Абзал жандар – басылымның тұрақты қолдаушысы
Биыл 87 жыл қатарынан оқырманымен қауышып отырған аудандық «Тіршілік тынысы» газеті әрбір үйдің төрінен табылғанына дән ризамыз. Қоғамның айнасы, уақыттың куәсі бола білген басылымның көтерер жүгі ауыр. Халықтың ойы мен елдің үнін жеткізетін мінбердің құны қашанда жоғары. «Газет – бүгіннің шежіресі, ертеңнің тарихы» деп білетін медицина мамандары әрбір баспасөзге жазылу науқанында белсенділігімен көзге көрініп келеді.Жақында бас дәрігер лауазымына тағайындалған Жанар Жұмабаева бастаған аудандық аурухана ұжымы баспасөзге жазылу науқанында белгіленген межені орындап, басылым оқырмандарының санын арттырды. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен қызметкерлері 2026 жылға 409 дана «Тіршілік тынысы» газетіне жазылды. Облыстық «Сыр бойы» газетіне – 135, «Кызылординские вести» газетіне – 14, республикалық «Халық» газетіне 23 дана жазылғанын айта кетейік. Бірқатар республикалық басылымдарға жазылу аудандық аурухана ұжымы тарапынан біздің мекеме арқылы жүзеге асырылып отыр.
– Қай кезде де аудан медицинасының жағымды жаңалықтарын үздіксіз жариялап отырған аудандық газеттің оқырман санын арттыруға барымызды саламыз. Үнемі әріптестік байланыс орнап, ұжымның жұмысын жоғары бағалаймыз. Қалам ұстаған жан – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір десек, баспасөз – елдің тынысын аңғартып, қоғамды алға жетелейтін күш екенін жақсы білеміз. Жауапты маман Ұлжан Абдуллаеваның еңбегін ерекше бағалаған жөн. Тапсырылған жұмысты тиянақтылықпен орындап, жоспарға ерекше көңіл бөлді, – деді Жанар Әшімқызы.
Төл басылымға түгел жазылған ұжымның халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жобалары ауқымды. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыра отырып, аудан медицинасының өркендеуіне, ұлт саулығының сақталуына іргелі ұжым ұтымды қызмет атқара бермек.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ









