Домбыра – ұлттың мәңгілік үні
Домбыраның қоңыр үні естілген сәтте делебесі қозып, жүрегі дүрсілдеп, рухы асқақтайтын қазақ халқы үшін ұлттық құндылықтардың рөлі қашан да ерекше. Домбыра біз үшін тек музыкалық аспап емес, ұлттың жаны, тарихтың шежіресі, бабалардың аманаты. Оның әрбір қоңыр үні сайын даланың самалын, елдің ерлігін, халықтың қуанышы мен мұңын жүрекке жеткізеді.Шілде айының алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Ұлттық рухты асқақтатып, халқымыздың асыл мұрасын дәріптеу мақсатында «Руханият орталығында» мерекелік іс-шара өтті. Руханият ордасының бірінші қабаты тақырыпқа сай, ерекше безендірілген. Аудандық, ауылдық өнер мектебінің өнерпаздары келген қонақтарды ерекше күй күмбірімен қарсы алды. Сондай-ақ «Ұлағат» әкелер мен әжелер ансамблі халық әндерін шырқап, тыңдарман жүрегінен жол тапты. Одан кейін көпшілік назарына ұлттық өнердің өзгеше өрнегіне айналған «Ортеке» қойылымы ұсынылды. Ұлттық қолөнер көрмесімен танысқан көрермен домбыра үлгісінде дайындалған арнайы композициялық макет арқылы ауданнан шыққан күйшілер мен жыршы-термешілердің өмірі мен шығармашылығымен танысты. Ал кітап көрмесі мерекеге ерекше әсер сыйлады. Өз кезегінде мерекелік салтанатты аудан әкімі Берік Сәрменбаев ашып, ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
– Домбыра – халқымыздың жаны, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл мұра. Қос ішектен төгілген күй – ел тарихының шежіресі, халықтың қуанышы мен қайғысы, ерлігі мен елдігі. Бабаларымыз айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Бұл сөз домбыраның ұлт өміріндегі айрықша орнын айқын көрсетеді. Қазақта «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген дана сөз бар. Домбыра өнері де – ұлттың рухани байлығы, сарқылмас қазынасы саналады. Сол себепті күй өнерін сақтау, дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз. Бұл мереке – өнер мерекесі ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртатын, елдік рухты көтеретін, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын маңызды рухани күн. Бұл мереке Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жарлығымен Ұлттық домбыра күні ретінде аталып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым» деп атап көрсетті. Қазақта «Тарихын білмеген – тамырсыз ағаш» деген сөз бар. Домбыра арқылы біз тарихымызды танып, тамырымызды сақтап келеміз. Күй – ұлттың шежіресі, ал домбыра – сол шежірені жеткізуші киелі құрал, – деген аудан әкімі атадан аманат болған асыл қазынаны қадір тұту қасиетті борыш екенін атап өтті.
Одан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, бірқатар өнерпаз аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Айта кетейік, салтанатты іс-шарада айтыскер-ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұров сөз алып, киелі домбыраны ырым етіп Әли Дүйсенбай есімді Өнер мектебінің оқушысына сыйға тартты. Әли – бүгінде өнерімен өрге жүзіп, киелі домбыраны серік етіп, облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанып жүрген талапты оқушы екенін айта кету орынды. Салтанатты іс-шарада айтыскер-ақын Нұрмат Абдоллаұлының ақ батасын алған өнерпаздың келешегінен күтер үміт мол.
Домбыра күніне арналған іс-шара ұлттық өнерімізді ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына халқымыздың мәдени мұрасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыруға зор ықпал етті. Аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Домбыраның күмбірлеген үні тыңдарманның жүрегіне ұлттық рух сыйлап, ата-баба аманатына деген жауапкершілікті терең сезіндірді. Осындай тағылымы мол іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, халқымыздың рухани байлығы келер ұрпаққа аманат ретінде жалғаса беретіні сөзсіз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









