Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орамал киесі

Орамал киесі

Антына берік қазақ әйелінің болмысына тән қасиет құн­дылығын жоғалтпас бойында­ғы тектілігі. Тарих қойнауына терең сүңгіп, қазақ ханымы­ның жарқын бейнесін өскелең ұрпаққа насихаттау біздердің парызымыз деп түсінемін. Ерінің қас-қабағына қарап, әрекет ететін ананың парасаттылығына кейде қайран қа­ларсыз. Кешегі ел басына туған қатерлі күнде де мойымай қиын­дықты еңсере білген әйел затының табандылығы ерекше. Біз бүгін ықылым заманнан әйелдің айрықша көркін ашқан орамал хақында айтпақпыз.
Еш уақытта қазақ әйелі өз арын аяқ асты қыл­май жоғары ұстаған. Ертеректен орамал тағуды өзіндік борышы санаған көреген бәйбіше мен нақ төрден орын алған бойжеткеннің ақылдылығы көпке үлгі. Етегі жер сүйреткен апамның айтқан өсиетінде орамалдың киесі қашанда биік тұрады. Шындығында, сырт көзге ажарыңды айқындайтын орамалдың құдіреті баршылық. Кезінде босағаны аттаған әрбір келін тобығына шаштың желбірін самайына түсірмеген. Жас ерекшелігіне қарай нәзік жандылардың басынан ешқашан түспеген оралмалдың қазақта сан түрі кездеседі. Үй шаруасына икемді, арзан, қымбат жаулықтың сәндісі әйел біткеннің сұлулығын аңғартады. Орамалдың өзіндік стильдік тұрғысынан алғанда қалың-жұқа етіп жібектен, жүннен, мақтадан тоқылған түрі халық арасында кеңінен танылған. Пішіміне қарай шаршы және қиықша болып бөлінетіні тағы бар. Негізінен орамал атауына тоқталар болсақ, жібектен шашақ­тап тоқылғанын «бөртпе», матадан және жібек арқылы шашақ шығармай тоқыған орамалдың қалың түрі «салы», торғын тектес, жұмсақ үлпілдек матадан немесе ешкі, түбітінен жасалған орамалды «салы», «бөкебай» деп атайды.
«Сәбиін дәретсіз емізбеген» аналарымыздың сер­ті ерінің абыройына нұқсан келтірмеу. Ұяты жа­на­рынан моншақ болып төгілген әйелдің киесі бар­шы­лық. Басты байлығы отбасындағы баласына жақсы тәрбие беру арқылы үлгі болады. Тәрбиенің қайнар көзі ізінен ерген қызының бойына ибалылық пен инабаттылықты дарыту. Барғанда жерінде жаман атқа қалмау үшін үйдегі қылықты орамалдың тасасына жасыру қатаң қағида. Қазақы қадір-қасиеттің құндылығы ақ жаулықты ананың алдын кесіп өтпеуде. Бұрын самайына ақ түскен бәйбішенің айналасына айтқан әмірі мүлтіксіз орындалатын. Киелі орамалды таққан мезетте түтіні түзу шыққан шаңырақтың берекелі отанасына айналатыны хақ.
Талай аумалы-төкпелі ықылым заманда ерінің жоқтығын пайдаланып, баса көктеген озбырдың әрекеті орамалын ту еткен әйел затының арына нұқсан келтіру еді. Жаулығын жерге құлатпаған қазақ ханымының бар ойы ерінен қалған тұяқты аман-есен жеткізу екені сөзсіз. Тауқыметті қиын-қыстау күнде орамалына дақ түсірмеген ана келбеті айшықты. Осындай қажыр-қайратымен ер сеніміне селкеу түсірмеген әзиз ананың мықтылығын бүгінде кей бойжеткен мен келіншегіміз, орта буын әйелдеріміз қайталай алмай жүрген іспетті. Оның айқын дәлелі көз алдымызға күнде ұшырасады.
Есте қалғаны қайбір жылы ел көңілінен шыққан талантты әнші Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» әні жанды жадыратады. Нағыз қазақ қы­зына тән ибалылықты суреттеген әннің мазмұны көпті ойлантатыны сөзсіз. Тұлымшағы желбіреген қарындастарымыз ана тәлімін санаға тоқып, ора­малдың киесін сақтай білгені абзал.

Б.ОРДАБЕКОВ
27 желтоқсан 2018 ж. 2 772 0