ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢ ТІК
Өткен аптаның сенбісінде Бесарық ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Туған жерге туыңды тік» тақырыбында шара ауылдық мәдениет үйінде өтті. Жиынға қатысушылар бағдарламаға сәйкес №147 орта мектеп те кәсіпкерлер Сейтмұратов Айдарбек, Мұхымов Батырбай және «Абзал және К» ТС демеушілігімен жабдықталған кабинеттер, мұражайда, ағылшын тілін оқытатын кабинеттермен таэквандо, дзюдо спорт секцияларының жетістіктерімен танысып, Бесарық ауылдық мұражайында болып, ауыл тарихын зерттейтін ғылыми жобалардың жеңімпаздарының жұмысын, тарихи жәдігерлерін көріп, білді. Сонымен қатар облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Жылқайдарова Қазына, Жүнісбаева Мөлдір, «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблінің өнерімен танысты. Шара барысында аудандық мәслихат депутаты Оразбек Сейтмұратов, ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Жұмабай Әубәкірдің қатысуымен өткен тарихи тағылымы бар, «Таңбалы тас», «Ишан ата» немесе «Туған жерге тағзым» атты «Қоғам ТВ» телеарнасының дайындаған фильмдері көрсетілді.
Алқалы басқосуды Бесарық ауылдық округі әкімі Нәзира Жүсіпова ашып, тағылымды шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Елбасының айтулы мақаласында айтқан «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған шара жөнінде аз-кем мағлұматтар берді. Ауылдан шыққан тұлғалардың жүріп өткен жолдарымен таныстырды. Оларға қашанда ауыл жұртшылығы құрметпен қарайтындығын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған ардагер С.Сүлейменов, «Бесарық» ЖШС төрағасы Б.Битимбаев, «ҚазҚұрылысСервис» компаниясының бас директоры А.Сейтмұратов, «Абай Дәулет» ЖШС төрағасы Д.Абайұлы, «Сарғали» шаруашылық төрағасы Т.Нұржанов, мәдениет үйінің әдіскері Ж.Әубәкір ауылдың рухани дамуына үлес қосу жолында жасалған жұмыстар легіне тоқталды. 2018-2019 жылдарға атқаруға тиісті іс-шараларының жобасын жүзеге асыру мақсатында «Туған жер» қоғамдық қорын құру жөнінде ұсыныс пікірлерін жеткізді. Жиын соңында ауылдың көркейіп, дамуына үзіндік үлестерін қосуға ниетті азаматтар Елбасы мақаласындағы бірқатар тұжырымдамаларға тоқталып, тұрғындар игілігіне жасалатын бастамаларға себепкер болуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ