Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№75 газет

03 қазан 2026 ж.

№74 газет

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 газет

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Мәңгілік ұлағат иесі

Мәңгілік ұлағат иесі

Ауданның білім саласында ұзақ жыл ұстаздық етіп, салихалы ұрпақ тәрбиелеген ардагер-ұстаз қатары жетерлік. Сондай қарт ұстаздың қатарында Нағи Ілиясов ауылының байырғы тұрғыны Сара Нұрабаева бар. Ардақты ұстаз мұғалімдердің кәсіби мерекесінде мерейлі тоқсан жасқа келеді. Қазыналы қария, ұлағатты ұстаз талай шәкіртті білім нәрімен сусындатқан, оқушыларын әдебиетке, өнерге, салт-дәстүрге баулыған қарт ана.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, Сара Нұрабайқызы Сыр елінің мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев секілді тұлғаларға, көпке ерен еңбегімен белгілі болған азаматтарға сабақ берген.

Осыдан тоқсан жыл бұрын 1936 жылдың 8 қазан күні аудандағы Баймұрат батыр, бұрынғы Молотов колхозында көпбалалы отбасында дүниеге келген Сара Нұрабайқызы бала кезінен білімге құштар болады. Ісмер анасынан қазақтың қолөнер бұйымын тоқу, тігу өнерін жетік меңгеріп өседі. Соғыс жылдарындағы ауыртпалық, ел басына күн туған заманда ата-анасына еріп, бала болса да еңбекке ерте араласып, масақ тереді. Майдан даласына астық жөнелту науқанына үлес қосады.

Қиын жылдарды өткерген Сара Нұрабайқызы оқуға деген ынтасын ешуақытта жоғалтқан емес. Жас кезіндегі арманына қол жеткізу үшін бойжеткен Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі.

– Институтқа түсіп, өзімнің сүйікті ісім әдебиетке деген құштарлығымды жоғарғы біліммен ұштастырдым. Институтты бітірген соң еңбек жолымды осы Нағи Ілиясов ауылында бастадым. Ауылда мұғалім болып, кейін ауданның бірнеше ауылында Іңкәрдарияда, Шіркейліде еңбек еттім, – дейді қария өзінің естелік әңгімесінде.

Қырық жыл адал еңбекке жалғасқан ұстаздық жол ардақты ұстаз үшін жемісті болды. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне ерекше еңбек сіңірді. Бүгінде Сара Нұрабаеваның ұстаздық ұлағатынан тәлім алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамның әр саласында тер төгуде.

Байырғы әріптестері ардақты ұстаздың мектептен тыс уақытта шәкірттерін жинап, қазақтың қисса-дастандарын оқып, ауыл балаларының сауатын тереңдетуде белсенділік танытқан ұстаз ретінде құр­меттейді. Бұдан бөлек, қыз балаларға жүн түту, сабау, ұршық иіру, киіз басу, кілем тоқу, келі түю, күбі пісу, диірмен тарту, ұлттық тағамдар дайындау секілді қазақтың көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын үйретуді төл дәстүріне айналдырған шебер болғанын айтады. Ол еңбек еткен жылдарында аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда түрлі тақырыптарға қалам тербеп, мақалалар жариялап отыруды әдетке ай­налдырған қаламгер де бола білді.

Өмірлік қосағы Жарылқасын Алданазаров та өмірін ұстаздыққа арнаған азамат еді. Ол өмірінің соңына дейін ауданның елді-мекендеріндегі мектептерде физика-математика пәнінің мұғалімі, №191 және №129 мектептерде директор қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде ұлағатты ұстаздың шәкірттері Жарылқасын Алданазаровты мақтанышпен еске алып, оның қарапайым тұлғасы мен ұжым басқарудағы кәсіби шеберлігін насихаттап келеді.

Өткен ғасырдың ашаршылық жылдарынан аман қалып, балалық шақтары сұрапыл соғыс кезеңімен сәйкес келген Жарылқасын Алданазаров пен Сара Нұрабаевадан тараған 7 ұл 2 қыз мұнай, әскери қызмет, ішкі істер, білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласы мен саяси қызметтің үздік мамандары. Балаларының үлкендері зейнеткерлікке шықса, кейінгілері ел дамуына өзіндік үлесін қосуда. Бүгінгі күні алтын құрсақты ана ұл-қыздарынан 30 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.

Саналы ғұмырының 40 жылға жуық уақытын білім беру ісіне арнаған еңбек және тыл ардагері, Батыр ана Сара Нұрабайқызының мерейлі тойы құтты болсын!


Бибісара ЖАНӘЛІ
03 қазан 2026 ж. 45 0