Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан цифрлық өзгерістер кезеңіне қадам басты

Қазақстан цифрлық өзгерістер кезеңіне қадам басты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламалық құжат ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындап, мемлекеттік саясаттың алдағы жылдардағы маңызды бағыттарын белгілеп берді.

Жолдауда цифрлық күн тәртібін ілгерілетуге айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және ауқымды цифрландыру еліміздің стратегиялық бағдарының негізгі тетігі болуы керек екенін айтты. Шын мәнінде, мұндай қадам Қазақстанның барлық сектордағы әлеуетін айтарлықтай арттырып, экономика мен әлеуметтік саланы сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашады.

Президентіміз түбегейлі цифрлық өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайту екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанды толыққанды цифрлық держава ретінде қалыптастыру таяу жылдардағы басым міндеттердің бірі болып белгіленіп отыр. Сол арқылы жаңа технологиялар экономикалық жаңғырту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізіне айналады.


Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін цифрлық дамудың негізгі бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да салаларды айқындайтын Цифрлық кодексті тезірек қабылдау аса маңызды. Депутаттар бұл жұмыспен осы сессия барысында белсенді айналысатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар Президентіміз барлық цифрлық бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіретін «Digital Qazaqstan» бірыңғай стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Жалпы, Президент Жолдауын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы кешенді жол картасы деп қабылдаймыз. Себебі, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді жаппай енгізу алдағы жылдары мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды шарты әрі орнықты дамудың кепілі болатыны сөзсіз.

Президентіміз жүктеген міндеттерді жүзеге асыру – Үкімет пен Парламенттің ғана жауапкершілігі емес, барша азамат үшін ортақ іс. Біз жұдырықтай жұмылсақ қана байыпты даму және Әділетті, Қуатты әрі Заманауи Қазақстанды құру бағдарын одан әрі табысты жалғастыра аламыз.

"AMANAT" партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы,аудандық мәслихат депутаты
Ержан Әжікенов
20 қыркүйек 2025 ж. 48 0