Сөз – ырыс, өмір – тыныс
ВКП (б) Орталық Комитетінің 1930 жылдың 17 тамызындағы «Округтардың жойылуына байланысты газет жүйелерін қайта құру туралы» қаулысына сәйкес негізгі өндіріс орындарында және ауылшаруашылық аудандарында қалалық, аудандық газеттер ұйымдастырыла бастады.
Сол жұмыстардың негізінде 1938 жылы Тереңөзек ауданы қайтадан аудан мәртебесін алып, аудандық газет 1939 жылдың 26 наурызында «Сталин жолы» деген атпен жарыққа шыға бастады. Деректерге сүйенсек, газеттің атауы кеңестік жүйенің даму кезеңдеріне сәйкес саясат ыңғайына қарай өзгеріп отырған.
Атап айтар болсақ, «Сталин жолы» газетінің №1 саны 1939 жылдың 26 наурызынан 1956 жылға дейін шығып тұрды. 1956 жылдан 1963 жылға дейін «Еңбек майданы», 1963-1967 жылдары Тереңөзек (қазіргі Сырдария) және Сырдария (қазіргі Тасбөгет) аудандарының бірігуіне байланысты «Сырдария» атымен жарық көрді. 1967 жылы аудан екіге бөлініп, Тереңөзек аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің органы «Еңбек туы» газеті болып 1967 жылдан 1992 жылғы шілденің 30-ына дейін тарады. Газет 1990 жылдың 2 қарашасында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік Комитетінде тіркелді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың 30 шілдесінде басылым атауы «Тереңөзек тынысы» деген атпен Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат министрлігінде №834 санды тіркеу куәлігімен тіркеледі. Ал 1997 жылдан бері «Тіршілік тынысы» деген атаумен шығып келеді.
Газет редакторлары Серғазы Абдуллаев (1939), Баймахан Уызбаев (1940-1941), Әбілда Құрманаев (1945-1946), Смайыл Ақжігітов (1946-1950), Шілдебай Оңғалбаев (1951-1955), Айтбай Қойшыбаев (мерзімі белгісіз), Жұмағали Елеуов (1955-1962) болды. Осы жылдарда редактор үшін Ш.Оңғалбаев пен Б.Өтеповтер де қол қойған. Содан кейін Болатбек Аманбаев (1965-1967), Смағұл Маханбетов (1971-1972), Ізхан Досмағамбетов (1972-1978), Абызбай Маханбетов (1978-1992), Қуаныш Татанов (1992-1993), Тынышбек Дайрабаев (1993-1994), Келдібай Уәйісов, Тұрғанбай Болғанбаев (1994), Асқар Кіребаев (1998-2000), Нұрлыбек Ғизатов (2000-2001), Сәуле Ерімбет (2001-2019), Ақтөре Ибрагимұлы (2019 жылдан бері) бас редактор болып қызмет атқаруда.
Осы жерде нақтылап жіберетін бір мәселе бар: 1963 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 1964 жылға дейін Қызылорда облысы «Оңтүстік Қазақстан аймағы» құрамында болуына байланысты Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары таратылды. Тереңөзек ауданының елді мекендері Сырдария, Қармақшы аудандарына бөлініп берілді. Осыған байланысты 1962-1965 жылдар аралығында Тереңөзек ауданына қарасты газет шыққан жоқ.
Газет тиражына тоқталар болсақ, алғашқы «Сталин жолы» – 1000, «Еңбек майданы» – 1350, «Сырдария» – 4150, «Еңбек туы» – 3010, «Тереңөзек тынысы» – 2905 дана таралыммен оқырманға жетсе, 2019 жылдың екінші жыртыжылдығынан бастап «Тіршілік тынысы» газетінің таралымы артып, оқырман саны көбейді. Газет 2021 жылғы есеп бойынша 3947 данамен таратылуда.
«80 жылдан аса тарихы бар «Тіршілік тынысы» газетінің алғашқы редакторы кім?» деген сауал айналасында түрлі деректер бар. Газеттің алғашқы жылдары редакцияда жұмыс істеген Сұлтан Қожаниязов былай деп жазады: «Ауданда алғаш рет газет ұйымдастырылған кезде біраз уақытқа дейін тұрақты редактор болмағандықтан, аудандық партия комитетінің сол кездегі үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі мен жауапты секретарь Сайқараев кезек-кезек газетке қол қойып жүрді. Бертін келе коммунистік журналистика институтын бітірген бір топ жастар біздің облысқа келді. Солардың бірі Баймахан Уызбаев еді. Мен ол кезде облыстық «Ленин жолы» газетінің Тереңөзек, Жалағаш аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқаратынмын. Туған жерім болғандықтан және Баймаханмен қызметтес ретінде аудандық газетке жиі-жиі соғатынмын» деп жазады.
СССР Журналистер Одағының мүшесі, соғыс және еңбек ардагері Мұса Сексенбаевтың естелігінде былай деп жазылады: «1940 жылдың жаз айларының бірінде Балтық жағалауындағы Литва, Латвия, Эстония мемлекеттерінің өз қалауымен, өз еркімен СССР-дің құрамына кіруіне байланысты осы мемлекеттің жастарына арналған тырнақалды өлеңім газет бетінде жарық көрді. Баспасөз жұмысын қызықтап, редакцияға жиі барушы едім. Аудандық газет редакциясы мен баспахана қазіргі Аманкелді Иманов атындағы көшенің бойында орналасқан болатын. Газеттің редакторы жас журналист Баймахан Уызбаев болатын. Редакция аппараты небәрі екі-ақ адам, редактор және жауапты секретарь ғана еді». Екі естелік-жазбаға сүйенсек, Баймахан Уызбаев 1940 жылдары редактор болған.
Аудандық газеттің редакторлары туралы Сырдария ауданының құрметті азаматы, «Тіршілік тынысы» газетінің 1993-1994 жылдардағы бас редакторы Тынышбек Дайрабаев мынадай мәліметті алға тартады: «Газеттің алғашқы редакторы кім болды дегенге келсек, нақты қолын қойып, есімі жазылған Серғазы Абдуллаевты айтамыз. Алайда, кейбір баспасөз деректерінде Айтмағамбет Жалмұханбетовты 1937 жылы Тереңөзек ауданы газетінің редакторы болып қызмет атқарған тұста «халық жауы» ретінде ұсталып, Ресей жеріне айдалып, ақыры сол жақта қайтыс болған деп келтіріледі. Бұл деректі былай түйіндеуге болады. «1929 жылдың шілде айында Қызылорда округтік «Сыр бойы» газеті шыға бастаған. «Сыр бойы» Қызылорда округінің партия Кеңес комитетімен кәсіподақ ұйымының және Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Аламесек, Қарсақбай аудандарының да органы болып табылған. Міне, сол тұста А.Жалмұханбетов «Сыр бойынан» Тереңөзек ауданына бөлінген редактор-тілші болған» деп есептеймін. Сонымен «Сталин жолы» газетінің 1940 жылдың №1 (57) санында (1 қаңтар) жауапты редактор С.Абдуллаев, кейіннен жауапты редактордың міндетін атқарушы болып Мәулен Меңдіғараев, кей кездері Дүйсен Жұқабаев та қол қойған. Бұл азаматтар 1940 жылы аудандық партия комитетінің қызметкерлері болған.
Жоғарыда келтірілген естеліктер мен Т.Дайрабай ұсынған деректен шығатын қорытынды: газеттің алғашқы редакторы – Серғазы Абдуллаев.
1940 жылдың шілде айынан бастап «Сталин жолы» газетіне жауапты редактор Баймахан Уызбаев болды. 1941 жылғы 8 қазандағы санына жауапты редактор болып А.Тортаев, Б.Уызбаевтар қол қойған. Бұл деректерден ара-тұра партия қызметкерлері де редактор үшін қол қойып отырғанын көруге болады.
1939-1946 жылдары ауыл-село тілшілері Тұрсынбай Аралбаев, С.Дәрібаев, Мұса Нұрманов, Бақытжан Әденов, Сайлығараев, Қайролла Оспанов, Үмбетов, Н.Төртбаев және тағы басқалар тұрақты түрде автор-тілші болып мақала жазып тұрған.
Газеттің жарыққа шыққан алғашқы жылдарындағы мазмұны жайында мынадай дерекке сүйендік: «Ол кездерде баспасөздің, әсіресе газеттің беделі өте зор болатын. Сын мен өзара сын және фельетондар газет беттерінде жиі жарық көруші еді. Газет сынын жоғарғы партия, Совет, комсомол және шаруашылық орындары, оның басшылары қатты қолдайтын. Газет көтерген дабылға үлкен мән берілуші еді. Редакцияның аппараты шағын болуына қарамастан газет бетінде түрлі саяси-шаруашылық мәселелер, сын материалдары үнемі және жан-жақты қамтылатын. Газеттің қызғылықты, тартымды шығуына сол кездегі ауыл активтері, комсомол-жастар барынша белсенді түрде атсалысушы еді. Мысалы, №23 ауылға сол кездегі «Бостандық жолы», «Үлгі» және «Сталин» атындағы колхоздар кіретін болса, осы шаруашылықтардың өмірінен тамаша материалдарды осы ауыл советтің азаматы Қараев үнемі жазып тұратын. Кейін осы газетте жауапты секретарь қызметін атқарып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан оралмады. №1 Қызылөзек ауылдық Советінің қамтуындағы «Жаңаарық» колхозынан Есентұр Дәуітбаев ауыл өмірін үнемі жазып отырумен қатар көркемсөз, өлең де жазды. 1940 жылы Қызыл армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысып, елге көптеген өлеңдерін жіберіп тұрды. Қазақстан Жазушылар одағы жинақтаған соғыстан оралмаған жас ақындар жайлы деректерде сырдариялық Есентұр Дәуітбаевтың де есімі бар. Сол кездегі «Қызылдиқан» колхозынан соғысқа дейін де және онан кейін де осы ауылдың тұрғыны Мұса Нұрманов газеттің белсенді авторларының бірі болды. Газет осындай авторлардың жемісті еңбегінің арқасында талқыланып, беделге ие болды. Газетте жарияланған, әсіресе, сын материалдардың бірде-бірі ізсіз жоғалып кетпейтін. Оған тиісті жолдастар редакцияға жан-жақты, түбегейлі, тиянақты жауап беретін. Газет бетінде сыналу деген жазаның ең ауыры сияқты болып көрінетін. Газет қызметкерлерінің беделі де жоғары болатын.
Баспасөзде жарияланған мәселенің аяқсыз қалмайтынын газет оқырманы Қожабек Қоянбаев өзі жазған мақаланы мысал етіп, естелік жазады: «Ұмытпасам, 1941 жылдың март-апрельдің іші болар. Біз оқитын жетіжылдық мектеп батыстан шығысқа қарай бейне пойыздың вагонындай ұзынша етіліп салынған. Жалпы көлемі 5-6 бөлмеден тұрады. Ал енді мектептің шығысында мектеп үйіне қабырғалас салынған өзі ұзынша жайды одан сайын ұзарта түсетін ауылдың бір бөлмелі клубы болатын. Бір таңырқарлығы, мектептің іші-сырты қысы-жазы ылғи әктелінген аппақ болып тұрса, ал мектеппен қабырғалас клубтың сырты бидай сабан араластырған балшықпен сыланған, қабырғаларынан су аққан, тамшы тескен күйінде үнемі ағал-жағал болып тұратын. Өмірі әктелмеген қоңыр сылақтан сояудай-сояудай сабан көрініп тұратын. Ауыл адамдары қол бос уақыттарында клубқа үнемі келетін, газет-журналдар оқитын. Клубтың әдемі шағын сахнасы бар-ды. Мерекелі күндерде мектептің ересек оқушылары, мұғалімдері концерт қоятын. Осындай көпшілік жиі келіп, көңіл көтеретін клуб үйінің жағдайы аз уақытта мүшкіл күйге түсті де қалды. Клубқа жақын жердегі колхоздың астық сақтайтын қоймасының бір қабырғасы жарылып, құлауға айналғасын колхоз барлық тұқымдық астығын бір жетіге толмайтын уақытта клубқа тасып алды. Клуб үйі лезде қоймаға айналды. Осы бір келіссіздеу жағдай менің, яғни 6-класс оқушысының қолына қалам алдырды. Өмірімде тұңғыш рет «Қоймаға айналған клуб» деген мақала жаздым. Әдемілеп көшіріп, конвертке салып, адресін жазып, көршіміздегі аудан мен ауыл арасына пошта таситын Шадай ағайдың аспалы қара сумкасына сүңгітіп жібердім. Арада жеті-он күн өткенде аудандық газетте «Редакцияға хат» деген айдармен астық қоймасына айналған клуб жайлы хабар жарқ ете қалды. Баспасөздің құдіреттілігін мен сонда көрдім. Хабар жарияланған соң арнаулы адамдар келіп өгіз, ат-арбалармен тұқымдарды басқа жайға алып кетті. Клуб сыртына май мерекесі қарсаңында құм сылақ жүргізіп, аппақ шатырдай етіп әктеді. Ішін де әдеміледі, кем орындықтарды толықтырды, қабырғаларды ұрандармен безендірді».
Соғыстан кейінгі жылдары газет редакторлары болып Смайыл Ақжігітов, Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаев және Жұмағали Елеуов сияқты тәжірибелі, білімді, өмірден көргені көп азаматтар қызмет атқарды. Аудандық газеттің жауапты секретары болып көп жыл Құрманғали Ажаров істеді. Бұл журналист кейін облыстық «Ленин жолы» газетіне қызметке ауысып, бір редакцияда 30 жылдан астам жемісті еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары аудандық газеттің сапалы және жақсы шығып тұруына аудандағы бірсыпыра зиялы қауым өкілдері басқа да салада еңбек ететін азаматтар белсене араласты. Мысалы, әдебиет зерттеуші, сыншы-публицист әрі педагог Әлішер Тоқмағамбетов аудандық газетке үнемі мақала жазып, ауданның мәдени-экономикалық, саяси-тәрбиелік жұмыстарын жақсарту мақсатында көп еңбек сіңірді. Ол кей жастардың тәрбиесіне, оқуына байланысты проблемалық көкейкесті мәселелерді облыстық газет беттерінде батыл көтеріп отырды. Сондай-ақ сол кездегі аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі Дүйсен Жұқабаев партия ұйымдарының жұмысын жақсарту тақырыбына байланысты аудандық газетте үнемі сын мақалалар жазып тұрды. Ал мектеп мұғалімі Қасымхан Ысмайлов бала тәрбиесі, ата-аналар арасындағы жұмыстар туралы газет бетінде көптеп ұсыныс-пікірлер, сын жазған. Ауданда шаруашылық мекемелерінде басшылық қызмет атқарып жүрген Жүніс Жұмабаев қолы қалт еткен уақытта түрлі тақырыптарда өлең жазып, газет бетінде жариялап тұрған. Сол уақытта баспасөз бетінде көрінуге, ойындағы мәселелерін газет арқылы көтеруге қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап ауыл, аудан көлеміндегі жауапты қызметкерлерге дейін үйірсек болатын. Бір сөзбен айтқанда, аудандық газетті шығаруға оқырмандар жаппай қатысқан. Қалың көпшілік қатысқандықтан аудандық газеттің беделі де биік еді.
«Сыр журналистикасының
тарихы» кітабынан
(Жалғасы бар)
тарихы» кітабынан
(Жалғасы бар)