КӨМІР ТАПШЫ МА?
Күздегі күннің салқындығы қыстың таяп қалғанын аңғартты. Бүгінде күніміз жылы болғанымен, түніміз ызғарлы. Соның әсерінен үй салқындап, тоңа бастадық. Тіпті, бірді-екілі үй от жағып, мұржадан түтін шығуда. Бұл жылу маусымының басталғанын білдіреді. Осы орайда, халық қысқа қамданып, отын-суын сайлап алуға асығуда. Мұндағы ең басты алаңдатарлық мәселе – ауданда көмір тапшы ма?
Иә, енді бір-екі жыл күтсек, аудан тұрғындары көгілдір отынның да игілігін көрмек. Қазіргі таңда газ құбырының желісі аудан іргесіне келіп тұрғанымен оны бүгін-ертең тұтынбайтынымыз түсінікті. Сондықтан қақаған қыстан шығу үшін тонналап көмір түсіріп алу керек. Осы тұста, «ауданда қатты отын (көмір) мөлшері жеткілікті ме?» және «тұрғындар қаншалықты қамданып жатыр» деген сауалдарға жауап іздеу мақсатында аудан орталығындағы көмір сататын орындарды жағалап көрдік.
Ең алдымен, пойыз жолдың арғы бетіндегі «Углесбыт» ЖШС көмір қоймасына бардық. Әрине, аудан халқының көпшілігі осы маңнан қатты отынды алатыны белгілі. Тіптен, өткен қыста ұзын-сонар кезекте тұрып көмір тасыған кездер де болған. Сол себепті де осы қоймадағы ахуалды бағамдауға бірінші келдік. Келген бойда аңғарғанымыз мұнда сабылып жатқан кезек жоқ. Алайда, өз кезегімен қажетті көмір мөлшерін көлікке тиетіп, алып кетіп жатқан тұрғындар бар. Осы арада қоймадағы көмірді қажетінше үлестіріп беріп отырған Серікбол Есеновпен тілдесіп, көкейдегі сұрақтарды қойдық. Таразыны бағамдаған маман сауалдарға іркілместен жауап қатты.
– Қазір қоймада «Қаражыра» және «Екібастұз» көмірі бар. Тұрғындар «Қаражыра» көмірін алуда. Өткен жексенбіде 7 вагон келген. Оған қоса, апта ағымында тағы да 3 вагон «Қаражыра» көмірі түсті. Әзірге көмірден тапшылық жоқ. Қажетті қатты отын мөлшері келіп тұр. Қазір тұрғындар да саябырсыды, – деді С.Есенов.
Ал сұраныс жоғары болған «Шұбаркөл» көмірінің келуі әзірге тоқтап тұр екен. Соңғы рет тамыз айында келген.
– Шілде мен тамыз айында «Шұбаркөл» апта сайын келді. Одан кейін ауданға бұл көмір түрін әкелу мүмкін болмай тұр. Облыс орталығына жеткізілуде. Бірақ ауданда жоқ. Өткен жылы «Шұбаркөл» көмірін әкелу қараша айынан кейін қиындаған еді. Биыл қыркүйек айынан басталды, – деді кәсіпкер.
Айтса айтқандай, жұртшылық «Шұбаркөл» көмірін алғысы келетіні рас. Оның келуін күтеміз дейтіндер де бар. Бірақ, күн райы құбылып, суытқан шақта таңдауға да мүмкіндік болмай қалатын кездер болады. Сондықтан бар кезде «Қаражыра» көмірін түсіріп алған жөн. Десе де, аудан халқының көпшілігі қысқа қамданып үлгерген. Көбісі 2-3 тоннадан, кейбірі 5-6 тоннадан көмір түсіріп алыпты.
Келесі кезекте сырдариялықтардың жиі баратын «Нұргүл» ЖШС қоймасына да арнайы бас сұқтық. Бұл жерде де қатты отын қалай келсе, солай жылдам өтіп жатады. Серіктестік төрағасы Сламбек Тоқсанбаев бүгінде көмір қоры жеткілікті екенін айтты.
– Халық көмірді таңдайды. Содан-ақ көмір тапшы ма, тапшы емес па біле беруге болады. Биылғы жаздан бері 320 тонна көлемінде көмір сатылды. Соңғы рет 3 тамызда 210 тонна «Майкөбе» және «Богатырь» көмірі келген болатын. Қазір қоймада 52 тонна «Майкөбе» көмірі бар. Серіктестік көбіне аудандағы мекемелерді оның ішінде мектеп, балабақшаны көмірмен қамтамасыз етеді, – деді төраға.
С.Тоқсанбаев көмір жеткізуде вагонның жетіспеушілігі бар екенін жеткізді. Табиғи отынға бір жарым ай бұрын ақшасын төлеп қойған. Алайда, вагонның жетіспеуі қажетті қатты отынның келуіне кедергі келтіруде. Дегенмен, серіктестік төрағасы осы айдың 15-не дейін 1 вагон «Шұбаркөл», 1 вагон «Майкөбе» көмірі келетінін айтты.
Д.Керейтбаев бойындағы «Нұрдәулет» ЖК да кенттегі көмір сататын ірі ошақтардың бірі. Қоймада қазір «Қаражыра» көмірі тау-тау болып үйіліп жатыр. Жеке кәсіпкер Әділбек Серікбаев бұл жерде «Қаражыраның» 1200 тоннасы бар екенін айтты. Соңғы рет осы аптаның басында 6 вагон келсе, бүгін-ертең 3 вагон көмір түсуі тиіс. Кәсіпкер жыл өткен сайын көмір жеткізу қиындап бара жатқанын жеткізді.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын көмір әкелуде қиындық туындамап еді. Соңғы жылдары қатты отынмен қамтуда кедергілер көбейіп кетті. Көпшілік қалайтын «Шұбаркөлді» әкелгіміз-ақ келеді. Алайда, делдалдар «көмір жоқ» дейді, кейде вагон жетіспеушілігін сылтауратады. Басқа көмір алатын болсақ вагон табылады да, «Шұбаркөлге» келгенде жетіспей қалады. Содан қазір біз қоймаға «Қаражыраны» үйіп жатырмыз, – деді Ә.Серікбаев. Кәсіпкер былтырлары қазан айынан бастап жеткізілетін табиғи отын осы жылы тамыз айынан әкелініп жатқанның себебін де түсіндірді. Бұл қысқа таман көмір алудың қиындығына байланысты. Одан бұрын шілде айынан алуға болатын еді. Алайда, күннің қызуымен үйілген көмір арасы бықсып, өртенетін көрінеді. Ол әрине, шығын.
Жалпы, көмір қоймаларын аралап көргенде әзірге көмір тапшылығы сезілмейтінін байқадық. Тұрғындар қатты отынды қажетінше алып кетуде. Кәсіпкерлер айтқандай, алдағы күндері тағы да вагон-вагон көмір түссе, қысқа қамданып алуға мүмкіндік бар. Ал көмір тасымалдаушылар айтқан қиыншылықтар қытымыр қыстың кезінде жұртшылықты әбігерге салмаса болғаны. Сондықтан «барына базар» деп тау-тау көмірден түсіріп ала беру керек.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 1