Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан абыройын арттырған басылым

Аудан абыройын арттырған басылым

Газеттер негізінен жергілікті, республикалық, халық­ара­лық болып шартты түрде бөлінеді. Бірақта қай басылым болсын өз жылы, өз бағыты, мақсаты болмақ. Ал, жергілікті облыстық, аудандық газеттер де көп нәрсені шешеді.

Бұл күндері 1913 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінің шыққан күні қазақ баспасөзінің күні болып белгіленді. Сондықтан да әр газет – басылымдарының алғашқы саны шыққан күнді мерекелейді. Сондай мереке 26 наурыз 1939 жылы алғашқы саны шыққан бұрынғы Тереңөзек (қазіргі Сырдария ауданы) аудандық газетінің туған күні деуге болады.

Газет «Сталин жолы» деген атпен 1956 жылға дейін №53 саны 1 шілдеде шықты. Алғашқы газет санына қол қойған Серғазы Абдуллаев, ара-тұра Мәулен Меңдіқараев қол қойған. 1969 жылы «Еңбек туы» деп аталатын Тереңөзек аудандық газет редакция­сына қызметке орналастым. Сондай күндердің бірінде арықша келген кісі келіп, айқайлап, мақаласының шықпай жатқанын айтып Мұхтар Сақтаповқа шүйлікті.Сөйтсем ол газеттің алғашқы редакторы екен. Еркін сөйлеуі содан да болар.

С.Абдуллаев Партияның XVIII съезі атындағы колхоздан жазып тұрса, Сайлығараев – Шаған елді мекенінен жазатын. 1939-1945 жылдарында ауыл–село тілшілері аталған Мәулен Меңдіқараев, Мұса Нұрманов, Тұрсынбай Аралбаев, Бақытжан Әденов, Хайрулла Оспанов, Үмбетов, Нызан Төртбаев, Қараев тағы басқалар газетке көп көмегін тигізді. Хат-хабарларын, ел жаңалықтарын аудандық басылымға жолдап отырған. Осылардың ішінде өз басым Сайлығараев пен Бақытжан Әденовті көрдім. Б.Әденов өмірінің соңына дейін газеттен қол үзбеген тілші болды. Кейіннен М.Меңдіқараев, Сайлығараев, Н.Төртбаев, Б.Ізбаев, Қ.Қараевтар газетте қызмет атқарған. Кейбіреуі, аз уақыт болса да жауапты редактор ретінде газетке қол қойған. Сол тұста Тереңөзек аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері Дүйсен Жұқабаевтың басшылығымен газет саны шыққанын көрдік.

«Сталин жолы» газетінің бірінші бетінің жоғары жағына: Тереңөзек аудандық партия комитетінің және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Тереңөзек аудандық ұйымдастыру Комитетінің органы деп №1 санынан бастап жазылған. 1940 жылы редактор міндетін атқарушы М.Меңдіқараев қол қойды.

Жас маман, алғашқы журналист Баймахан Уызбаев 1940 жылдың шілде айынан 1945 жылға дейін жауапты редактор қызметін атқарды. Бұл кісі 1965 жылдары Жалағаш аудандық газетінде қызмет атқарғанын білем, сол жерден зейнеткерлікке шықты.

Газеттің 1940 жылғы бір санында Қайранбай Сманов пен Үмбетовтің өлеңдері басылған. Сол кездегі 8-сынып оқушылары Қ.Сманов 1960-1980 жылдарда Партияның XVIII съезі атындағы совхозда бөлімше басқарған белгілі азамат.

1941 жылдың 18 желтоқсанында «Сталин жолы» газеті соғысқа қарсы өлеңдерді берген. Сондай-ақ Аламесек МТС-ның тракторисі Нызан Төртбаевтың да өлеңі шыққан. 1941-1943 жылдарда ара-тұра Ә.Омаров, Ә.Тағаповтар да газетке қол қойыпты. 1945-1946 жылдарда аудандық басылымға Әбілда Құрманаев жауапты редактор қызметінде жүріп, облыстық «Ленин жолы» газетіне ауысып, өмірінің соңына дейін қызмет етті. 1946 жылы желтоқсан айынан Қармақшы аудандық газетінен ауысып, Смайыл Ақжігітов келді. Ол кісі 1946-1950 жылдарда редактор болды. «Сталин жолы» газетіне басшылық жасады. Бұл кісі газет және баспахана жұмысын жетік білетін еді. Сондықтан газет бетін ажарландырып, мазмұнын арттыруға күш салды.

Газет редакциясы мен баспахана қазіргі А.Иманов көшесіндегі екі бөлмелі үйде орналасқан. Редакцияда жауапты редактор мен жауапты хатшы қызмет атқарған.

Газет пен баспахана әрдайым бірге қоныстас болатын. Баспаханада директор болып В.Те, Уамық Аманбаев, Қ.Көшекбаев, Жұмабек Бақтыбаев, Сергей Тоқсанбаевтар еңбек етті. Қолдарынан келгенін аямады. Редактормен бірге тыныстанды десем артық айтқаным емес. Сол баспахана директорлары болған Көшекбаев, Жұмабек Бақ­тыбаев және Сергей Тоқ­санбаевтармен қыз­меттес болдым. Көшекбаев айқайшыл, Ж.Бақтыбаев жұмсақ мінезді болса, Сергей Тоқсан­баевтың ашуы шай ора­мал кепкенше дегендей тез басылатын.

«Сталин жолы» газеті ауыл шаруашылығы, мектеп ісі, 1941-1945 жылдардағы майдан даласынан хабарлар беріп, елге оралған жауынгерлерді қуаттандырып мақалалар, сын-сықақты жиі бергізіп тұрған. Сол кездегі партия, кеңес органдары газет сынына қатты қарайтын. Айтылған сыннан қорытынды шығаруға тырысқан.

Майданға алынғанша №23 ауылдан Қараев, Жаңарық колхозынан Есентұр Дәуітбаев, Қызылдихан колхозынан Мұса Нұрманов, Бәкір Өтепов газетке жиі-жиі мақалалар беріп тұрды. Бұрынғы Тереңөзек аудандық газетте жарияланған, маңыздылығын бүгінде жоймаған бірнеше мақалаларды, атап айтсам 1947 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болған Зәйпін Жүнісбаева (Сауыншы Т.Д), 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған Дүйсенбай Керейтбаев (күрішші), озат жылқышы Е.Адаевтың, 1947-1948 жылдары Тереңөзек ауданы облыстың Қызыл Туын жеңіп алғанда, шиелілік ақын Нартай Бекежанов арнайы 1942 жылдың 10 қыркүйегінде «Еңбек ерлері» құттықтау өлеңін аудандық газетте жариялапты. Бұл деген сөз Нартайдай белгілі адамның құттықтауы газет беделін көтерді деген сөз. «Сталин жолы» газетінде алғашқы партия конференциясы туралы 1940 жылдың 7 наурызында мақала жарияланған.

Прокурор Қ.Баймаханов қуғын-сүргін жайлы бір мақаласында: ...«Айтмағанбет Жалмұханбетов 1937 жылы Тереңөзек аудандық газетінің редакторы кезінде «Халық жауы» деп ұсталып, Сібірге жер аударылып, сол жақта жүргенінде өмірден өткенін жазады. Газетіміз 1939 жылы шыққан десек, 1929 жылдан «Сыр бойы» деген атпен жарық көрген газет – Қызылорда округінің партия, кеңес комитеті мен кәсіподақ ұйымының және Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Аламесек, Қарсақбай аудандарының органы болыпты. Мүмкін сол тұста А.Жалмұханбетов «Сыр бойынан» Тереңөзекке бөлінген редактор – тілші болған сияқты.

Газет оқырмандары білуге тиіс деректердің бірі бұрынғы Тереңөзек ауданында қанша колхоз болғанын «Сталин жолының» 1942 жылғы №26 санында шыққан аудан колхоздарының ауылшарушылығы жоспарларын берген беттен 39 колхоздың болғанын және газетке жауапты редактор болып Б.Уызбаевтың қол қойғанын, газеттің таралымы 1500 дана екенін, бағасы 10 тиын екендігінен хабардар болмақ. Колхоздардың аттары төмендегіше:

1. Қызылдихан, 2. Қызылорақ, 3. Жамбыл, 4. Бидайкөл, 5. Ворошилов, 6. Қаратөбе, 7. Кантонская Коммуна, 8. Қызыл Ту, 9. Қызыл Жалау, 10. Қурайлы, 11. Талап, 12. Красная Заря, 13. Далакөл, 14. Көптің көлі, 15. Қарабөгет, 16. Аққұм, 17. Шымбөгет, 18. Көкжиде, 19. Комсомол, 20. Шандайкөл, 21. Жаңаөріс, 22. Тукөл, 23. Ақарық, 24. Көкпар, 25. 1-май, 26. Каганович, 27. Чапаев, 28. Амангелді, 29. Сталин, 30. Үлгі, 31. Бостандық жол, 32. Карл Маркс, 33. Жаңараық, 34. Айнакөл, 35. Қызылөзек, 36. Майлықұм, 37. ХVIII партсъезд, 38. Қызылкоммуна, 39. Жаңадария.

1950 жылғы наурызда жоғары партия, кеңес органдарының шешімімен майда колхоздар іріленіп, 20-21 козхоз қалған-ды. «Сталин жолы» осындай мәселелерді қамтыған екен. Соғыстан кейін 1944 жылы елге оралған Сұлтан Қожаниязов облыстық газеттің меншікті тілшісі ретінде Тереңөзек ауданы жайлы да біраз сыни мақалалар мен өлеңдерін жариялаған.

Газет 1956-1963 жылдар аралығында «Еңбек майданы» аталған. Бұл тұста Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаев редактор болады. Газеттің жауапты секретары Құрманғали Ажаров, кейіннен облыстық «Ленин жолы» газетінде еңбек етеді. Жоғарыда атап өткен Ә.Құрманаев та ұзақ жыл «Ленин жолы» газетінде қызмет атқарды. Бұл тұста газеттің ауыл-село тілшілерінің саны артып қана қоймай, олардың жазған материалдарының сапасы да жақсарғанын көреміз. Тарихшы, мұғалім Қасымхан Смайылов, ақын Жүніс Жұмабаев, тілші, ғалым, майдангер, жауынгер Әлішер, Асқар Тоқмағанбетовтер газеттің нағыз жанашыр авторлары еді. Бұдан кейін Қожабек Қоянбаев, Төлепберген Тобағабылов, Нұрхан Жанаев, Бекнияз Шертаев, Мұхтар Сақтапов, Мүзаппар Байхожаев тағы басқалар газеттің штаттан тыс тілшілері болды. Кейіннен Б.Шертаевпен М.Сақтапов, Ж.Жұмабаевтар газеттің жауапты қызметкері қатарында еңбек етті.

«Сталин жолы» газетіне алғашқы хабарларын бастырғанын Қазақстанның халық жазушысы, белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов талай рет қызықты етіп айтып отырушы еді: «Қалекеңнен басқа есімдері республикаға кеңінен танылған көрнекті аудармашы, жазушы Әбілмәжін Жұмабаев, ақын Әбдіраш Жәмішов т.б.» айтып отыратын. 1951-1955 жылдары газет редакторы қызметін Шілдебай Оңғалбаев атқарды. 1955 жылы №5 санынан бастап 1962 жылдың 14 сәуір аралығында «Еңбек майданы» атанған. Газет редакторы Жұмағали Елеуов болатын. Осы кезде аудандық газетке келіп, белгілі ақын болған Сақтаған Есмаханов, Мұхтар Сақтапов, Төлепберген Тобағабылов, Нұрхан Жанаевтар еңбек етеді. Төлепберген республикаға белгілі жазушы Нұрхан Жанаев көрнекті балалар ақыны болды. Нұрхан аға 90 жаста, қазір Алматыда тұрады. Оқырмандар білуі үшін Нұрхан ағаның Қазақ радиосында 40 жыл еңбек еткен Ахат Жанаевтың туған ағасы екенін айта кетейін. Аудандық газетте алғашқы өлеңдері жарияланған Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов т.б. бүгінде белгілі қаламгерлер.

1963 жылдың соңына таман аудандар біріккен тұста бұрынғы Тереңөзек ауданы Сырдария ауданымен қосылып, Сырдария ауданы аталып, орталығы Тереңөзек, газет атауы «Сырдария» болды. Осы тұста Әскербек Рахымбеков, Шайзада Рахметбеков, Шәкен Бектасов тағы басқалар Тасбөгеттен қосылды. Оларда кейіннен белгілі журналист, жазушы, ақын болды. Тіпті Темірбек Жүргеновтің туған інісі Бетай Қуақов пен Сақтаған Есмахановтың 1963 жылдың 6 маусымында повесі басылыпты.

Газет баспаханасыз шықпайды. Баспахана директорлары ішінде В.Те, У.Аманбаев, Қ.Көшербаев, С.Тоқ­санбаевты және баспахана механигі болған Қалман Төлегеновтің біліктілігі мен жауапкершілігі, іскерлігін баспасөз саласында еңбек еткендер жақсы біледі.

1963 жылы Болатбек Аманбаев газетте бөлім меңгерушісі, кейіннен орынбасар, 1965 жылдан газет бөлінгеннен кейін редактор да болды. Осы кезеңде Келдібай Уәйісұлы, Асқар Кіребаев, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаевалардың алғашқы өлеңдері осы газетке жарияланды. Бүгінде олардың есімдері республикаға белгілі ақындар.

Газет 1967 жылы «Еңбек туы» деп аталды. Бұл кезде редактор Б.Аманбаев, орынбасары Бәкір Өтепов болатын. 1992 жылы «Тереңөзек тынысы», бүгінде «Тіршілік тынысы» атауымен шығып отыр.

1971-1972 жылдары партия, кеңес қызметкері Смағұл Маханбетов, 1972-1980 жылдары Ізхан Досмағанбетов, 1980-1990 жылдары Абызбай Маханбетов, 1990-1993 жылдар аралығында «Еңбек туында» қызметін (1969 жылы) корректорлықтан бастаған Қуаныш Татанов газетті басқарса, аудан әкімінің орынбасары Тынышбек Дайрабаев (1993-1994), осы газетте редактор болған. Мұнан соң Келдібай Уәйісұлы редактор болды. Келдібайдан кейін Тұрғанбай Болғанбаев редактор болса, Дәметкүл Құмақбай газет редакторының міндетін атқарушы болды. 1997 жылы Асқар Кіребаев, 2000 жылы Нұрлыбек Ғизатов газет редакторы болып тағайындалды. «Тереңөзек тынысында» редактордың орынбасары болған алғашқы еңбек жолын осы газетте корректорлықтан бастаған Сәуле Ерімбетова 2001 жылдан редактор болып 18 жыл еңбек етті. 18 жылда қаншама тер төкті, қаншама қиындықтарды бастан өткерді.

2015 жылы «Тіршілік тынысы» газеті облыста үздік басылым ретінде танылған. 2019 жылдың 15 қазанынан ақын Ақтөре Ибрагимұлы редакторлық қызмет етуде. Бас редактор А.Ибрагимұлы көп жұмыстардың басын қайырды. Өзі де, басқарған газеті де елге танылды.

Тереңөзек пен Сырдария аудандары біріккен кезде Жалағаштан Болатбек Аманбаев пен Сұлтанбек Қожаниязов келді. Әсіресе, Сұлтекең сын-сықақты көбірек жазды. Тіпті дос, сыйлас адамдарының әйелдерінің колхоз жұмысына араласпауын батыл сынады. Сұлтекең табанды, аяқ астынан сөз табатын. Кішкентай оқиғадан үлкен мәселені тудырып, басшыларды сынайтын. Шынын айту керек, бастықтар Сұлтан Қожаниязовтан қатты қаймығатын.

Газетте журналист Серік Әлімбетовтің де есімі құрметпен аталатын. Ал, хаттар бөлімін басқарған Бекнияз Шертаев көбіне сын мақалаларымен кеңінен танылды. Штаттан тыс тілшілер арасында шіркейілілік Байназар Сүлейменов те ауыл тынысын, жылт еткен жаңалықтарды газет бетінде жариялауға асығатын.

85 жыл үзіліссіз шығып келе жатқан аудан айнасы халықпен бірге болып, бірге жүрген «Тіршілік тынысының» бүгінгі қызметкерлерін, аудан халқын мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Мерейтойды лайықты атап өтуге атсалысып жатқан аудан әкімдігіне, «Сыр медиа» серіктестігіне басылымның бұрынғы рдеакторы ретінде шынайы ризашылығымды білдіремін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
аудандық газеттің
бұрынғы редакторы
11 мамыр 2024 ж. 199 0