Мақсаты – аудан экономикасына үлес қосу
Экономист қай уақытта да сұранысы жоғары мамандық. Білікті экономист – кез келген саланы алға жетелейтін жауапты қызметкер. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің маманы Нұрхан Әбдіров өз саласының кәсіби шебері. Экономист соңғы 14 жылдан бері бөлімде абыройлы қызмет етеді.Қарапайым жұмысшы мамандығынан еңбек жолын бастаған Нұрхан Орысбайұлы түрлі салада қызмет етеді. Әр жылдардағы аудандық ішкі істер бөлімінің қауіпсіздік бөлімінде, аудан әкімдігінде, қаржы бөліміндегі шаруашылық меңгерушісі ретінде қызметі ұзақ жылғы еңбек өтіліндегі шыңдалу кезеңі болды.
Мемлекеттік мекемеге қызметке келмес бұрын алдымен колледжде бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша білім алып, содан соң университетте экономист мамандығы бойынша жоғарғы білім алып келеді. Яғни кент әкімі аппаратында салық инспекторы қызметін бірнеше жыл бойы атқарып, аудандағы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде инспектор болып қызметке ауысады. Қазіргі кезде экономика мен қаржы бөлімінде маман.
Экономист қай кезде де мақсатын дұрыс қойып, ең аз шығынға басымдық беретін маман. Қызметінде білімін үнемі жетілдіруді талап ететіндіктен, мекеменің қаржылық нәтижелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі.
– С.Сейфуллин ауылында туып-өстім. Осындағы мектепті бітірдім. Әкем Орысбай кеңшарда 30 жыл бойы құрылыс есепшісі болып қызмет еткен азамат. Анам Бахыткүл – 9 перзентті дүниеге әкелген Батыр ана. Бауырларым түрлі салада еңбек етеді. Ал мен әке жолын қуып есеп-қисапқа жүйрік болдым. Болашағымды осы мамандықпен байланыстыруды жөн көріп, жоғары білім алдым. Ауданда жауапты қызмет атқарып, аудан экономикасын, нақтырақ айтқанда мәдениет саласы бойынша келіп түскен бюджеттік өтінімдердің дұрыстығын тексеру, мониторинг жүргізу және қабылдауға жауаптымын, – дейді білікті маман.
Нұрхан Орысбайұлы мәдениет саласындағы штат бірліктеріне және еңбекақы қорына талдамалық зерттеу жүргізеді. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен бекітілген жобалармен жұмыс жасайды. Негізгі міндеті бойынша облыстық басқармаға есебін жолдап, үйлестіреді. Бұл жауапты жұмысқа жауапкершілікпен қарап, қоғамдық жұмыстарға атсалысу, белсенді болу маманның міндеті.
Аудандағы ең күрделі салада қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Мемлекеттік мекеменің белді маманы кәсіби дағдысымен экономика саласына үлес қосып, табандылығы мен ұқыптылығының арқасында қабілетімен ерекшеленеді. Еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қасиеті, көлемді ақпаратпен жұмыс жүргізудегі шеберлігі оның өмірлік ұстанымына айналған.
Саланың жүгін арқалап, аудан экономикасына үлес қосып келе жатқан Нұрхан Орысбайұлы жұбайы Айгүл Арысбаевамен бірге ұл-қыз өсіріп отырған үлгілі отбасы.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ










