ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС
Өмір деген тоқтау бермес арынды
Сол өмірде сынап көрші бағыңды.
Еш сүрінбей сынақтардан өтеді,
Тек адамдар еңбек сүйгіш, дарынды,-деп ақын ағаларымыз жырлағандай бүгінгі біз әңгіме еткелі отырған адам өмірдің ащы-тұщысын татып, қиыншылығының бәрін жеңіп, өзінің еңбеккештігінің, дарынының, талабының арқасында ғана біршама жетістіктерге жеткен, қоғамда өзіндік орны бар жан. Ол Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылындағы №191 мектептің физика-математика пәнінің мұғалімі Сағындықова Марал Өмірбекқызы.
Марал Өмірбекқызы 1960 жылы 25 қазанда Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы №130 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің түлегі. Сонау мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап, өзіне сабақ берген ұстаздарына еліктеп, мұғалім болуды армандайды. Сол арманына жету үшін білім қуып Н. В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Оқуды бітірген соң жолдамаға сәйкес Іңкәрдария елді мекеніндегі № 191 орта мектепке мұғалім болып орналасады. Қазір осы шаңырақта еңбек еткеніне 35 жылдың көлемі болыпты. Осы уақыт аралығында өзінің қарапайымдылығына, еңбекқорлығына орай көпшіліктің ықыласына ие болып, шәкірттердің жүрегінен орын алды.
Бүгінгі күннің мұғалімге артар жүгі ауыр. Ұстаз ұжымдағы ауызбіршілікті сақтауға ұйтқы бола отырып, өзінің білімін, күш-жігерін, біліктілігін шәкірттері мен ұжымдағы жас әріптестеріне үйретуден еш жалыққан емес. Кез-келген уақытта қиналғанға қол ұшын соза алатын ұстазға деген ұжымның құрметі ерекше. Ол өзіне тапсырылған жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Қай салада болса да совхоздың мал азығын дайындау, қой қырқымы, егін жинау кезінде ер азаматтармен бірдей еш қиналмай еңбек етті. Көп оқыды, көп ізденеді. Сыныптан тыс уақытта қолы сәл босай қалса мектеп пен ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып, жастар тәрбиесіне ауыл тұрғындарын, ата-аналарды жұмылдыруға атсалысып отырады.
Мектептегі политехникалық пәндер әдістемелік бірлестігінің жетекшісі ретінде қарамағындағы мұғалімдердің білім-біліктілігін, әдістемелік шеберліктерін жетілдіріп отыруға, жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, күнделікті сабақтарға енгізуге ерекше мән беріп келеді. Білікті ұстаз тек сабақ берумен шектелмейді. Түрлі педагогикалық оқуларға қатысып, «Математика сабағында оқушылардың логикалық ойлауын дамыту», «Өзіндік жұмыс тексерудің тиімді жолы», «Тригонометриялық функциялардың туындылары» атты тақырыпта баяндама жасап, өз тәжірибесін облыс, аудан ұстаздарына насихаттап келеді. Оның еңбектері білім беру саласында оң бағасын алуда. 2015 жылы Маралдың «Нәтижелі білім беру негізі-шығармашылық ізденіс, озат тәжірибе» атты кітапшасы жарық көрді.
Білікті ұстаз аудандық «Жыл мұғалімі -1998, 2008 жж» байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүру Маралдың ерекше қасиеті, табиғи дарындылығы. Салиқалы әңгіме барысында: – Осы екеуін қалай алып жүресің?-деп сұрағанымда. – Екі жолды қатар алып жүру адамды рухани байытады, ерік-жігерін шыңдайды, өмірге деген ынтызарлығын арттырады» деген болатын. Шығармашыл ұстаздың қаламынан туған «Жыр жазамын жүрегімнен», «Іңкәрдария-ауылым», «Тәуелсіздік-тірегім», «Ұлы Жеңіс перзенті», «Сен жырыңмен емдедің» атты өлеңдер топтамасы бірқатар басылымдарда жарық көрді.
Ұлттың ұлы ұстазы Ы.Алтынсариннің «Жақсы мұғалім бәрінен қымбат» деген сөзі Маралға сай келетіндей. Өйткені ол көпшіліктің көңілінен шыға біледі. Әрбір шәкірт жүрегінен сүбелі орын алған. Өз ісіне шын берілген жан.
«Ұстазды шәкіртіне қарап таны» демекші, қазіргі уақытта өнегелі ұстаздың мақтан етер шәкірттері жеткілікті. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандығына сәйкес жемісті еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, Ғалым Айтбаев, Перизат Амангелдиева, Мақпал Қуанышбаева, Гүлім Бисенова, Нұрберген Бекетов, Бексұлтан Рахымжанов секілді көптеген шәкірттері аудандық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары атануы ұстаз мерейі, мектеп мақтанышы. Шәкірттерінің бірі Назым Рахымбекова ұстаз жолын қуып физик-математик атанды. Қазір облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде қызмет етеді.
Марал өмірлік жары Есмағанбетов Әділбай екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Гүлшат ана жолын қуып мұғалім атанды. Қазір Ақжарма ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Кенже ұлы Думан заңгер мамандығын алды. Ауыл әкімдігінде бас маман болып қызмет атқарады. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші міне, бүгінгі күннің кейіпкері Сағындықова Марал Өмірбекқызы елін, жерін сүйетін, егеменді еліміздің келешегі бүгінгі жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өз өнегесімен еңбеккештігінің арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген ардагер ұстаздардың бірі. Осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне, дәрежесіне мақтанбай қарапайым қалпын сақтап қалған ұжымның ұйтқысы, ақылшы тәлімгері, отбасының берекесі. Жастарға бергенінен берері, өнегесі мол ұлағатты ұстаздардың бірі. Алдағы уақытта да Маралдың қиын да қызығы мол ұстаздық қызметіне табыс тілеймін.
Жұматай Қасымов,
ардагер-ұстаз