«Заң мен тәртіп» аясында профилактикалық іс-шара өткізілді
Құқықтық мәдениет пен қауіпсіздік дағдыларын бала бойына жастайынан сіңіру – саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызды шарттарының бірі. Осы мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері №264 мектептің 3-сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Кездесу барысында оқушыларға буллингтің алдын алу, ұрлыққа жол бермеу және жол-көлік оқиғаларынан сақтану мәселелері кеңінен түсіндірілді. Полиция қызметкерлері балаларға өзара сыйластық пен ізеттіліктің маңызын түсіндіріп, өзгелердің құқықтарын құрметтеу, өзгенің мүлкіне қол сұқпау және қандай жағдайда да заң талаптарын сақтау қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушыларға көшеде және жол бойында абай болу, жолды белгіленген орындардан кесіп өту, бағдаршамның белгілеріне бағыну керектігі ескертілді. Өйткені қарапайым қауіпсіздік қағидаларын білу мен оларды күнделікті өмірде ұстану – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.
Жас ұрпаққа заң талаптарын түсіндіру, қауіпсіздік ережелерін үйрету және құқық бұзушылықтың алдын алу – ортақ міндет.
Қауіпсіз балалық шақ – жарқын болашақтың кепілі. Ал тәртіп пен жауапкершілікке негізделген тәрбие – сол болашаққа бастар сенімді жол.










