Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінде инспекторлық тексеру басталды
Қараша айының 9-ы күні Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінде жылдың жаз кезеңіндегі оқу нәтижесін саралайтын инспекторлық тексеру басталды. Үш күнге созылатын бұл маңызды шара 11 қарашаға дейін жалғасады.Бөлімге тексеру жүргізу үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Б. Қазкеев бастаған он төрт офицерден тұратын топ келді. Тәжірибелі мамандар әскери қызметшілердің жауынгерлік және қызметтік даярлығын тікелей бақылап, жан-жақты бағалайды.
Бұл күндері бөлімде әскери өмірдің бар қыры сынға түседі. Жауынгерлер атыс алаңында атыс жаттығуларын орындап, мергендік шеберлігі мен қаруды меңгеру деңгейін көрсетеді. Әскери техниканы басқару, оны күтіп-ұстау дағдылары да тексеріледі. Сонымен қатар қарауыл және ішкі қызметті атқару тәртібі мен қатаң тәртіп талаптарының сақталуына баса назар аударылады.
Тексеру тек жауынгерлерді емес, бөлім басшылығы мен офицерлер құрамын да қамтиды. Олардың басқару шеберлігі, тактикалық және жедел өнері, кәсіби-лауазымдық, қолбасшылық және жауынгерлік даярлығы жан-жақты бағаланады.
Инспекторлық тексеру әскери қызметшілердің нақты дайындық деңгейін айқындап, бөлімнің кез келген міндетті сапалы орындауға әзірлігін көрсетеді. Қорытынды бойынша нәтижелер талданып, алдағы оқу кезеңіне нақты ұсыныстар беріледі.
Ұлттық ұлан қызметкерлері үшін бұл тексеру ағымдағы жұмыстың сыны ғана емес, Отан алдындағы борышқа адалдықтың, кәсіби шеберліктің және қажырлы еңбектің көрінісі.
Қауіпсіздік пен тыныштықтың тірегі – Ұлттық ұлан!









