Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақындық пен ұстаздықты тең ұстаған

Ақындық пен ұстаздықты тең ұстаған

Іргетасы өткен ғасырдың 1964 жылы қа­ланған Іңкәрдария ауылындағы мектепте табан аудармастан қырық жылға жуық еңбек еткен ұстаздардың бірі – Марал Са­ғын­дықова. Ақынжанды ұстаз Ақжарма ауы­­­лында туып-өсіп, мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдайды. Физика-математика пә­нінің мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолын бастаған шалғайдағы ауылда ұзақ жыл шәкірттерге білім беріп, ардақты ұстаз атанады.

Мамандығына аса ыждағаттылықпен қарайтын ұстазға тән қасиет – шәкірт жүрегіне жол та­уып, оқушыларына нақты ғылымның қыр-сырын мең­герту. Адал қызметінде абыройлы болған жан осынша ұзақ жыл ұстаздық етсе де, жастайынан жанына серік еткен қаламмен қағазына өлең жазуды бір сәтке де тастаған емес. Шығармашылықтан қол үзбей, жүрек түкпірінен төгілген жыр шумақтарын алдағы уақытта кітап шығаруға жинақтап келеді. «Ата-ана жауапкершілігі», «Үлкенге – құрмет, кі­шіге – міндет», «Бәрі де бала үшін», «Берекең таси берсін, ауылым», «Сен жырыңмен емдедің» атты өлеңдері бала тәрбиесі, отбасы, адамгершілік қасиет, туған жер тақырыбына жазылып, оқыр­ман­ның жүрегіне жол тапты.

– Ауыл мектебінде ұзақ жыл бірге қызмет ет­тік. Маралдың өлеңдерін оқып, шын мәнінде ақын­ға тән қасиетті байқайсыз. Өз елінің патриоты, ұстаз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде жырлайды. Әрбір өлеңінен ауылдың жұпар иісі аңқиды. Марал – ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүр­ген, табиғи жаратылысынан өте мейірімді жан. Бұл оның ерекше қасиеті әрі туа бітті таланты мен дарындылығы, – дейді әріптесі, ардагер-ұстаз Жақсыгүл Ділдабаева.

Иә, екі жолды тең алып жүру оңай шаруа емес. Тек рухани бай, ерік-жігері мықты, өмір сүрудің мәнін ұғынған адам ғана ақындық пен ұстаздықты биікке көтереді. Үнемі ізденісте жүріп, мектепте дәріс беріп, ата мен енеге қызмет ету, отбасының шаруаларын дөңгелету екінің бірінің қолынан кел­мейді. Сондықтан ұстаздың бұл қасиеті көпке үлгі болары анық.

Марал Өмірбекқызы білім саласында қызмет ете жүріп, ауданның мәдени өмірінен қалыс қалмауды әдетке айналдырған. Жыр мүшәйраларына қатысу арқылы, бақ сынап әрі өлең әлемінде өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік алады. Ал әрбір жетістігіне мақтану ақынға жат әдет, қайта алған жүлдесін ауылының, мектебінің абыройы деп біледі.

– Ұстаздық – асыл қасиет. Мұғалім болып жаратылып, еңбек жолымда талай жетістікке жеттім. Абыройға кенеліп, көптеген марапаттарға ие болдым. Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте еңбек жолымды бастап, 35 жыл табан аудармас­тан қызмет еттім. Үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, оқушыларды математика пәнін жетік мең­гертуге барымды салдым. Шәкірттерімнің арасында мектептің атын шығарғандар бар. Олар біздің мақтанышымыз. Ал өлең жазу – бала кезімнен жаным қалаған сүйікті ісім. Студенттік шақтан бас­тап жазған, осы күнге дейін жүрек түкпірімде сайрап жатқан жыр жолдары кітап болып басылса қуа­нар едім. Өлеңдерім жаныма жақын адамдарға ар­налды. Туған жерге деген сүйіспеншілік, бала тәрбиесі, ана көңілі, тағысын тағылар өлең болып өрілді. Өлеңмен сырласу – ақынның қасиеті. Бі­рақ барлық нәрсені өлеңнен іздеу қателік болар. Өмірдің берген сыйы – ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрдім. Сол үшін өзімді нағыз бақытты жанмын деп айта аламын, – дейді ақынжанды ұстаз Марал Сағындықова.

Бүгінде ардақты жан бейнетінің зейнетін көруде. Ардагер-ұстаздың ауыл балалары үшін төккен тер мен адал еңбегі лайықты бағасын алды. ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен», облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медалі, тағы басқа көптеген марапаттар – ұстазды құрметке бө­леген наградалар.

Ұстаздың шәкірттері Ғалым Айтбаев, Перизат Амангелдиева, Мақпал Қуанышбаева, Думан Бисенов, Дінмұханбет Ушков, Назым Рақымбекова, Гүлім Бисенова, Бексұлтан Рақымбеков, Айдана Өмірғали білім бәйгелерінде жеңімпаз болып, ұстаз мерейін асырса, Азат Шыңғысбекұлы «Алтын медаль» иегері атанды. Олардың алды бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етсе, енді бірі жоғары білім алып, туған ауылының өркендеуіне үлес қосуға қанат қаққандар.

Марал Өмірбекқызы – өмірлік қосағы Әділбай Есмағамбетовпен бірге 5 бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ана, асыл жар, сүйікті әже. Өнегелі өмір иесі жақында аудандық газет пен ауданның бас ақыны М.Сақтаповтың отбасы жариялаған жыр мүшәйрасының бас жүл­дегері атанды. Оның ақынға арнаған өлеңі әділ қазылар тарапынан жоғары бағаланып, бәйгенің бас жүлдесіне лайық деп танылды. Ақынжанды ұстаздың шығармашылық жолына толағай табыс пен жеңіс тілейміз! Жазарыңыз таусылмасын!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
25 қаңтар 2022 ж. 399 0