғолдар жорықтардың алдында ұрыс даласына ер-тоқымсыз ақ боз атты жіберетін болған. Ол соғыс Құдайының символикалық бейнесі деп есептелген. Осы рәсімді «сүле» немесе «сүлей» дейтін болған. Көне моңғол тілінен және ескі мифологиялық ырым-салттардан Сыр қазақтарына көшкен «сүлей» сөзі «Өлең-жырдың Құдайы» деген ауыспалы мағына беруші.
/жалғасы бар/

Жұмабек Аққұлов,
ҚР Мәдениет қайраткері
15 тамыз 2018 ж. 1 305 0