Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман ұстаздың мерейі

Майталман ұстаздың мерейі

Жастайынан қойшы болған, адал еңбек етіп, ауыл құрметтісі атанған Арғынбек ата әулетінен шыққан Қызылбай Оңғарбаев еңбектің ащы тері мен тәтті жемісінің қадірін біліп өсті.

Болашақ ұстаз 1961 жылы қазіргі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келді. Ауылдағы орта мектепті бітіріп, білімге құштар азамат Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа физика-математика факультетіне оқуға түсті. Институтты бітірген соң №147 мектепке физика-математика пәнінің мұғалімі болып 1984 жылы еңбек жолын бастайды. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Ардақты ұстаз 2003 жылдан осы кезге дейін директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болып абыройлы еңбек етіп келеді.

Оқушыларға білім мен тәрбие берудегі үздіксіз еңбегінің арқасында көптеген марапат иесі атанып, абыройы үстем болды. Ауыл тарихы мен дамуында өзіндік қолтаңбасы бар ұстаз қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүреді. Қай кезде де белсенді, жанашыр азаматтың еңбегі еленіп, Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ауданның 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Тәжірибелі педагог Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінен Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталып, ауылдың, мектептің абыройын асырды.

– Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қасиет табиғат дарытқан дарын екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Ұстаздар қауымын әр баланың жан дүниесін танып білуші әрі жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Ұстаз еңбегінің шуағы тек балаға ғана емес, ата-анаға, қоршаған ортаға және ұжымдас әріптестеріне де молынан құйылып, оларды қанаттандырады, биікке жетелейді, баршаны жақсылыққа шақырады. Мұны мен ұстаздық мамандықтың иесі болғанымда түсіндім. Бала күнгі арманымның орындалып, абыройлы қызмет атқаруыма, кәсібімнің қыр-сырын толық меңгеруіме әріптестерімнің ықпалы зор болды. Күнбе-күнгі көп қырлы қызметімде өз ісінің майталманы, отыз жылдан астам уақыт бала тәрбиесі саласында қызмет етіп келе жатқан мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі меңгерушісі Қызылбай Оңғарбаевтың бағыт-бағдары, талапшылдығы, білім мен білігі таңдаған мамандығымның лайықты иесі бола білуіме септігін тигізді деп санаймын, – дейді жас ұстаз, әріптесі Самал Қосжанова.

Қызылбай ағай – ұстаздар әулетінің басшысы. Отанасы – Оразкүл Ахметова математика пәнінің мұғалімі, бес бала мен немерелер тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Ұлағатты ұстаздардың отбасында береке-бірлік берік орнаған. Ата-ана жолымен ұрпақтары саналы да, тәрбиелі болып өсіп келеді.

Ұстаз – тереңде жатқан кенді ашып, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Осы ұстаздық жолында Қызылбай ағай мен әріптестері әлі талай табыстарға жетері сөзсіз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
16 сәуір 2024 ж. 327 0