Аудан әкімі баға тұрақтылығына бақылау жүргізді
Азық-түлік бағасын негізсіз көтеруге жол жоқ. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі "Серікбол" және "Престиж" сауда үйлеріне барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына бақылау жүргізді.
Сауда орталықтарында аудан басшысы халық күнделікті тұтынатын нан, сүт, ұн, көкөніс, қант, картоп, сәбіз секілді өнімдердің қоры мен бағасын бақылап шықты.
– Баға тұрақтылығы сақталуы қажет. Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге болмайды. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін апта сайын тиісті бөліммен мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондықтан халық тұтынатын тауарлар сапалы және қолжетімді болуы тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сауда үйлерінің иелері халық күнделікті тұтынатын өнімдердің қоры жеткілікті екенін айтты.
Бүгінде дүкендер тауар бағасын өз бетінше белгілейді. Алайда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу құны өндірушінің немесе көтерме саудадағы бағадан 15 пайыздан аспауы тиіс.
Ауданда азық-түлік қоры жеткілікті, тапшылық жоқ.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі