Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әйел өмірі үшін»: Сүт безі обырының алдын алу маңызды

«Әйел өмірі үшін»: Сүт безі обырының алдын алу маңызды

«Әділет» партиясының іс-шаралар жоспарына сәйкес, 3–31 қазан аралығында өтіп жатқан «Әйел өмірі үшін» сүт безі обыры туралы ақпараттандыру айлығы аясында Сырдария аудандық емханасының онколог-дәрігері Майра Халыбаева тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ақ халатты абзал жан таңғы уақытта аудандық орталық стадионға арнайы барып, дене шынықтырумен айналысуға келген тұрғындарға сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте анықтау және уақытылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.

Майра Халыбаеваның айтуынша, денсаулықты сақтау үшін салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті қозғалыс белсенділігін арттырудың маңызы зор.

«Денсаулық – адам өміріндегі ең басты байлық. Әсіресе, таңертең таза ауада жаяу жүру, жеңіл жаттығулар жасау және тұрақты түрде дене белсенділігімен айналысу ағзаның саулығын сақтауға көмектеседі. Қозғалыс белсенділігі артық салмақтың алдын алып, жалпы денсаулықты нығайтуға ықпал етеді. Бұл – қатерлі ісік ауруларының даму қаупін төмендетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Дегенмен, салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, сүт бездерінде қандай да бір өзгерістер байқалса, дәрігерге дереу қаралу қажет. Ауруды ерте анықтау емнің нәтижелі болуына мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір әйел өз денсаулығына бейжай қарамай, тұрақты тексерілуді әдетке айналдырғаны жөн», – дейді онколог-дәрігер Майра Халыбаева.

Сонымен қатар, тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, профилактикалық тексерулерден тұрақты өту және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге жүгіну қажеттігі түсіндірілді.

Мұндай ақпараттық-танымдық іс-шаралар халықтың медициналық сауаттылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға және аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өйткені денсаулықты күту – күнделікті дағдыдан басталады. Таңғы серуен мен тұрақты жаттығуды өмір салтына айналдырып, медициналық тексеруден уақытылы өту – ұзақ әрі сапалы өмір сүруге жасалған маңызды қадам.
14 қазан 2026 ж. 59 0