Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » САУДАСЫ КЕҢЕЙГЕН ДҮКЕН

САУДАСЫ КЕҢЕЙГЕН ДҮКЕН


Елді мекенде халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған 4 дүкен бар. Соның ішінде «Айсұлу» сауда дүкені өз жұмысын биыл кеңейткен. Оның иесі – Жаңылай Бәйменова.
1980 жылдан бері аталмыш саланың қыр-сырын білетін жан бастапқыда ауыл өнімін сатқан. Кеңестік кезеңдегі мемлекеттік сауда орталығында жұмыс жасап, тиыннан тиын құрап, 2002 жылы елді мекен орталығынан шағын дүкен ашады. Оған қаладан азық-түлік, қажетті заттарды әкеліп саудаға қойған. Сонымен қатар, ауыл халқының азық-түлігін өткізіп те береді. Осылай сауда ісін кеңейтіп, биылғы жылы жаңадан дүкен салған. Қазір тұрғындардың басым бөлігі осы сауда орнының тұтынушысы. Осы күні де Жаңылай Бәйменова ауыл халқының өнімін саудаға қояды екен.
– Ел болған соң қажет­тіліктер көп. Ол үшін сауда дүкендері бар. Көп жылдар бойына осы саудамен күн көріп келеміз. Ауылда мал асырап, ет сататындар, көкөніс егетіндер көп. Соларды өткізіп беремін. Қазір дүкенде сиыр етінің бағасы 1300-ден, жылқы еті 1500-ден сатылуда. Дү­кенге ыдыс-аяқ та әкеліп қойғанмын, – деген кәсіпкер көмекші ретінде 1 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты.
Бір қызығы, сатушы сатқан дүниелерінің есебін есепшот арқылы шығарып отырады. Қазір қай дүкенге барсаң да сатушылар калькулятормен есептейді. Ал Жаңылай апа сол бұрынғының ізімен есепшотпен нақты төлемді шығарып береді. Ол кісі калькуляторды білетінін, бірақ есепшотпен есептеген қолайлы екенін айтады.

 Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
25 қыркүйек 2018 ж. 1 766 0