Биге зерек ЗЕРЕ
Зере жастайынан қазақтың бекзат өнері – биге жақын болды. Осы жанр телеарнадан беріліп жатса, көз алмай қарап, өскенде мың бұралған биші боламын деп қиялға берілетін.
Көкейдегі осы арман 2005 жылы Зере Айсинаны аудандық әуез мектебінің хореография сыныбына қосымша оқуға алып келді. Бұл кезде ол кент орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің екінші сыныбында оқитын еді. Содан бастап хореограф оқытушы Гүлшат Өтебасованың би сыныбында оқыды. Сол жылдары әуез мектебінің би сыныбы жақсы қалыптасып, тәрбиеленушілері аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Әсіресе, бұл байқауларда Зеренің биге деген зеректігі таныла бастады. Атап айтатын болсақ, З.Айсина 2008 жылы Алматы қаласында өткен «Бозторғай» Халықаралық балалар байқауына қатысып, дипломант атанды. Ал 2009 жылы балғын биші «Айды аспанға шығарып», Астана қаласы әкімдігі мен қалалық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Бал бөбек» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей білікті хореограф Гүлшат Өтебасованың жетекшілігімен жас бишінің жеңісті жолы жалғаса түсті. Соған орай 2011 жылы Шымкент қаласында өткен «Балауса» республикалық байқауында тағы да бас жүлдені иеленді.
Зере Айсина 2015 жылы аудандық әуез мектебі би класының толық курсын аяқтап, бала күннен армандаған биші болуға талпыныс жасап, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледждің хореографиялық бөліміне оқуға түсті. Жас биші колледж қабырғасында да би өнерінің қыр-сырына қанығып, білімін одан әрі ұштай түсті. Сол студент күнінде Қазақ хандығының – 550 жылдығына орай Астана қаласының Бейбітшілік сарайында өткен республикалық «Ұлттық дельфий ойындары» байқауында үшінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ ару қала Алматыда өткен «Өрлеу» Халықаралық байқауында лауреат атанып, Кипр республикасының Рамагуста қаласында өткен бүкіл Дүние жүзілік би фестиваліне қатысу құрметіне ие болды. Жас күнінен би өнеріне деген қызығушылық Зерені осындай биіктерге самғатты.
З.Айсина 2017 жылы арнаулы оқу орнын бітіргеннен кейін өзі бір кезде тәлім алған аудандық әуез мектебіне мамандығы бойынша хореограф болып, жұмысқа орналасты. Балаларға би өнерінің құдіретін ұғындыра жүріп, Зере республикалық байқауларға қатысуын жалғастырып келеді. Биылғы жылдың наурыз айында Алматы қаласында өткен «Атадан-мұра» республикалық байқауында, сондай-ақ Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Жұлдызға жол» республикалық байқауында бас жүлделерді жеңіп алды. Сонымен қатар ол ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Биылғы жылдың Ұлыстың Ұлы күнінде орталық алаңда сахнаның «Көктем биімен» ашылуына қатысты. Жас биші өз жанры бойынша бірнеше сертификаттардың иесі. Онда «Классикалық би жөнінде» Қазақстан Хореографтар Одағының, Қазақстан таланттары «Халық биі стилизациясы» бойынша «Шығармашылық дамыту» орталығының және т.б. сертификаттар бар.
Би өнерінде биік белестерді бағындырып, аймағымыздың намысын ту қылып жоғары ұстап жүрген жас талантқа шығармашылық табыс тілейміз.
Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ