Сыбайлас жемқорлық – елдің беделіне көлеңке түсіреді
Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресу өзекті мәселенің бірі. Мемлекеттік қызметшіден бастап барлық адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейі қалыптаспайынша бұл дертке қарсы тосқауыл болмайды. Яғни адамның көзқарасы ең алдымен оған қарсы тұруға бағытталуы тиіс. Бұл аса маңызды қоғамның міндеті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында түсіндіріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық еліміздің бәсекеге қабілеттілігін төмендететін фактор. Сонымен қатар елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіреді. Халықтың сеніміне, заң мен әділдікке, атқарушы билікке деген сеніміне кері әсер етеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз әрбір тұрғынның саналы түрде осы жегі құртқа қарсы тұру қабілетінің деңгейі. Әрбір адамның қоғам қауіпсіздігіне және оның игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Жәй ғана сыбайлас жемқорлыққа төзбеуі ғана емес, онымен күресуге талпынуы арқылы оны жоюға атсалысады.
– Ауданда 2022 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырылған «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру» жобасының жеңімпазы «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры болды. Қормен 10 қоғамдық қабылдау, 2 акция, 12 кездесу, 1 рет «Ашық алаң» өткізілді. Қордың фейсбук парақшасында 8мақала жарияланды. «Үздік аула» және «Үздік плакат» байқаулары ұйымдастырылып, 1 сауалнама жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында әр ауылда тақырыптық 1 билбордтан, аудан орталығында 2 билбордтан ілінді. Мемлекеттік қызмет көрсетілетін мекемелерге «1424» сенім телефоны, «Адалдық алаңы» жобасының «Пайда ойлама, ар ойла», «Пара алма, пара берме», «Жемқорлыққа жол берме», «Сыбайлас жемқорлық туралы білдің бе?», «Бір пара екі қылмыскер» және «Сыбайлас жемқорлық, тоқта...камера!!!» атты ақпараттық материалдары орнатылды.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес тиісті шаралар кезең-кезенімен атқарылуда, – дейді аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев.
Мемлекетімізді әлемдік деңгейдегі мәртебесін көтеретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы. Жұмыс істейтін кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптетерінің арасында осы бір қағиданы ұстанса, бұл індет түбімен жойылатыны анық.
Жақсы мен жаман, ақ пен қара алмакезек жүретіндіктен халықтың әлеуметтік ахуалының жақсаруы, даму деңгейінің жоғарылауы, халық санының өсуі де осы сыбайлас жемқорлықпен күресуге байланысты. Сондықтан онымен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Сондықтан да, әрбір азамат саналы түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алса елдіміздің өркендеп дамуына үлес қосары анық.
Бибісара ЖАНӘЛІ