Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№52 газет

14 шілде 2026 ж.

№51 газет

09 шілде 2026 ж.

№50 газет

04 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Өнер керуені – аудан төрінде

Өнер керуені – аудан төрінде

Жаздың жайма-шуақ кешінде аудан орталығы ерекше рухани атмосфераға бөленді. Кешкі самалмен астасқан әсем табиғат аясында өткен «Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде» атты концерттік бағдарлама тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Әуезді ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би мен сахналық қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өнердің әсем әуенімен тербеді. Концерт ұлттық өнерді ұлықтап, көпшілікке рухани демалыс сыйлаған мазмұнды мәдени кешке айналды.

Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани болмысы мен тарихи жадын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін баға жетпес құндылық. Халықтың дүние­танымы, салт-дәстүрі, ұлттық ерекшелігі мен өмірлік ұстанымы ең алдымен оның мәдениеті мен өнерінен көрініс табады. Сондықтан рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу және мәдени мұраны келер ұрпаққа аманат ету – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.

Осы орайда аудан орталығында өткен өнер керуенінің алғашқы кон­цер­тін Тереңөзек кенті мәдениет үйі, кент клубы және Ақжарма ауылдық мәдениет үйі өнерпаздары бастады. Әсем кешке зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары куә болды.

Кеш қонақтары алдымен орталық алаңда ұйымдастырылған көрмемен танысты. Кітап көрмесі арқылы рухани мұра мен әдеби құндылықтар насихатталса, өнер мен мәдениет майталмандарына арналған фотогалерея көрерменге тағылымды әсер сыйлады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің бұйымдары, ауданның берекесін танытатын түрлі өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.

Мерекелік кештің шымылдығы әсем әуенмен ашылып, сахна төрінде өнерпаздар өнер көрсетті. «Сыр Ана», «Ару Ана» әжелер ансамблінің орындауындағы халық әндері, жырау­­лық өнер, терме, дәстүрлі ән­дер мен заманауи шығармалар кеш мазмұнын байыта түсті. Концерт барысында көрерменге әуелеген ән, мың бұралған би, әсерлі музыкалық композициялар ұсынылды. Әсіресе ұлттық өнердің озық үлгілері мен жас өнерпаздардың шығармашылығы көпшіліктің ыстық ықыласына бөлен­ді. Әрбір орындаушы сахнада өз өнерін паш етіп, мәдениеттің биік деңгейін көрсетті.

«Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде» атты іс-шара – ауыл өнерінің өркендеуін, мәдениет ошақтарының шығармашылық әлеуе­тін танытқан мазмұнды мәдени жоба. Өнер арқылы елдің рухын көтеріп, халықты бірлік пен ізгілікке үндейтін ауыл өнерпаздарының кеші жаз бойы әр апта сайын жалғасын табатын болады.

Өнері өркендеген елдің рухы биік. Осындай тағылымды іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріп­теп, мәдениет пен өнердің халық өміріндегі маңызды орнын айқындай түседі. Мәдениет – халық­тың рухани байлығы, ал өнер – ұлттың жүрегін тербететін асыл мұра. Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған та­ғылымды кеште ауыл өнерпаздары өздерінің шығармашылық қабі­лет­терін көрсетіп, көрермен қауымға ұмы­тылмас әсер қалдырды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 шілде 2026 ж. 115 0