Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АДАМЗАТТЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ

АДАМЗАТТЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ


Бүгін бүкіл әлем халқы тойлайтын Халықаралық отбасы күні. Бұл мереке 1993 жылдан бері Бірлескен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясының бастамасымен аталып келеді. Отбасы – адамзаттың баға жетпес байлығы. Кіші Отанды құруда, жанұя болып қалыптасуда түрлі қиындықтар кездеседі. Сол қиындықтарды жеңу жолында әрбір жас отбасы түрлі табандылықты бастан өткереді. Ауыртпалыққа төзген жағдайда жарқын күндердің лебі еседі. Шаңырақтың шайқалмауы, береке-бірліктің болуы мызғымас отбасының негізгі қағидатына айналуы тиіс.
Шағын жанұя әр мемлекеттің бір бөлшегі ретінде саналады. Қашанда шаңырақтың шырайын келтіріп, бір арнаға ұйыстыра білген қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа берік. Үлкен үйдің табалдырығын аттаған әрбір жас келін барған жерінде бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп келетіні хақ. Жас келін келген күннен бастап көсегесі көгеріп, әулетте жан басы артады. Ене мен келіннің татулығы жарасым тауып, құндылықтар легі толастамайды. Ер азаматына қабақ шытпайтын есті әйел арқасүйер азаматының бабын табады. Балаларға тәлім-тәрбиесін беріп, енді тұра бастаған шаңырақтың керегесін берік етеді. Жалпы алғанда отбасы құндылығы ер мен әйелдің сыйластығында жатыр. Үнемі шаңырақ шаттығы болар үлкендеріміз бай қуатты, ұрпақтары саналы түрде жетілгенін тілейміз.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
15 мамыр 2018 ж. 2 025 0