Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық кітап күнінде үздік оқырмандар марапатталды

Ұлттық кітап күнінде үздік оқырмандар марапатталды

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлттық кітап күніне орай «Үздіктер салтанаты» атты фестиваль өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов және зиялы қауым өкілдері, оқырмандар қатысты.

Фестивальде Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, Ұлттық кітап күніне арналған облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының құттықтауын жеткізді.
–Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының үшінші Ұлттық құрылтайда қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасына сәйкес белгіленді.

Бүгінде облыстағы 209 кітапханада 5 миллионға жуық кітап қоры бар. Былтыр облыста жарияланған «Руханият жылы» аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен аудандарда салынған «Руханият орталықтарына» аудандық кітапханалар да көшірілді. Осылайша кітапхана ісін дамыту, халықтың оқу белсенділігін арттыру бағытында мәдени жауһарлар, рухани құндылықтар, экспонаттар мен басқа да түрлі жәдігерлер, мәдени мұралар бір жерге шоғырландырылды. Бұрын аудандық кітапханалардың қор бөлімдерінің сыйымдылығы 55 мың кітапқа арналса, жаңа ғимаратта 200 мың кітап сақтауға мүмкіндік бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыстық кітапханаға өзінің жеке кітапханасынан 700-ден астам кітапты сыйға тартты.

Іс-шарада тұрақты оқырмандар мен мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысатын азаматтар «Үздік оқырман-2025», «Отбасылық оқудың қуанышы», «Ардагер оқырман», «Ең көп оқитын отбасы», «Ең кішкентай оқырман», «Белсенді оқырман» номинацияларымен марапатталды.

Сондай-ақ, кітапхана ғимаратының алаңында «Кітап – жан азығы, өмір қазығы» атты көрме, жас ақындар аллеясы, «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбында асфальтқа сурет салу, «Кітапханаға кітап сыйла» акциялары, «Арт-территория» шығармашылық алаңы және түрлі интеллектуалды ойындар мен кітап инсталляциялары көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай барлық аудандағы "Руханият орталықтарында" іс-шаралар ұйымдастырылып, кітап оқудың маңызы насихатталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
23 сәуір 2025 ж. 43 0