Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН АҒАЙЫНДЫЛАР

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН АҒАЙЫНДЫЛАР


Ауылдағы ағайының күн сайынғы әрекеті көз алдымда тұрғандай. Таң атқаннан темір шелекті білегіне қыстырған апаларымыз сиыр сауып, аталарымыз мал жайғайды. Аманкелділік тұрғындар ертеректен бас­тау алған ата кәсіп мал шаруашылығына бет бұрып, төрт түлігін жамыратып, сонымен көктеп көгеріп, нәпақасын тауып отырған жандар. Кәдімгі қарапайым халқы қазанның оттан түсірмеген қалпында қыруар тірлікпен айналысады. Тұрғындар «мал баққанға бітеді» – дегенді өмірлік қағидаға айналдырғалы қай заман. Таң атысы мен күн батысы аралықта өріске кеткен малды қайырған балалар, қозыны баққан қыр басындағы қариялар, жылқының ебін тапқан бақташылар еңбегі орасан. Шалғайдағы елді-мекенге ат басын бұрғанымыздағы мақсат – кәсіпкерлікті дамытудағы ілкімді істер жайын көру болатын. Жол бастаушы ауылдық әкімдіктің бас маманы Бауыржан бауырымыз бұл мекенде мал ұстайтындар қатары көбейіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Өзіміз қолқа салып, ата кәсіпті жандырып келе жатқан кәсіпкерлер жұмысын көрсетуді сұрадық. Еш ойланбастан ол ағайындылар яки малшылар әулетін көрсетуге бел байлады. Осылайша біз қашанда қорасында жылқы кісінеп, тай, құлындар ойнақтаған ағайындылар шаңырына ат ізін салдық.
Осы ауылда өсіп, жылқының ебін тапқан Бижан ақсақал табандай жиырма жылдан аса уақыт жылқы баққан. Қай кезде де адам серігіне айналған жылқының қасиетін ұғынып, адал кәсіпті жанына серік қылады. Үйір-үйір жылқының бабын тауып, балаларын ата кәсіпті игеруге баулиды. Қамшыны дұрыс ұстаудан бастап, ертоқымды ат үстіне орналастыру, жеп-шөпті мөлшерлі беру қағидаттары атадан-балаға берілген дәстүр. Бордақылау арқылы семіртіп, жілікке бөлу, мал мүшесін тануды перзентеріне үнемі ұғындырып отырады. Бүгінде балалары да жылқышылық дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, үйірлі жылқыға ие болып отыр. Мәселен, Бекзада Сейдалиев 2014 жылы «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 1 млн 600 мың теңге көлемінде несиеге асыл тұқымды жылқылар алып, өз кәсібін ашады. Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында мол қаражат алуды қарастыруда. Қазіргі мал басы ұлғайған Бекзада Бижанұлы алдағы уақытта жұмыс көзін оңтайландыруға күш салмақ. Ал, Текзада Сейдалиев те бауыры секілді аталмыш қордан несие алып, жылқы бағуды қолға алады. Шағын кәсіпті үлкейтуге бұлда күні-түні еңбек етуде. Өзі 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болса да, бала жас­тан ат үстінен түспегендігін, шамасы жеткенше жылқыны бағуға әбден машықтанғаны оның іс-әрекетінен анық аңғарылады. Әкеден көрген кәсібін гүлдентуге бел буған ағайындылар қатарында бұрын ішкі істер саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан Шаһзада да жылқы бағуға машықтанған.
Аз-кем уақытта біз де жылқы біткен көп күтімді қажет қылатындығын аңғардық. Ағайынды жігіттер үй ауласынан бас­тап қораға дейінгі аралықта тазалықты қатаң сақтаған. Бижан ақсақалдың 4 ұл, 2 қызы әулет абыройына еш уақыт нұқсан келтірмеген. Қайта ұлдары ата кәсіпті жалғап, дәстүрді қалыптастырғаны мақтанарлық. Келешекте кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жылқы баптаушылар қатарында ұрпақтары да еңбеккер атанатынына сенім мол.
23 мамыр 2018 ж. 1 992 0