Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пейіліңе қарай – пейішің

Пейіліңе қарай – пейішің

Ғайбат деген нәрсе бар. Адамның арасын бұзып, қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін, кісі мен кісінің арасына от салып, жүз көріспейтін деңгейге жеткізетін ауыр күнә бұл. Яғни өсек айту. Тіл шіркін жылдам ғой. Білмеген, көрмеген, куә болмаған істі көзбен көргендей сықпыртады кейде. «Басқа пәле – тілден» деп бекер айтпаса керек.

Тілшілік қызметті кәсіп еткен соң түрлі адамдармен сұхбаттасуға, танысуға мүмкіндіктер болып жатады. Әсіресе жеке кейіпкерді зерттеу барысында үлкен кісі болса, үйіне барып сөйлесіп, тілдесеміз. Алдын ала ақпарат жинау үшін жан-жағымыздан «танисың ба?» деп сұрап жататын кездер де болады. Сондай бір «іздеу салу» барысында жаңа кейіпкерім туралы бір кісіден кереғар пікірлі сөз естідім. Бұл – бұдан бес жыл бұрын болған оқиға. Расын айтқанда, әлгі кісіге баруға жүрегім шайлығып қалды. Бірақ бір адам «ой, қойшы соны» десе, үш адамнан «ол мықты кісі, білікті маман болған» деген оң пікірді естіп, бір жағы редакциялық тапсырмамен кейіпкерімнің үйін іздеп бардым. Сол кезде мен «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген сөздің мәнін тағы ұқтым.

Адамдар бір-біріне жүз пайыз ұнауға міндетті емес, олай болмайды да. Десе де қандай да бір ісімен, сөзімен сізге ұнамаған адамды басқалар да жек көруге міндетті емес. Мәселені екіжақты қарауға болар еді. Біреу сізге ісімен, сөзімен ұнамай қалды ма, оның айыбын ашып, жеке адам туралы өз пікіріңізді жария қылудың қажеті шамалы. Өз қарым-қатынасыңызға шектеу қойсаңыз немесе басқалай әрекет ету еркіңізде. Екінші жағынан сізге біреу бөтен адамды жамандады ма, одан сіздің жеке пікіріңіз өзгермеуі керек. «Адамның қандай екенін танығың келсе, сапарлас бол» дейді. Біреудің пікірі негізінде адам баласы туралы жаман ойлап, оны өзгелерге солай жеткізу – күнәлі іс. «Бір адамның көңілін қалдыру Қағбаны жыққанмен бірдей» деген сөз және бар.

Абай не дейді? «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды – әдеті надан адамның» деген. Яки «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның» деп бір түйеді. Надан деген – өте ауыр сөз, өсекшіл, ғайбатшыларға одан асырып не айтса керек?!

Бұл ретте асыл дініміз ғайбат айтуды өлген бауырының етін жеумен салыстырады. Жиіркенішті ме? Бірақ ғайбат айтқанда бұны ойламадыңыз ғой?! Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 12-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Көп жаман ойға салынудан аулақ болыңдар! Шын­дығында ойлардың кейбірі – күнә. Бір-біріңді аңдымаңдар және бір-бір­леріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулерің өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әрине, сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» деп мұсылмандардың бір-бірінің сыртынан ғайбат айтуына қатаң тыйым салған.

Адам – идеал емес. Яғни пенденің ешбірі мінсіз болмас. Бірақ айыбы бар болса, оны көпшілікке айту, жаюдың өзі үлкен күнә болып есептеледі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла да оның айыбын жасырады» деген. Әрине, айыпты жасыру – күнәні ақтау немесе оған жол беру емес. Себебі кейбір күнәні жасыру одан үлкен зұлымдыққа жол ашуы мүмкін. Бұл ретте біз мәселені басқа қырынан сөз етіп отырғандықтан, айыпты жеткізудің өзі әдепке сай, көңіл мен хал-жағдайды ескере отырып айтылуы тиіс.

Ғайбат – адамның сыртынан айтыл­ған сөздер. Кісінің өзіне елдің көзінше абыройын түсіру мақсатында айтса да, егер адамдардың айтқандары дұрыс болған күннің өзінде, ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәр­селер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә арқалайды. Ғайбатқа ең алдымен себепші болатын іс – күдікті ойлар. Жаман ой пайда болуымен қатар жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді. Сондықтан да Алла Тағала аятта алдымен жаман ойдан, кейін сыр тексеруден, одан кейін ғайбат айтуға тыйым салған. Кейбір ғалымдар жаман ойлауды ғайбаттың жасырын түрі деп атаған. Өзгені тілмен жамандау харам етілгеніндей, жүрекпен де жаман ойлауға болмайды. Бір айта кетерлігі, «ғайбаттаған адам өкініп тәубе етіп, ғайбаттаған кісісінің разылығын алмай, кешірілмейді» делінеді.

«Құлақтан кірген суық сөз көңілге барып мұз болар» демекші, біреудің сыртынан яки жалған айтылған сөздер жүрекке жара салып, өшпенділіктің тууына жол ашады. Сондықтан нақты ақпаратқа көз жеткізбей, біреудің сыртынан «өсектің қазанын қайнатуға» жол жоқ. Оның үстіне дәл қазір қасиетті Рамазан айында бұндай әрекеттерден аулақ болып, бойды тазарту құп. Ораза – тек тамақтан тыйылу айы емес. Ғайбат сөзді бар ықыласымен құлақ түріп, ынта қоя тыңдаған адам да ғайбаттаушымен тең. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тыңдаған адам да – ғайбаттаушылардың бірі» деген.

Бұл ретте білім иелері ең алдымен миды жаман ойдан, жүректі нашар пиғыл мен пейілден сақтауды ескертеді. Түптеп келгенде, пейілдің пейішке айналары рас.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

17 наурыз 2026 ж. 176 0