Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛЖАН АХУНДАҒЫ КӨКПАР

ҚАЛЖАН АХУНДАҒЫ КӨКПАР


Көкпар – қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі.  Ол жастарды батылдыққа, төзімділікке, ептілікке       баулиды. Ойынның атауы «көкбөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Басқа малдың терісі жыртылғыш болса, серкенің терісі жыртылмайды. Көкпар тартуға арналғандай. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары Орта Азия халықтарымен бірге Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып, үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.
Жақында аудан орталығына іргелес Қалжан ахун ауылында көкпар ойыны ұйымдастырылды. Бұл ауылдың жастары спорт төресі – футболдан ғана ауданның алды емес, көкпарды да ешкімнен кем тартпайтынын көрсетті. Көкпарды ұйымдастырған көп жыл ауылда малшы, күрішші болған Сейілбек Байжүнісов атты азамат. Сәкең денсаулығы бар кезде аттың құлағында ойнайтын, ұлттық көкпар ойынына қатысушылардың бірі екен. 18 қыркүйек күні немересі Ернар 1 жасқа толып, тұсаукесерін жасады. Ұлан асыр той жасамаса да, үлкендердің батасын алып, ауыл жастарына көкпар берді. Қазан-қазан ет асып, ас ішіп, аяқ табақ босатқаннан гөрі, көкпардың қызығы ел есінде көпке дейін қалады. Елді-мекен шетіндегі аумағы ат шаптырым жазықтыққа қазандықтар сызылып, ауылдан сайланып шыққан 11-12 көкпаршы жігіттер доданы қыздырды. Ауыл әкімі Нұрлан Қарсақбаев бастаған жастар, ауыл тұрғындары көкпарды қызықтады. Бәйге, көкпар аттарын баптайтын атқұмар азамат, кент тұрғыны Тимур Хусайнов, ауылдың белсенді жасы Жандос Маханбетов көкпарға атпен жүріп, қазылық етті.


– Ауыл жастары ұлттық спортқа құштар. Бүгін олардың қатары бұдан да көп болатын еді. Бірқатары өріске мал қарап кеткен. Көкпар ауыл-ауылдарда егін жиналып, жиын-терім аяқталған күзде қызады. Биылғы көкпарды Сейілбек ағамыз бастап беріп, өнегелі іс жасап отыр, - дейді Т.Хусайнов.
Иә, айтса-айтқандай Қалжан ахундағы көкпарда 15 салым берілді. Оған аты жарамды, қарулы, епті жігіттер көптеп ие болды. Салым, салым ғой, ал, көкпарды қарсыласынан айласын асырып, тартып алып, тақымына басқан, содан соң қоршауды бұзып-жарып алға ұмтылған айбынды жігіттерді көргенде ертегілердің батырлары көз алдыңа елестейді. Тегеурінді жігіттердің көз ілеспес жылдамдығына, ептілігіне айызың қанады. Көкпардың қызығы да осы ғой.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ


25 қыркүйек 2018 ж. 1 681 0