Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда 529 мың адамға берілетін жәрдемақы қайта қаралуы мүмкін

Қазақстанда 529 мың адамға берілетін жәрдемақы қайта қаралуы мүмкін

Қазақстанда 529 мыңға жуық адамның мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, қазір азаматтардың әл-ауқатына қатысты деректерді талдау жалғасып жатыр. Оның нәтижесінде кейбір отбасылардың мемлекеттік әлеуметтік көмек алу құқығы қайта қаралуы мүмкін. Тиісті азаматтарға бұл туралы push-хабарламалар жіберіледі.

«Қателік болмауы керек. Біз азаматтарға артықшылық бергенді жөн көреміз. Біреуге тиесілі көмекті бермей қойғаннан гөрі, азаматтардың пайдасына шешім қабылдаған дұрыс. Бұл жерде мақсат – кез келген жолмен бюджет қаражатын үнемдеу емес», деді Серік Жұманғарин.

Мұқтаждық деңгейін анықтау үшін шамамен 30 цифрлық жүйедегі деректер пайдаланылмақ. Отбасының жағдайы әртүрлі дерекқордағы мәліметтер негізінде бағаланып, қорытынды ай сайын шығарылып отырады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің 20 өңіріне жұмыс топтарын жібереді.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының бір бөлігі отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Қайта қаралатын төлемдер қатарына бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім төлемі және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы кіреді.

Сурет: ЖИ иллюстрация
14 қазан 2026 ж. 49 0