Мерейі тасыған мемлекеттік қызметші
Жақында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен облыс орталығында Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік қызметтің мәртебесін айшықтап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматты ұлықтаған басқосуда сала мамандары марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында Сырдария ауданы әкімі аппаратының Персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Серік Қожахметов те бар. Ол Қызылорда облысының Құрмет грамотасын иеленіп, зор ілтипатқа бөленді.Білікті мемлекеттік қызметші Серік Қожахметов 1988 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен ол жоғары білім алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның еңбек жолы 2010 жылы Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде басталды. Кейіннен ол білім саласындағы қызметін жалғастырып, Қызылорда қалалық білім бөлімінде әдіскер, Қызылорда қаласындағы №172 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Әрбір міндеттің жүгін жауапкершілікпен көтере білген тәжірибелі маман ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен, жүйелі жұмысымен көзге түсті. Бұл тәжірибе оның басқарушылық қырын шыңдап, мемлекеттік қызмет саласына нық қадам басуына негіз қалады.
Өз ісімен қашанда даралана білген Серік мемлекеттік қызметтің әртүрлі саласында еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. Сырдария ауданы әкімі аппаратында, аудандық ішкі саясат бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарды. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінде бас маман, бас инспектор, бөлім басшысы секілді жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Бұл қызметтердің барлығы кәсіби біліктілікпен қатар, табандылықты, ұқыптылықты, елмен етене жұмыс істей білуді талап етеді. Серік Қожахметов осы міндеттердің барлығын үлкен жауапкершілікпен орындап, әріптестері мен басшылықтың сенімінен шыға білді.
Сырдария ауданы әкімі аппаратының Персоналды басқару бөлімінің басшысы қызметін жетік меңгерген маман кадр қызметінің мемлекеттік мекеменің жүрегі іспетті маңызды сала екенін жақсы біледі. Себебі кез келген ұжымның нәтижелі жұмысы, кадрлық тұрақтылығы мен кәсіби әлеуеті осы бағыттағы жүйелі жұмысқа тікелей байланысты. Бұл ретте Серік Қожахметов өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқарып, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадрлық саясаттың сапалы жүзеге асуына үлес қосып келеді.
– Бұл марапатты өзіме көрсетілген зор сенім мен атқарған еңбегіме берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін, ел мүддесіне адал болуды қажет ететін маңызды сала. Осы жолда жинаған тәжірибе мен атқарған еңбегімнің еленуі мен үшін үлкен мәртебе. Осындай құрмет көрсетіп, еңбегімізді бағалаған облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлына шынайы ризашылығымды білдіремін. Ауданның дамуы жолында нақты міндеттер жүктеп, нәтижелі жұмыс істеуімізге әрдайым қолдау білдіріп келе жатқан аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа алғысымды айтамын. Бұл марапат – тек менің ғана емес, мемлекеттік қызмет саласында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерімнің ортақ жетістігі деп білемін. Алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, мемлекеттік қызметтің абыройын арттыру жолында адал еңбек ете беремін, – дейді Серік Қожахметов.
Облыс көлемінде жастар санатындағы 800-ге жуық мемлекеттік қызметші болса, солардың қатарында абырой биігінен көрініп жүрген Серік тәжірибесінің толысуымен ерекшеленеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










