Үйіміздің төрінде – «Тіршілік тынысы»
«Тіршілік тынысы» газетінің әр нөмірін оқып отырып, басылымның аудан өмірімен біте қайнасып, елдің тыныс-тіршілігін оқырманға жеткізудегі өзіндік орны бар екеніне көз жеткіземіз. Осы орайда оқырман ретінде газет ұжымының еңбегін бағалауды жөн көрдім.Газет – халық пен қоғамды байланыстыратын маңызды құрал. Оның әр бетінде елдің жаңалығы, еңбек адамдарының жетістігі, ауылдың тыныс-тіршілігі, түрлі әлеуметтік мәселелер мен жақсы бастама көрініс табады. Бір қарағанда, дайын күйінде қолға тиетін газет нөмірінің ар жағында қаншама адамның еңбегі жатқанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Журналистің ізденісі, редактордың талабы, фотографтың еңбегі, беттеуші мен корректордың жауапкершілігі – барлығы бірігіп, оқырманға сапалы басылым ұсынады.
Осы еңбектің ішінде газет таратушылардың да орны ерекше. Таңертеңнен аудан елді мекендерін аралап, басылымды оқырманға дер кезінде жеткізетін газет таратушылардың еңбегі көзге көріне бермегенімен, аса маңызды. Себебі журналистің қаламынан шыққан дүние оқырман қолына жеткенде ғана өз міндетін толық атқарады. Сондықтан газет шығару мен оны халыққа жеткізу жолындағы әр қызметкердің еңбегін бағалауымыз қажет.
«Тіршілік тынысы» талай жылдан бері аудан жұртының рухани азығына айналып, елдің жақсы жаңалығын сүйіншілеп, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып келеді. Газеттің 9500-ші нөмірге жетуі – осындай ұзақ жылғы еңбектің айқын нәтижесі. Редакция ұжымының және осы басылымда әр жылдары еңбек еткен аға буын өкілдерінің, ардагер журналистердің, баспахана және техникалық қызметкерлердің, газет таратушылардың және тұрақты оқырмандардың ортақ жетістігі
Бүгін жарық көрген «Тіршілік тынысының» 9500-ші нөмірімен газет ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Мыңдаған нөмірдің әрқайсысы – аудан тарихының бір парағы.
Газет ұжымына шығармашылық ізденіс, қаламдарыңызға қуат, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Оқырманның ықыласына бөленіп, елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажы мен қуанышын бірге бөлісіп, әлі талай мыңыншы нөмірді жарыққа шығара беріңіздер!
Жақсылық БАЙМАНОВ,
медицина саласының ардагері,
газеттің тұрақты оқырманы











