Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өтірік тәтті, шындық ащы

Өтірік тәтті, шындық ащы

Жұрт Зияудин қажы Әбілқайырұлын ардагер ұстаз, қоғам белсендісі ретінде таниды. Бірақ, оның қарапайым болмысы мен қызығатын қырларын білетіндер аз. Сондықтан «Сенбілік сұхбаттың» нысанасына қадірлі қарияны алдық.
– Жетпіс жасыңыз құтты болсын! 
– Рахмет, балам. 
– «Алпыс жаста тай жеген бөрідеймін, жетпіс жаста илеген терідеймін», – депті Шал ақын. Жетпіске келгенде өмірден не түйдіңіз, өнегеңіз қандай? 
– Адам мейлінше қарапайым болу керек. Бұл – адами қасиеттің биігі. Яғни, жүрегінде имани нұры бар кісі бойындағы қасиет. Екіншіден, ілім үйренуге асыққан жөн. Ең бастысы, еңбексіз құрылған өмір – мағынасыз екенін түсінген абзал. Себебі, адал еңбек ардың тазалығын көрсетеді. Ар тазалығы қоғамда беделіңді өсіреді. Осының парқын ұрпағымның бойына дарытуға тырыстым. Менің өнегем осы.
– Сізді жұрт «қажы» дейді. Мұндай қасиетті ұғымды арқалап жүрудің жауапкершілігі ауыр болар?
– Ес білгелі Алланы білуге деген қызығушылығым артып, Жаратушының нығметтерін таныдым. Сосын зейнет жасына шыққаннан кейін сәждеге бас идім. Қажылық міндетімді өтеуге талпынып, ниет еттім. Муслимнен келген хадисте «Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады» дегендей қажылыққа барып келдім. Әрине, қажылыққа барып қайту парыз, одан кейін қажының қасиетін сақтау керек. Сондықтан, қажыр-қайратымды, қарым-қабілетімді кірлетпей ұстауға тырысамын... 
– Адамның көңілінде балалық шақ ұмытылмайды дейді. Соны еске түсірсеңіз...
– Менің әкем соғыс ардагері. Майдан даласында от пен оқтық ортасында жүріп денсаулығынан жастай айырылды. Дегенмен, Тәңір қосқан қосағын тауып, отау тікті. Анам мұғалім болатын. Туған ауылым Бөртескендегі Тақыркөл мектебінде, жоғары сыныптағы білімімді Шорнақта шыңдадым. Жоғары оқу орнын Шымкент педагогикалық институтында тарихшы мамандығы бойынша бітіріп, ұстаздық жолдағы алғашқы қадамымды жасадым.
– Саналы ғұмырыңызды ұстаздық жолға арнағаныңызды білеміз. Зияудин қажы қоғамға не берді? 
– Бәрін басынан бастайын. Жоғары білімді алғаннан соң еңбек жолымды өзім оқыған білім ошағының бастауыш мұғалімі болып бастадым. Төрт жылдық мектеп қабырғасында қызмет қылып, кейіннен Жаңақорған агро-техникалық колледжде (бұрынғы кәсіптік-техникалық училище) пән мұғалімі болдым. Зейнетке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенімде шықтым. 1981-1984 жылы Жайылма ауылындағы мектепте директор қызметін атқардым. 
Ол кезде төрт-ақ сынып болатын. Мектеп іші өте тар. Осы жылдары мектептің ғимаратын дұрыстап, тоғыз жылдыққа жеткіздім. 
Қолдан келгенінше көмекке зәру жандарға қол ұшымды созып, жәрдемші болдым. Мен мұнымен мақтанбаймын...
– Ұстаз бақыты – шыңдаған шәкіртінде. Осы тұрғыда алғанда, шәкірттеріңізбен мақтана аласыз ба?
– Әрине, шәкірті бар ұстаз – бақытты ұстаз. Заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов, Ерзақ Тілеубергенов, Мадияр Ахметов, Жақсылық Оспанов және тағы да басқа оқушыларым барына тәуба. 
– Дене бітіміңізге қарағанда спорттан алыс болмағандайсыз...
– Иә, спорт менің өмірлік серігім болды. Облыстан талай олжалы оралып, қанжығам майланды. Алысқа шаппасам да, аймақта атым аталып жүрді. Бірақ, мен спорт саласын емес, білім саласын таңдадым.
– Шаңырағыңызды мұғалімдер династиясы ретінде танимыз. Бұл қайдан келген қасиет?
– Ана сүтімен дарыған асыл қасиет қос ұлыма да беріліпті. Үлкенім Әзірет – агро-колледжде. Екінші ұлым Нұрмұхаммед – М.Әуезов атындағы Шымкент мемлекеттік университетте ұстаз, филология ғылымының кандидаты. Келіндерім де білім беру жолында. Бірі – ағылшын тілін жетік меңгеріп, аудандағы үздік мұғалім атанып жүр. Ал, кенже келінім араб тілінен дәріс береді. Үйдегі апаң да ұстаздық саланың қыр-сырына қанық. Ол да 40 жылдан астам орыс тілі пәнінен сабақ беріп, зейнетке шыққан жан. Есімі – Райхан Патшаханқызы.
– Нарықтың кезеңі есептің заманы емес пе, зейнетте де бос отырмау керек сияқты.
– Ел бар жерде артық-кем жағдайлар болады. Үлкендік жолмен ара түсуге тура келеді. Бүгінде бейнет кешкен адам кем қалмайды. Оны өмір дәлелдеп берді. Халықтың әлеуметтік жағдайы көп түзелген. Бір өкінетінім, байлықты беріп жатқанмен пейілді алып жатыр. Бұрынғылар, пейіл бұзылмасын дейтін еді. Сол сөз рас екен.
– Әділдікті ұстанатын әлеміңізге қанықпыз. Бұл қаншалықты қағида?
– Мен біреудің сыртынан сөз айтуға құлықты емеспін. Реті келсе, бетіне айтқанды жөн санаймын. Сосын өз құлағыммен естімей біреудің сөзіне сенбеймін.
– Алқалы жиындарда бой көрсетіп, өзіндік пікір-тілектеріңізді айтасыз. Көбінде көңіліңіз толмай сөз саптайсыз. Неге?
– Балам-ай, қашанда өтірік тәтті, шыңдық ащы болады. Қазіргі қоғамда шындықтың шынайы келбеті азайып барады. Мен соңы сөзге арқау етемін. Әрине, артық та кетермін, дегенмен турасын айту азаматтығым деп білемін. 
Адамның арсыздығы дүние кедейлігінен емес, оның ойы мен жанының жұтандығынан. Қандай жағдай болмасын арық сөйлеп, семіз шығуға тырысамын. Менің бар болмысым осы. Дегенмен, елдің берекесі мен ынтымағының берік болғанын қалаймын, әсіресе жас ұрпақтың білімді болуына үлкен мән берсек деймін. Себебі ХХІ ғасыр – білімдінің дәуірі.
– Өкінішіңіз бар ма? 
– Жоқ. Аллаға шүкір, елмен бірге есейіп, ұрпағыммен жасап келемін. 
– Ұзақ жасаңыз! Сұхбатыңызға рахмет.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
23 тамыз 2018 ж. 1 193 0