Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

КЕҢЕС АҒА


Қолына қалам ұстаған жанның қай баспасөзді де жанына жақын тұтып, күнделікті болмағанмен ара тұра көз жүгіртіп отыратыны бәріміздің басымыздағы жайт екені рас. Сыр басылымдарының арасынан Сырдың бас ақыны Махмұтбай Әміреұлы жетекшілік ететін республикалық «Ардагерлер айнасы» газеті де мен үшін сондай үлгі тұтатын басылымның бірі. Мен осы газеттің көптен бері тұрақты оқырманымен. Әрине бұған дейін «Сыр ардагері» болып келген. Өзімнің де  мақалаларым аталмыш газетте ара тұра жарияланып тұрады. Менің бүгінгі негізгі айтпағым абыз қарттардай үлгі-өнегеге толы газетті әрбір оқыған сайын оның соңғы бетіндегі ақылдастар алқасының құрамындағы бір ардақты ағаның аты-жөні көзіме жылы ұшырайды. Жастықтың жарқын жылдарында жақсы ағадан көрген шарапат әсте ұмытылар ма? Бүгінде Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Б.Бірманов 1984-1991 жылдары Ақтөбе облысы, Октябь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жеті жыл жемісті еңбек етті. Ауданның ауыл шаруашылығымен қатар мұнай, газ саласының өркендеуіне белсенділікпен басшылық етті. Қай сала болмасын іскер азаматтың тұрақты назарында болды. Қай жерде түйінді мәселе болса байсалдылықпен шешетін. Ауданды басқаруға келгенге дейін бірқатар партиялық жоғары номенклатурадан өткен шыңдалған тәжірибесі мол іскер басшы екені аңғарылды. Шаруашылық партия комитетін басқарып, одан облыстық партия комитетіне жоғарылаған Кеңес Баймұханұлы сол кезеңде Қазақстандағы мықты обкомның бірі В.Ливенцовқа көмекші болады. Одан обкомның штабы саналатын ұйымдастыру бөлімін басқарады. Аудандық партия комитеті бірінші хатшысының бір ерекше қасиеті баяндамасын қарамағындағыларға жаздырмайтын, өзі жазатын. Мен аудандық партия комитетінің органы аудандық «Октябрь туы-Знамя Октября» газетінде әдеби қызметкер болып 1985 жылдан еңбек еттім. Кеңес Баймұханұлы аудан басшысы ретінде аудандық газет редакциясына келіп, ұжыммен кездесіп, түйіткілді мәселелерді шешіп тұратын. Редакцияда 3-4 ай еңбек еткеннен кейін бәлкім бағым болар екі қызметкермен бірге жас маман маған да жәйлі пәтер тиді. Хат бөлімінің меңгерушісі үлкен отбасы бар апайға үш бөлмелі су жаңа пәтер берілсе, одан босаған екі бөлмелі пәтерге екі баласы бар корректор келіншек кірді. Ол тұрған бір жарым бөлмелік жайлы пәтер жас отбасы бізге бұйырды. Сол апайлар айтып отыратын көп жыл бойы редакция қызметкерлеріне пәтер бөлуге көңіл бөлінген жоқ. Бәрі де Кеңес Баймұханұлының арқасы деп. Іскер басшының маған деген шапағаты мұнымен шектелген жоқ. Аудан орталығы Октябрьск қаласы (ел тәуелсіздігі кезінде Қандыағаш деген тарихи атауын алды) теміржолшылар, мұнайшылар, фосфор өндірушілер мекендейтін халық саны 25 мыңға жететін шаһар еді. Өндірістің осы негізгі салаларының партия ұйымдарын негізінен азулы орыс ағайындар басқаратын. Олар кезінде партия жиналыстарына партияда жоқ тілшілерді аттап бастырмайтын. «Мейлі Одақтық «Правда» газетінің тілшісі бол, партияда жоқ болсаң жиналысқа кірмейсің» деген талап қойды. Талай рет жиналысқа барып, есіктің алдынан маңдайымыз тасқа тигендей кері қайтып жүрдік. Редакторымыз марқұм Жолдымұрат Сегізбаев бұл мәселені Кеңес Баймұханұлының құзырына жеткізді. Содан көп ұзамай іскер басшыдан хабар келіп, бір белсенді жас қызметкер партия мүшелегіне үміткерге өтетін болды. Тілшілердің арасында ең жасы мен едім. Ұжым маған тоқтады. Сол кезде партияға бірінші кезекте жұмысшы табының, басқа ұлттың өкілдері қабылданатын партиялық сетканың талабы қатаң еді. Сондай темір құрсаудан да іскер хатшы жол тапты. Кейін Кеңес Баймұханұлының сенімін ақтап, аудандық газеттің партия ұйымына жетекшілік еттім, редакция басшыларының бірі болдым. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, қоғам бір формациядан екінші формацияға ауысып, көптеген әріптестерім мұнай саласындағы майлы орындарға кетіп жатты. Менде де ондай орындарға баратын мүмкіндіктер болды, сала басшыларын жақсы танимын, кейбірі шақырып та жатты. Шынтуайтына келгенде газетті қимадым. Жаңа ғасырдың басында мемлекеттік қызметке ауыстым. Ол салада жеті жыл қызмет етіп, туған жерге оралдым. Қазір Кеңес Баймұханұлының жадында бармын ба, жоқпын ба білмеймін. Ол кезде абзал ағаның алдынан мен секілді мыңдаған адамдар өтті. Барлығы да іскер басшының шапағатын көрді. Қазір «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын ашсам, облыстың іскер басшысы Бердібек Мәшбекұлының жанында ай маңдайы жарқырап әлі де аттан түспеген менің Кеңес ағам жүреді. Ол кісіні көргенде жастық шағым еске түсіп, бір марқайып қаламын. Шынында Кеңес Баймұханұлының мектебі, тәрбиесі бөлек еді. Қазір жастарды тәрбиелеп жатқан басшы бар дегенді сирек естимін, тіпті естімейміз десек те болады. Кеңекеңнің үлгі-өнегесі қазіргі басшыларға ой салса деген ниеттемін.
Қарттарым аман-сау жүрші дегендей кең пейілді Кеңес ағаға ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, ұрпақтарына бақыт тілей отырып, ел қадесіне жарап жүре беріңіз жақсы аға дегім келеді.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Сырдария ауданы
 
07 желтоқсан 2017 ж. 1 573 0