Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Руслан Рызманов студент:Мен өзімді қазақпын деп есептеймін

Руслан Рызманов студент:Мен өзімді қазақпын деп есептеймін

Біздің анықтама:
Руслан Рустамұлы 1998 жылы Қармақшы ауданы ІІІ интернационал ауылында дүниеге келген. №108 орта мектептен соң Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне оқуға түскен. Қазір"Ән салу" бөлімінің 4 курс студенті. 2016 жылы Астанада өткен "Абай оқулары" байқауының ІІ орын иегері.
– Осы уақытқа дейін біраз байқауға қатысып, жүлделі орын иелендіңіз. Толығырақ айтсаңыз?
– Бала күнімнен өнерге бір табан жақын өстім. Расымен, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Оның ішінде республикалық байқаулардың орны бөлек. Таланттар жиналған байқауда бақ сынаудың өзі жетістік, ал одан жүлделі орын алсаң, мақсатыңа жеткенің. Семей қаласында өткен Мұқан Төлебев атындағы республикалық конкурста ІІ орын иелендім. Биыл облыс әкімі алғыс хатпен марапаттады. Бұл марапаттың мен үшін орны бөлек.
– Елімізде өткізілетін байқауларға көңіліңіз тола ма немесе не жетіспейді?
– Елімізде өткізілетін байқаулардың басым көпшілігін белгілі бір мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында ұтып алады. Сол ұтқан мекеменің ұйымдастырушылық қабілетіне қарай байқаулар түрлі дәрежеде өтеді. Байқаудың өткізілу формасы көп жағдайда жаттанды, яғни қайталана береді. Бұл шығармашылық адамының ашылуына, бар ынтасын салуына бір жағынан кедергі келтіруі мүмкін. Тіпті бір байқауда көрген әділ қазылар алқасы келесі байқауда да отырады. Соңғы кезде мұндайға таң қалмайтын да болдық. Кейде осы бала мықты екен, дауысы жоғары екен деп тұрғанда басқа біреу жеңімпаз атанады. "Байқау әділ өтпеді" деп кейде әділ қазыларды айыптаған кезіміз болды. Қазір ойласам, мұның барлығы біздің вокалдық дәрежеміздің төмендігінен екенін ұқтым. Сондықтан "жеті рет өлшеп, бір рет піш" дегенді құптаймын.
– Соңғы уақытта шетелдік әншілердің әнімізді шырқап танымалдығы артып жүр. Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Рас. Шетелдік әншілер Абай Бегейдің "Аспанға қараймын" әнін орындап, әлеуметтік желіде танымалдылығы артты. Мұның барлығы әдейі жасалған дүние. Өз елінде бағасын алмаған әншілерді аспанға қаратып, атағын асырып жібердік. Олардың қазақ тілін меңгермегенін де жақсы білемін. Яғни олар әнді орындағанымен ырғақпен айтып шықты, бірақ мағынасын білмейді. Сондықтан оқырман қауымнан сұрарым қазақша өлең айтты екен деп оларға көпшік қоюдың қажеті жоқ. Біздің талай әншіміз шетелдің әндерін жоғары деңгейде орындап жүр. Бірақ оларды ешкім бағалап жатқан жоқ қой?! Сондықтан өз тіліміздің дәрежесін түсірмейік. Ал менің ұлтым басқа болса да, қазақ тілінде ән орындауымның орны бір бөлек.
– Шыныңызды айтыңызшы, өзіңізге қазақ тілін үйрену қиын болды ма?
– Мен қазақ топырағында туып-өсіп, салт-дәстүрін, тілі мен ділін жетік меңгердім. Ауылда өскендіктен болар, мектепті орысша оқысам да, қазақ тілін қазақтардан жақсы білемін (күліп).

– Абай өлеңдерін жаттауға деген қызығушылық қалай пайда болды?
– Түсінген жанға Абайдың бір өлеңі өмірлік маңызы бар қағида. Әні де бір бөлек дүние. Бала күнімнен әдеби кітап оқуға, өлең жаттап, бір-бірімізбен жарысуға құмар едік. Шығармашылық ортам ауылда, балалармен ойын барысында қалыптасты. Одан бөлек, Абай халқының мүшкіл халін ойлап, өткір сөзімен сол қауіптен құтылар сара жолды көрсетті. Яғни ол рухани білімді әлем заңдылығының қайнар көзі ретінде ұсына білді. Сондай кемеңгер тұлғаны кеңірек таныту, оның жүрегіне бойлау қазақ баласы үшін рухани тәрбиемен сусындаудың негізгі жолы екенін ұқтым.
– Егер құпия болмаса, өзіңіздің үздіксіз ізденістеріңізге, тілді терең меңгеру жолындағы талпынысыңызға тоқталсаңыз?
– Әрбір жан қандай да бір жетістікке жетсе, оның бұл алға мақсат қоя білуінен дер едім. Барлығы да адамның игі ниетіне, алға қойған мақсатына тікелей байланысты. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Бәрі де қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасы. Жоғарыда айтқанымдай, күнделікті қазақ балаларымен сөйлесумен қатар, көркем әдебиеттерді көп оқыдым. Өмірден алынған даналықтың түйіні саналатын ұлғатты сөздерді бойыма сіңірдім. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетін әлемге танытқан ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз оқыдым. Мұның барлығы менің білімімді жетілдірді. Бірқатар марапаттарға ие болуыма септігін тигізді. Сол алған мақтау қағаздарым өткен күннен сыр шертіп тұратындай.
–Абай Құнанбаевтан басқа кімнің өлеңін жаттағанды ұнатасыз?
– Мұқағали Мақатаев, Қадір Мырзаәлі, Жұбан Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергеновтың шығармашылығымен жақсы таныспын. Көп өлеңдерін жатқа білемін.
– Өзіңіз қазір қазақ ұлтына сіңісіп кеттіңіз. «Жақсыда жаттық жоқ» деп бекер айтылмаған. Қазақ ұлтының қай қасиетін ерекше бағалайсыз?
– Қазақ халқына сіңісіп кеткендіктен, ұлтым бөлек болса да, өзімді қазақпын деп есептеймін. Әрбір қазақтың бойынан табылатын қасиет менің де бойымда бар.
– Қазір Абайдың өлеңін жатқа айтып, шығармаларын жақсы танисыз. Бірақ Әуезов өзі "Абайды мұхиттан қасықтап алдым" дейді. Сіз Абай философиясын қаншалықты деңгейде түсіндіңіз?
– Абай әлемі, жан дүниесі, өлеңдерінің мағынасы маңызын жоймайтын құндылық ретінде әлі де зерттелуде. Мен ақынның шығармашылығын жақсы оқығаныммен қаншалықты түсіне алғанымды, өмірлік тәжірибе көрсете жатар. Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жанымызға жақын адамымыздай. Әрбір сөзінен өнеге алып, ағалық ақыл айтқанын ұғамыз. Егер әрбір қазақ баласы "Абай жолын" қолға алып, бір өлеңін болса да, қайталап оқып отырса, өзі Абай алдында іштей есеп берсе, қалай өмір сүріп жатырмын, Абайдың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба, дегендей ойда жүрсе, әр қазақтың бағы жанар еді.
– Абай – композитор. Әнші ретінде Абайдың өлеңдерін жатқа айтудан бөлек, сахнада орындайсыз ба?
– Әрине, ақынның "Желсіз түнде жарық ай", "Көзімнің қарасы", "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" әндерін жиі орындаймын.
– Соңғы жаттаған өлеңіңіз қандай?
– Жуырда Жұбан Молдағалиевтың "Қызыл галстук" өлеңін жаттадым. Ал әдебиеттерден айтар болсақ, Шыңғыс Айтматовтың "Жан пида" романын оқып шықтым.
– Жуырда Елбасының мақаласы жарық көрді. Не түйдіңіз?
– Экономикасы қарыштап дамыған Еуропаның мемлекеттері бай тарихымен мақтанады. Кино түсіріп, жарқыратып көрсетуге асығады. Одан да бай тарих бізде де бар. Бірақ оны бөлек-бөлек үзінді емес, бүгінгі күнмен сабақтастырып, тұтастай қарау керек. Елбасы мақаласының мәні осыдан шығады. Тарихи тұлғалар туралы фильмдер түсіріп, ежелгі мәдениетімізді көрсететін мұражайлар ашылатыны қуантады. Одан бөлек, Отырар қаласы қалпына келтіріліп, туристік аймаққа айналады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы "Рухани жаңғыру" мақаласының өзегі іспеттес. Яғни құр тарихи деректер емес, жалпақ жұрт түсінетін мәдени дүниеге айналдыру мәселесін қозғайды. Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған ұсынысы мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне сенімдімін. Өйткені тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа ұмтылады.
– "Жігітке жеті өнер де аз" деп жатамыз. Сіздің көпшілік білмейтін қандай қырыңыз бар?
– Жалпы көпшілік мені әнші ретінде таниды. Десе де бос уақытымда таза ауада, табиғат аясында сурет салғанды ұнатамын.
– "Ақмешіт жастары" газетін тұрақты оқисыз ба?
– Әрине, тұрақты оқырманымын. Ұжымыңызға шығармашылық шабыт тілеймін.


Сұқбаттасқан А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
09 желтоқсан 2018 ж. 508 0